Оқиға • 07 Қыркүйек, 2020

Барлық шешім халық қажеттілігінен туындайды

313 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының (ҚҚДИ) сарапшылары Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауындағы негізгі бағыттардың қоғамның дамуы мен сананың жаңғыруына қалай әсер ететіндігі жөнінде пікірлерін білдірді.

Барлық шешім халық қажеттілігінен туындайды

«Рухани жаңғыру» ҚҚДИ бас­қар­масының төрағасы Данияр Есин­нің пікірінше, Жолдау мемле­кеттік басқару жүйесіндегі жаңа ше­шімдердің катализаторы болуы тиіс. Биыл көптеген бағыттар­дағы құндылықтар қайта қарас­тырылған жыл болды. Халыққа арнаған Жолдауында Мемлекет бас­шысы дағдарыстан шығу шарала­рына, мемлекеттік аппарат жүйесін жетілдіруге және қазақстан­дық­тардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше назар аударған.

«Басты назар аударатын нәрсе – барша азаматтардың белсенділігі мен санамыздың жаңғыруын қамтамасыз ету. Барлық шешімдер халықтың қажеттілігінен туындап отыр. Атап айтқанда, шағын және орта бизнесті қолдау, аймақтарды дамыту, баспана мәселесі сынды әлеуметтік көмек, отбасылық-демографиялық жағ­дайды жақсарту, білім деңгейін көте­ру, экологиялық сауаттылықты арттыру келелі мәселелердің барлығы қам­тылған. Осылардың бәрінен аза­маттық қоғам мен мемлекет арасын­дағы байланыстың күшейіп келе жат­қанын көруге болады. Сондықтан бұлардың барлығын бірлесе отырып шешуіміз керек», деді Д.Есин.

Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы жылдардағы мемлекеттік дамуының негізгі мақсаттарын айтып өтті. «Рухани жаңғыру» ҚҚДИ Қоғамдық процестерді зерттеу орталығының же­текшісі Гауһар Мысаеваның пікір­інше, Жолдау азаматтардың барлық сындарлы мәселелеріне дер кезінде назар аударатын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясының негізінде құрылды.

«Жолдау барлық саланы қам­тыған әрі тереңдете түсіндіріліп, нақты қадамдары көрсетілген. Қазақ­стандық қоғамның эволюциялық өзгеру бағыты, коронакризис­тен құтқару жолдары, ғаламдық тренд­тердің ақ-қарасын ажырату мәсе­лелері дұрыс көтерілген. Жалпы, Жолдау «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жалғасы ретінде қоғамның түйткілді мәселелерін шешуге түрткі болуы тиіс», деді Г.Мысаева.

Сарапшылардың пікірінше, барлық азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жаңа экономикалық бағытқа да ерекше назар аударған жөн. Ол 7 қағидадан тұрады: игіліктер мен міндеттемелерді әділетті бөлу, шағын және орта бизнесті қолдау, әділ бәсекелестік, экономиканың технологиялығы, адам капиталының дамуы, жасыл экономика, мемлекеттік шешімдердің дәлелділігі және қоғам алдындағы жауапкершілік. Жолдауға үн қосқан «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Аян Сакошев Президенттің тапсырмалары тез әрі нақты шешімдерді қажет ететінін айтты.

«Коронавирустан кейінгі дағ­дарыс бүгінде қоғамның қай саласында болмасын жаңа өзгерістерді қажет ететінін көрсетіп жатыр. Бұл мемлекеттік басқаруға да қатыс­­ты. Сондықтан Мемлекет бас­шы­сы­нан қоғамды алаңдатқан бар­лық сауалдарға жауап алып, нақ­ты шешім жолдарын білдік. Сон­дай-ақ әлеуметтік маңызды салаларды қолдау жұмыстары одан әрі жалға­са­­тын­дығы да қуантады», деді А.Сакошев.

Жолдауда қоғамдық келісім мен халықтың әлеуметтік жағдайына да ерекше көңіл бөлінген. Олардың арасында азаматтық қоғамның 2025 жылға дейінгі даму концепциясын жасау мәселесі бар. Естеріңізге сала кетейік, Президент еліміздегі әр алтыншы отбасының балаға зар болып жүргенін айтып, ажырасулардың 20 пайызға жуығы соның кесірінен болатынын атап өтті.

«Отбасылық саясат тұрғысынан алғанда бірінші кезекте отбасылық-демографиялық жағдайды көтеру мәселесін қолдаймын. Осыған орай «Аңсаған сәби» бағдарламасы еліміздегі балаға зәру отбасыларға үлкен көмек болады деп сенемін», деді осы орайда «Рухани жаңғыру» ҚҚДИ Отбасылық институтты зерттеу орталығының жетекшісі Әйгерім Әшімова.