«Алатау» инновациялық технопаркінде «Жастар Innovation-2013» деген тақырыпта алматылық жастардың инновациялық жобалары қала әкімі Ахметжан Есімовке көрсетілді.
Қалалық әкімдік жанындағы Жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген бұл шараға өнертапқыш жастардың ойлап тапқан инновациялық 5 жобасы ұсынылып отыр.
«Алатау» инновациялық технопаркінде «Жастар Innovation-2013» деген тақырыпта алматылық жастардың инновациялық жобалары қала әкімі Ахметжан Есімовке көрсетілді.
Қалалық әкімдік жанындағы Жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген бұл шараға өнертапқыш жастардың ойлап тапқан инновациялық 5 жобасы ұсынылып отыр.
Жас инноваторлардың ұсынған жобалары қазіргі таңда сұранысқа ие боларлықтай сипатымен көпшіліктің көңілінен шыға білді. Әсіресе, қала жағдайына ыңғайлы бейнебақылау құрылғысы орнатылған ұшқышсыз басқарылатын тікұшақ, аялдамаларға орнатылатын электронды жедел анықтамалық, электр қуатын үнемді тұтынатын шам тәрізді аса пайдалы инновациялық жобалар қала әкімі тарапынан қолдау тауып, келешекте қолданысқа енгізілетін болады.
Ұшқышсыз басқарылатын тікұшақ жобасы көшелердегі көлік кептелісін, оқыс оқиғалар мен өрт, заңсыз құрылыс жұмыстары, қала аумағын картаға түсіру секілді жұмыстарға таптырмайтын құрал ретінде әрі қазынадан көп қаражат та жұмсалмайтындығымен ерекшеленеді. Ал электронды тегін анықтамалық Алматы қаласының қонақтары үшін өте қажет жоба. Аялдамаларда орнатылып жатқан ақылы төлем құрылғыларына орнатылатын тегін анықтама беру бағдарламасы да көптің игілігіне асары сөзсіз.
– Біздің қала үшін инновациялық дамудың дұрыс жолға қойылғаны аса маңызды. Ең бастысы санға емес, сапаға көңіл бөлуіміз керек. Біз осындай инновациялық жаңалықтарды өнеркәсіпке енгізуге көп күш салатын боламыз, – деді қала әкімі жастардың ұсынған жобаларымен танысқаннан кейін.
Қала басшысы инновациялық даму барысын айта келіп, Алматы қаласы мен облысы туристік кластерді дамытуға мүмкіндігі мол екенін және Елбасының тапсырмасына орай жыл бойына келушілерді қабылдайтын «Көкжайлау» шаңғы кешенін, туристер демалатын шипажай мен табиғи демалыс саябағының жобасы жоспарланып жатқанын тілге тиек етті. Мұнан өзге А.Есімов қала экологиясын жақсарту мақсатында көпшілікке арналған көлік құралдары түгелдей газға көшетінін, сондай-ақ, метроның екі бекетін тезірек іске қосу мен жеңіл рельсті көлік қатынасын жолға қою жұмыстарының да жүргізіліп отырғанын айтты.
Сонымен қатар, әкімнің айтуынша, Алатау ауданында индустриялық аймақ құру міндеті тұр. Келешекте онда 20 мың адам жұмыспен қамтылады.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.