Экономика • 08 Қыркүйек, 2020

Тұлпардан талпақ танау артық туған...

599 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономиканы құру мүмкін емес». Таяуда Қазақстан халқына арнаған Жолдауында осылай деген Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев отандық агроөнеркәсіптік кешенді дамыту үшін ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен толық қамтамасыз етуге, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын екі есе көбейтуге басымдық беру қажеттігін айтты. Жасыратыны жоқ, бұл салада шешімін таппаған қордаланған проблема жетерлік. Әсіресе мал шаруашылығына арналған субсидия мәселесі өзекті.

Тұлпардан талпақ танау артық туған...

 

Қоғамның ашуын тудырған субсидия

Қазақ халқы үшін жылқының орны бөлек. Жылқы – малдың төресі. Жуырда бір әріптесіміз жылқыға қарағанда шошқа өсіруге бөлінетін субсидияның әлдеқайда көп екенін айтты. Бұл деректер қоғамда әжептәуір резонанс тудырды. Артынша, салалық ведомствоның өкілдері бұған ресми жауап беріп, нақты сан­дарды алға тартты. Әрине жур­налистің пікірі мен жауапты министрлік келтірген дерек пен дәйек әртүрлі. Ресми мәлі­мет­терге кейінірек тоқталамыз, ал­ды­мен қоғам өкілдерінің осы­ған қатысты ой-пікірлерін сабақ­тасақ.

Қоғам белсенділерінің пікірі сала­лық органның жұ­мы­сы кейбір жағ­дайда жабық ұйымның қызметін елестетіп, белгілі бір мәселеде ше­­неуніктерден жауап алу қиынға соға­ды дегенге саяды.

«Ауыл шаруашылығы министрлігінің жұмысы түсініксіз. Қордаланған проблемаларды шешудің орнына шошқа шаруашылығына субсидияны көбейтуде Осының салдарынан шаруалар шығынға батады. Мардымды жауапты алу мүмкін емес», деген пікірлер әлеуметтік желіде сап түзеп тұр.

 

Талпақ танаудың экспортына кімдер мүдделі?

«Байтақ болашақ» эколо­гия­лық альян­сының төрағасы Аза­матхан Әмір­тайдың айтуынша, жылқы және қой шаруашылығы сынды ата кәсіпті жолға қоя алмай жатқанда талпақ танауды өсіруге субсидияны көбейту қисынға келмейді. Қоғамдық ұйымның басшысы бұл бағыттың артуына мүдделі топтың ықпал етіп отырғанына сенімді.

«Ауылдағы халықтың 90%-ы қой шаруашылығымен айналысады. Ұсақ малдың етін өңдеп, оны экспортқа шығару оңай шаруа емес. Оған көп қаражат керек. Қой шаруашылығының машақаты көп. Субсидияны осы бағытқа көбейту қажет. Бұл ата-бабамыздан келе жатқан кәсіп. Мысалы, Батыс Қазақстан өңірінде 5,5 мың тонна қой етін өңдеуге қауқарлы зауыт салынған еді.

Бүгінде осы кәсіпорынның өндірісін ілгерілету үшін ұсақ мал жетіспейді. Өйткені ауылды жерлерде малдың осы түріне берілетін субсидияның көлемі аз болғандықтан оны өсіруге халықтың ынтасы жоқ. Неге екені түсініксіз, Ауыл шаруашылығы министрлігі шошқа шаруашылығына жақын болып тұр. Осыған байланысты лоббидің бар-жоғына тоқталсақ, тиісті салада шошқа малы етінің экспортымен айналысатын белгілі бір топтар бар. Әрине, олар осы бағытты қолдайды. Себебі мәдениеттері аталған малға жақын», деді А.Әміртай.

1

 

 Өсім 1,8%-ға жетті

Бұл ретте Ауыл шаруашылығы министр­лігіне арнайы сауал­хат жолдап, осы мәселеге қатыс­ты деректерге қанық­тық. Ведом­ствоның ақпаратына жүгінсек, «Агроөнеркәсіптік кешенді жә­не ауылдық аумақтарды дамы­ту­ды мемлекеттік реттеу туралы» заңға сәйкес, Ауыл шаруа­шы­лығы министр­лігі нормативтік-құқықтық актілер арқылы субсидиялау саясатын ай­қындайтын орган саналады. Осылайша, мал шаруа­шылығын дамытуды субсидия­лау Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 15 нау­рыздағы №108 бұй­ры­ғымен бекітілген «Асыл тұқымды мал ша­руашылығын дамытуды, мал шаруа­шылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидия­лау қағидалары» аясында тиісті қаражат бір жылға арналған жер­гілікті бюджетте көзделген қара­жат есебінен (сондай-ақ аталған қара­жат шегінде) жүзеге асырылса керек.

«Мәселен, мал шаруашылығы бойынша бюджеттік субсидияларды болжауды, бөлуді және төлеуді жергілікті атқарушы органдар іске асырады», делінген ресми жауапта.

Ұлттық экономика министрлігі Ста­тистика комитетінің ресми мәлімет­теріне сенсек, 2019 жылы республикада тұтастай 798 мың бас шошқа тіркелген. Биыл бұл көрсеткіш 813 мыңға жетіп отыр. Демек, былтырғымен салыс­тыр­ғанда өсім 1,8% деңгейінде бай­қалды. Аталған кәсіп түрі Ақмола, Алматы, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, сол секілді Шығыс Қазақстан облыстарында кеңінен тараған.

 

Түйе мен жылқыға бірдей

Субсидия мәселесі қоғамда жә­не әлеуметтік желілерде кеңінен тал­қы­ланып жат­қан­дықтан елімізде мал шаруа­шы­лығына қандай субсидиялар қарастырылғанын, оның ішін­де жылқы, сондай-ақ басқа да түлік түрлеріне бел­гіленген мемле­кет­тік қаржылай қолдауды нақтылап білгенді жөн көрдік.

Құзырлы органның мәлі­мет­тері­не сәйкес, ірі қара малдың асыл тұқым­ды аналық басына 15 мың теңге қарас­тырылған. Етті және етті-сүтті асыл тұқым­ды бұқаны күтіп-бағуға 100 мың теңге белгіленсе, ТМД, Аус­тра­лия, АҚШ, Солтүстік және Оңтүс­тік Америка, Еуропа елдері­нен импортталған ірі қараға 225-300 мың теңге көлемінде субсидия төленеді.

Етті құс шаруашылығы бойынша асыл тұқымды тәуліктік балапан сатып алуға 600 теңге және жұмыртқалы құс шаруашылығы бағытында тәуліктік балапан сатып алуға 60 теңге беріледі.

Ата кәсіп, атап айтқанда қой шаруа­шы­лығына тоқталсақ, асыл тұқымды аналық басына 4 мың теңге субсидия белгіленген. Асыл тұқымды қошқарды күтіп-ұс­тауға 10 мың теңге төленеді. Шет елден сатып алынған асыл тұ­қым­ды қошқарға 150 мың теңге қарас­тырылып отыр.

Жылқы және түйе шаруа­шы­лығында жағдай ұқсас десек те бо­лады. Айталық, сатып алынған асыл тұқымды айғырға 100 мың тең­ге көлеміндегі қаржылай қол­дау беру айқындалған. Түйеге бері­летін соманың мөлшері де дәл сондай.

Дауға айналған «талпақ танау­ға» келсек, оның асыл тұ­қымды түріне 140 мың теңге төленетіні рас. Ал оның селек­ция­лық және асыл тұқымды жұмыс­тарын жүр­гізуге 40 мың теңге беріледі.

 

Асылдандыруға қаражат бөлінбейді

Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылым академиясының академигі Нәбидолла Кикебаевтың айтуынша, жылқы шаруа­шы­лығының шатқаяқтауына негізгі себеп – асылдандыру жұмыстарының жоқ­тығы. Селекциялық бағытты арттыру үшін кәсіби мамандарды тарту қажет дейді сарапшы. Жылқыға бөлі­нетін субсидияның көлемі мардымсыз болғандықтан ғалымдардың да аталған салаға тартылуы төмен.

«Еліміздегі ғалымдардың басын қосып, селекциялық орталық ашу қажет. Экспортқа бағытталған асыл тұқымды жылқыларға басымдық беріліп, жем-шөп пен күтіп-бағуға емес, нақты асылдандыру жұмыстарын жүргізуге қаражаттың бөлінуін міндеттеп қою керек. Қазір бұрынғы жыл­қы зауыттары атқарған жұмыс­тарының ырғағымен келе жатырмыз. 30 жылда бірде-бір нақты жұ­мыс атқарылған жоқ. Өйткені бар­лығы жекеменшікке өтіп, олар қолдаусыз қалды. Мысалы, бұрын жылқы зауыттарында ға­лымдар жұмыс істейтін. Олар­­дың алдына үлкен міндет қойы­­латын. Оның нәтижесі көп күт­тір­мейтін. Бүгінде селек­цио­нер ға­лымдардың алды зейнет жасында. Енді олардың ісін жалғастыратын жастар аз. Жоғары оқу орнын аяқта­ған мамандардың өзі бұл салаға көп беттей бермейді. Осы са­бақ­тас­тық­тың арасы үзіліп қалса, он жыл­дан кейін жағдайымыз мүшкіл болатыны күмәнсіз», деді Н.Ки­кебаев.

Демек, мал шаруашылығы бағытында субсидия бөлу тәртібі тепе-тең дәрежеде сақталмайды. Мұн­дай теңсіздіктен кейін жыл­қыны өсіру ісі қайдан дамысын?!

«Субсидияны бөлген кезде, шошқа шаруашылығына ана­лық басына, асылдандыру жұмыстарына белгілі бір сома төленеді. Жылқыға кел­ген­де, мұндай ақша қарас­ты­­рыл­майды. Егер де жылқы шаруа­шы­лы­ғындағы селек­ция­лық жұмыстарға субсидия беру пәрмені шық­са, ғалымдар бұл сала­ға келе бастайды. Шаруа қожа­лықтарындағы жұмыс жан­да­нады. Сөйтіп ға­лымдар да кө­бейеді, жастардың да қызығу­шылығы оянады. Бас­қа амал жоқ. Неге десеңіз, бұрын­ғыдай сала­лық институттар жоқ. Бір-екі жоғары оқу орнында дәріс­тер оқытылып, сонымен шекте­леді», деді ғалым.

Ресейдің Қазақстандағы Сау­да өкілдігінің мәліметіне сәйкес, көршілес мемлекеттен елімізге жыл сайын 200 тоннадан астам жыл­қы малы және оның еті экспортталады. Бұл саладағы тағы бір проблеманың бетін ашып отыр. Тізбектей берсек, мал ша­руа­­шылығы бағытында кезек күт­тір­мейтін мәселе аз
емес.

 

P.S. Жылқыны алғаш қолға үйреткен қауымның өкілі болсақ та тұлпардан торай озған заманда өмір сүріп жатырмыз. Шындығы осы. Сақара сәйгүлігінің даланы «талпақ танаумен» бөлісуге мәжбүр екені төрт түліктен бас­қаны мал деп білмейтін қазақ­ты қынжылтатыны даусыз. Сон­дықтан ата кәсіп қолдауды ауадай қажет етеді.