Экономика • 08 Қыркүйек, 2020

Foodservice нарығынан кеткендер көбейді

169 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әлемдік экономика үшін биыл күтпеген соққылар көп болды. Пандемияның салдары бизнестің көптеген маңызды салаларын есеңгіреткені анық. Әрине, бұл Қазақстанға да қатысты. Жуырда ABR мейрамханалар желісінің негізін қалаушы Асқар Байтасов Forbes.kz-ке берген сұхбатында қоғамдық тамақтану нарығындағы белді ойыншылардың қатары әлдеқайда азаятынын айтты.

Foodservice нарығынан кеткендер көбейді

– Біздің саладағы жағдай өте күрделі. Екі айдан астам уақыт қатаң карантинде болды. Кейін карантин шаралары біраз жеңілдетілгенімен, шектеу шаралары бәрібір жалғасты. Бірінші кезекте қоғамдық тамақтану орындарына келуші адамдардың саны шектелгені және жұмыс уақытының қысқарғаны қатты соққы болды. Бұл бизнестің экономикалық жағынан тиімді жұмыс істеуіне кері әсер етті, – дейді бизнесмен.

Үлкен мейрамханаларға 300-400 адамға дейін сыятыны белгілі. Ал карантин талаптары бойынша жазғы террасаларға 30 адамнан артық кіре алмайды. Яғни ірі қоғамдық тамақтану орындарына келушілердің қатары 10 есе азайды деген сөз. Пабтар мен барлар үшін жұмыс уақытының 2-3 сағатқа қысқарғанының өзі табыс көлемінің айтарлықтай азаюына әкелді. 

– Коронавирустың тағы бір толқыны бола қалса, онда тағы да орын санын шектеу талабы енгізілетін шығар. Жазда адамдарды террасаға отырғызуға болады, ал суық түскен соң жабық ғимараттарға талапқа сай жайғастыру қиынға соғады. 30-50 адамдық орынмен жұмыс істеу тиімділікті төмендетеді, біз «минусқа» кетеміз, – дейді кәсіпкер.

Тағы бір айта кетерлігі, қоғамдық азық-түлік нысандарының басым көпшілігі ғимаратты жалға алып отыр. Бұған дейін жалға берушілер бірқатар жеңілдіктер жасады. Бірақ бұлай жалғаса бермеуі мүмкін, себебі жалға берушілердің де негізгі табыс көзі осы. Кәсіпкерлердің көпшілігінің банктердің алдында берешегі бар.  Салықты төлеу мерзімі шегерілгенімен, рестораторлар үшін ол оншалықты үлкен көмек деуге болмайды. Сол себепті жыл басынан бері республика бойынша foodservice нарығының ауқымы 15-20 пайызға дейін азайып кетті. Қысқа салым локдаун жалғасса, нарықтағы ойыншылардың үштен бірінің бизнесі жабылып қалуы әбден мүмкін. Бұл foodservice саласындағы кәсіпкерлердің ғана емес, сондай нысандарда жұмыс істеп жүрген ондаған мың адамның табысы азаяды деген сөз.

Дегенмен Асқар Байтасов қалып­тасқан жағдайды өзінің нысандарын заманауи трендтерге бейімдеуге пайдаланған кәсіпкерлер де аз емес екенін айтты. Компаниялар бірқатар цифрлы өнімдерін, бірінші кезекте азық-түлікті апарып беру желісін құруды қолға алған. Пандемияға дейін ABR сияқты компаниялар онлайн сервисін дамытуды 2-3 жылға жоспарлаған екен. Локдаун басталған кезде цифрландыру процесін тездетіп жүзеге асыруға тура келген. Сөйтіп аз уақыт ішінде онлайн жеткізу қызметі осы тектес компаниялардың басым саласына айналып шыға келді.

Наурыз айында басталған ка­рантин шаралары жаз ортасын­да жеңілдетілгенімен, тамыз айы­ның басында қайта күшей­тіл­гені мәлім. 17 тамызға дейін созыл­ған шектеулердің біразы қазір де жалғасуда. Дәмханалар мен мейрам­ханаларға, басқа да нысан­дарға ашық аспан астында немесе жа­бық жерде 30 адамға дейін жұ­мыс істеуге рұқсат берілген. Жаз­дық орындарда келушілер санына шектеу қойылмайды. Алайда әлеу­меттік қашықтықты сақтау талабы ескерілуге тиіс. Қоғамдық тамақтану орындарында әлеуметтік қашықтық  әр үстелдің арасында 2 метрден кем болмауға тиіс. Ал орындықтардың арасы 60 сантиметрден жақын болмауы керек.

Жалпы, foodservice пандемияға дейін елімізде ең қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі болғанын айта кету керек. Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Қарағанды, Ақтөбе сынды халқы көп шаһарларда қоғамдық тамақтану орындарының саны 2019 жылдың қаңтар айымен салыстырғанда биылғы қаңтар айында 18 пайызға жуық көбейіп, 10 мыңға жуықтағанын айтсақ та жеткілікті. Әсіресе Алматы қаласындағы өсім 20 пайызға жуықтап, республика бойынша алдыңғы орынға шықты.

Жоғарыда айтылған ең ірі 5 қаладағы фреш-бар, шағын кофехана, сусын сататын автоматы бар нысандардың жалпы саны 4 мың 397-ден асады. Ең жылдам көбейіп келе жатқан нысандардың қатарында суши, кондитерлік орындар, пиццериялар бар. Олардың қатары жыл сайын шамамен 39 пайызға дейін көбейеді.