Мемлекет басшысы «ҚазАгро» мен «Бәйтерек» холдингтері біріктірілетінін, сондай-ақ квазимемлекеттік компаниялардың саны қысқартылатынын жеткізді. Сонымен қатар шенеуніктердің шетелдік банктерде жатқан қаражатына байланысты жаңа шектеулерді енгізу ұсынылып, сырттағы ақшаны ел экономикасына жұмсау жолдары қарастырылғаны қуантады. Өйткені бұл қаражат арқылы отандық шағын және орта бизнестің әлеуетін арттыруға жол ашылар еді.
Мемлекеттік қызметшінің немесе квазимемлекеттік мекеме басшысының қос азаматтығы анықталған жағдайда олар қызметінен босатылатынын нақтылады. Ауыл шаруашылығына арналған жер телімдерін тиімді пайдалану бойынша Ұлттық экономика министрлігі мен салаға жауапты ведомство кешенді жұмыс атқару қажет. Бұл мәселеге Қасым-Жомарт Тоқаев та ұдайы көңіл аударып келеді.
Президент экология мәселесіне де ерекше тоқталып, «жасыл» экономиканы дамыту бойынша нақты қадамдарды айтты. Бұл біздің экологиялық қауымдастығымыздың бағыты. Алдағы уақытта жасылдар партиясы құрылса, осы бағытта жұмыс істеуге дайынбыз. Айталық Қазақстанда тұрмыстық, өндірістік және басқа да қалдық түрлерін өңдейтін кәсіпорындардың санын арттыруымыз қажет. Сол секілді елімізде жаңғырмалы энергия көздері, атап айтқанда, жел мен күннен өндірілетін энергияның көлемін арттыруға толық мүмкіндік бар. Бұл өндірілген қуатты экономиканы өркендету үшін тиімді пайдалана білу керек. «Жасыл» экономиканың тұжырымдасы осында жатыр.
Жолдауда айтылғандай, квазимемлекеттік ұйымдардың санын 10%-ға қысқарту уақтылы шешім деп ойлаймын. Себебі қажетсіз артық жұмыс орындарын ашып, мемлекеттік қаражатты жөн-жосықсыз пайдаланып жатыр. Осы ретте квазимемлекеттік секторға жұмсалатын ақшаны экономиканың қажетті салаларына аударған әлдеқайда тиімді болады деген сенімдемін.
Азаматхан ӘМІРТАЙ,
«Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсының төрағасы