Жасыл құрлықтағы жарысты тамашалаған қазақстандық жанкүйерлердің біраз күн бойы көңілдері жабырқаулы болды. Себебі 12 тәулік бойы қоржынымызға бірде-бір жүлде түскен жоқ. Мақтаулы спортшыларымыздың дені қалың топтың арасында қалып қойды. Олардың арасында триатлоншы Дмитрий Гааг, нысана көздеуші Владимир Вохмянин мен Ольга Довгун, стенд атушы Сергей Якшин, ауыр атлеттер Анатолий Храпатый мен Сергей Филимонов және Татьяна Хромова, гимнасшы Сергей Федорченко, сырықпен секіруші Игорь Потапович және тағы басқа талай дүрмекті көрген дүлдүлдер бар. Ол аз десеңіз, құрамында Юрий Мельниченко, Мхкитар Манукян, Бақтияр Байсейітов сынды Олимпиада және әлем чемпиондары бар грек-рим күресі шеберлері жалқы жүлдеге де иелік ете алмай, өз жанкүйерлерін жерге қаратты. Дзюдошылардың барлығы да тегістей ұтылып, көңілімізді одан сайын құлазытты. Расында да, жоғарыда есімдері аталған саңлақтардың Сиднейге жүлде алатынына күмәнданғандар кемде-кем еді. Бірақ олар оза шаба алмады.
Жарыстың 13-ші күні медальдың сыңғырын естідік-ау, әйтеуір. Бір емес, екі рет. Алғашында Александр Винокуровтың күміс медальды иеленгені жайында құлағдар болдық. 239 шақырымға созылған топтық жарыста ол неміс велошабандозы Ян Ульрихті ғана алға жіберді. Арада бірер сағат өткен соң Ольга Шишигинаның шашасына шаң жұқтырмағанын естіп, одан әрі шаттандық. 100 метрге кедергілер арқылы жүгірген алматылық арудың бұл жеңісін жанкүйерлер ерлікпен пара-пар деп бағалады. Өзгелерді айтпағанда, майталман мамандардың өздері «Америка мен Африканың желмен жарысқан желаяқтары тұрғанда, қазақстандық жеңіл атлеттің жеңіс тұғырына көтерілуі неғайбыл», деп жорамалдады. Бірақ Ольга өзіне сенімді болды. Сол сенім көздеген мұратына жеткізді. Аустралияда Шишигина өзінің асқан шеберлігінің арқасында алтыннан алқа тақса, нигериялық Глория Алози мен америкалық Мелисса Моррисон сынды әйгілі спортшылар күміс пен қоланы қанағат тұтты. Осы орайда, Сиднейдегі доданың басты фавориті Гейл Диверстің жартылай финалда жарақат алып, жарыс жолынан шығып қалғанын айта кетуге тиіспіз. Әйтпегенде Олимпиаданың үш, әлем чемпионатының бес дүркін жеңімпазы атанған АҚШ спортшысымен үзеңгі қағыстыру ешкімге де оңайға соқпайтыны анық еді.
Еркін күрес шеберлері сайысында Ислам Байрамуков өз жанкүйерлерін қуантты. Бұған дейін құрлықтық және халықаралық деңгейдегі жарыстарда жүлде алумен шектеліп жүрген отандасымыз бұл жолы өзін тамаша қырынан көрсетті. 97 кило салмақта белдескен ол ақтық сынға дейін алқынбай жетіп, финалда ресейлік Сагит Мұртазалиевке есе жіберді. Нәтижесінде Ислам күміс медальды мойнына ілді.
Боксшылар бәсекесінде қазақтың гүрзі жұдырықты жігіттері өздерінің мықтылығын мойындатты. Сиднейге сапар шеккен жеті былғары қолғап шеберінің төртеуі жеңіс тұғырына көтерілді. 20 жастағы Бекзат Саттарханов 57 кило салмақ дәрежесінде дара шығып, осы спорт түрін серік еткен қандастарымыздың арасында тұңғыш Олимпиада чемпионы ретінде өз есімін шежіреге алтын әріптермен жазды. Ширек финалда оның Барселона Олимпиадасы мен әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, Еуропаның үш дүркін чемпионы, түркиялық Рамаз Палианиді және финалда 1999 жылғы дүниежүзілік доданың жеңімпазы америкалық Рикардо Хуаресті жеңгенін жұрт әлі күнге дейін жыр қылып айтып жүр.
Арада бір-екі сағат өткеннен кейін Ермахан Ыбырайымовтың жанқиярлығына ерекше риза болдық. 71 кило салмақта күш сынасқан шойын жұдырықты жігіт бастапқы бәсекелерде екі қарсыласын сұлатып салса, жартылай финалда Олимпиаданың екі дүркін қола жүлдегері, төрт дүркін әлем чемпионы, кубалық Хуан Эрнандестің осал тұсын тапты. Жартылай финалда келешекте кәсіпқой бокстың шоқжұлдызына айналған АҚШ-тың дүлдүлі Джермен Тэйлорды тізе бүктірді. Оны да Ермахан ұрып жықты. Финалда Атланта Олимпиадасында үшінші орынға табан тіреп, 1999 жылғы әлемдік додада қарсылас шақ келтірмеген румыниялық Мариан Симонды сан соқтырған Ыбырайымов «мәңгі тозбас» атаққа қол жеткізді.
Болат Жұмаділов пен Мұхтархан Ділдәбеков күміс медаль иеленді. 51 кило салмақтағы Болат тактикалық та, техникалық та тұрғыдан өте сауатты өнер көрсетіп, небір ығай мен сығайды жолынан ығыстырды. Бірақ финалда таиландтық Вижан Понлидке әлі жетпеді. Осылайша, Болат қатарынан екінші мәрте Олимпиаданың күміс жүлдегері атанды. Аса ауыр салмақта жұдырықтасқан Мұхтарханның жолы ширек финалда Куба қабыланы Алексис Рубалкабамен қиысқанда, оның бағы жанатынына көпшілік аса сеніңкіремеді. Бұл қауіп негізсіз емес еді. Бойы 204 сантиметр, салмағы 130 кило шамасындағы алыпқа қарсы тұру кімге болса да оңай емес қой. Оның үстіне соның алдында ғана Рубалкаба Германияның өкілі Женгиз Кочты ұрып жығып, ауыр нокаутқа жібергені бар. Есінен танған боксшыны дәрігерлер зембілге жатқызып, сол жерден ауруханаға алып кетті.
Бірақ қазақтың қайсар ұлы Бостандық аралы өкілінен еш қаймыққан жоқ. Керісінше, оны ауыр соққының астына алып, күмәнсіз жеңіске жетті. Жартылай финалда өзбекстандық Рустам Сайдовты сан соқтырған Мұхтархан финалда Ұлыбританияның алыбы Одли Харрисонға жол берді.
Айтулы жарысқа қатысқан қалған боксшыларымыздың да жеңіс тұғырына көтерілуіне тамаша мүмкіндіктері болды. Үшеуі де ширек финалға дейін жетті. Сол межеде Нұржан Кәрімжанов (60 кило) пен Данияр Мұңайтпасов (67 кило) Украина өкілдерінен ұтылды. Олжас Оразалинов (81 кило) Өзбекстанның мықтысы Сергей Михайловқа есе жіберді.
Сөз орайы келгенде, жасыл құрлықтағы жарыста дзюдо күресін серік еткен жерлестеріміз тегістей ұтылып жатқанда, қандасымыз Айдын Смағұловтың қола медальды қанжығасына байлағанын айта кетуге тиіспіз. Бірақ бұл жүлде қазақтың емес, қырғыздардың еншісіне жазылды. Себебі біздің елдің бапкерлері аса жеңіл салмақта белдесіп жүрген Смағұловты дүбірлі дода қарсаңында ұлттық команда сапына қоспады. Содан ол ойлана-толғана келе, төрт жылда бір рет қана келетін мүмкіндікті қалт жібермейін деп, Қырғызстанның туы астында өнер көрсетуге бел буды. Нәтижесінде Айдын Аустралияда атой салып, үздіктер қатарына қосылды.
Міне, Сидней Олимпиадасы осындай әсерлі оқиғаларымен қазақстандық жанкүйерлердің жадында сақталып қалды. 3 алтын және 4 күміс медальды олжалаған отандастарымыз жалпыкомандалық есепте 22-орынды иеленді.
Бейресми командалық сайыста АҚШ спортшылары алдарына жан салмады. Америкалықтар 37 алтын, 27 күміс және 32 қола медальды олжалады. Екінші орында – Ресей. Олар 32 алтын, 28 күміс және 29 қолаға қол созды. Үшінші сатыға Қытай жайғасты. Қытай елінің өкілдері 28 алтын, 16 күміс және 14 қоланы еншіледі. Сондай-ақ «ТОП-10» команда санатына Аустралия (16+25+17), Германия (13+17+26), Франция (13+14+11), Италия (13+8+13), Нидерланд (12+9+4), Куба (11+11+7) және Ұлыбритания (11+10+7) құрамалары енді. Сидней төрінде 52 елдің әнұраны шырқалып, 80 мемлекеттің туы желбіреді.
Жекелеген спортшылар жайында айтар болсақ, олардың арасында асқан шеберлігімен оқшауланғандар аз болған жоқ. Мәселен, жүзуде Ян Торптың шоқтығы биік болды. 18 жастағы Аустралияның өкілі үш алтын және екі күміс медальды олжалады. Кезінде ата-анасымен бірге Украинадан Америкаға қоныс аударған Ленни Крайзельбург үш қашықтықта теңдессіз деп танылды. Әйелдер сайысында нидерландтық Инге де Брюи өзінің мықтылығын мойындатты. 17 жастағы ару үш рет алдына жан салмай, бір рет екінші орынды иеленді. АҚШ-тың сұлуы Дженни Томпсонның да көрсеткіші дәл сондай. Сондай-ақ италиялық Доменико Фиораванти, аустралиялық Майкл Ким, нидерландтық Питер ван ден Хугенбанд, украиналық Яна Клочкова, румыниялық Диана Мокану және америкалық Брук Беннетт бас жүлденің екеуін иемденді.
Ең көп жүлде жиынтығы берілетін жеңіл атлеттер жарысында 100 метрге жүгірген АҚШ-тың желаяғы Морис Грин шашасына шаң жұқтырмады. Және де ол эстафеталық сайыста алтын алды. Польшалық Роберт Корженевски 20 және 50 шақырымдық спорттық жүрісте алдына жан салмады. Негізі олардың барлығының алдын Мэрион Джонс ораған еді. Америкалық жеңіл атлет 100, 200 метрге жүгіруде және 4х400 эстафетасында алтын, 4х100 эстафетасында күміс және ұзындыққа секіруде қола медальды еншіледі. Алайда уақыт оза Джонстың допинг қолданғаны анықталып, ол барлық жүлдесінен айырылды.
Спорттық гимнастикада ресейлік Алексей Немов алты жүлде алды. Соның екеуі алтын, қалғандары күміс пен қола. Немовтың отандастары Светлана Хоркина мен Елена Замолодчикова, румыниялық Симона Амынар мен қытайлық Ли Сяопэн екі реттен алтын тұғырдан қол бұлғады. Сол секілді басқа да спорт түрлерінде төрткүл дүние жұртшылығын өздерінің айшықты өнерімен тәнті еткен саңлақтар аз болған жоқ.
ХХ жазғы Олимпия ойындары барысында тіркелген мына екі бірдей керемет нәтижеге таңданбау мүмкін емес. Біріншісі – Стив Редгрейвтің рекорды. Академиялық есу спортын серік еткен 38 жастағы Ұлыбританияның өкілі Олимпия ойындарында қатарынан бес бас жүлдені олжалады. Ол 1984 жылы Лос-Анджелесте, 1988 жылы Сеулде, 1992 жылы Барселонада және 1996 жылы Атлантада алдына жан салмаған еді. Кейіннен оның диабет дертіне шалдыққаны белгілі болды. Соған қарамастан Редгрейв Сиднейге сапар шегіп, бесінші алтынын мойнында жарқыратты. Екіншісі – Николай Мильчевтің көрсеткіші. 33 жастағы Украинаның Одесса қаласының тумасы домалақ стендті көздеу барысында 150 мүмкіндіктің біреуін де мүлт жібермеді. Яғни 150 ұпай жиды. Иә, уақыт оза құралайды көзге атқан мергендердің бірі дәл осы көрсеткішті қайталайтынына күмәніміз жоқ. Бірақ бұл рекордты енді жаңарту мүмкін емес.
Дерек
- Аустралиялық аборигендердің ұрпағы, жеңіл атлетші Кэти Фримен Сиднейде артылған сенімді толығымен ақтап, Олимпиада чемпионы атанды. Ол 400 метрге жүгіруде озып шықты.
- Олимпия ойындарына Ауғанстан қатыспады. Себебі сол елдегі билік басына келген Талибан қозғалысы жергілікті халықтың спортпен айналысуына және спорттық шараларға қатысуына тыйым салды.
- Олимпиада бағдарламасына алғаш рет триатлон, таэквондо және батутта секіру секілді спорт түрлері енді. Сонымен қатар нысана көздеуден әйелдер арасында пневматикалық мылтық атудың алғашқы жүлделері сарапқа салынды.
- Сиднейде жүзушілер арасындағы100 метрлік сайыста сынға түскен экваторлық Гвинеяның өкілі Эрик Муссамбани көш соңында қалып қойғанымен, жарысты тамашалауға келген барша көрермен орындарынан тік тұрып, оған айрықша құрмет көрсетті.
- Дәл осы Олимпиадада Вьетнам спортшылары өздерінің алғашқы жүлдесіне қол жеткізді. Оның иегері – таэквондошы Чан Хьеу Нган. Ол күміс медальды еншіледі.
- Футболдан өткен жарыс Камерун құрамасының жеңісімен аяқталды. Самюэ́ль Это’о сынды серкесі бар команда финалда әйгілі Испания командасынан басым түсті. Бұл – Камерун спортшыларының Олимпия ойындарында олжалаған алғашқы алтын медалі.
- Ғасырлар тоғысындағы Олимпиадаға Қазақстанның 130 спортшысы қатысты. Жарыстың ашылу салтанатында Мемлекеттік туымызды боксшы Ермахан Ыбырайымов ұстап шықты.