Мысалы, ежелгі қазақ қоғамын тұтастандырып, ұстап тұратын институзиациялары (ұстындары) болды. Академик Ғарифолла Есімнің жүйелеуі бойынша бұл ұстындар, яғни қазақ қоғамының институзиациясы: төре немесе хандар; би һәм ақсақалдар; бәйбішелер; батырлар; молда қожа-молдалар; ақын-жыраулар; елшілер; қолөнерші-шеберлер т.б.
Бұл ұстындар ұрпақтан ұрпаққа қатаң тәрбие, айнымас заң-жоралғы, бұлжымас салт-дәстүр арқылы жалғасып отырған. Ұстын тәртібін бұзғандар қатаң жазаланатын болған.
Халқымыздың жоғарыдағы асыл қасиеттері жайлы ХVIII-XIX ғасырларда жаттың өзі тамсана жазыпты. Мысалы, «Россия» атты көптомдықтың 18-томындағы «Қырғыздар» атты жазбада: «Қазақтардың мәдениеттілігін басқалармен салыстыра қарағанда, өз ойын жеткізе білудегі мүмкіндігі мен тіл шеберлігі, халық әдебиетінің байлығы сияқты асыл қасиеттерімен байланыстырған жөн десе, 1902 жылы жарық көрген «Үлкен энциклопедияда»: «Қазақтар рухани өте дарынды халық. Әдебиеті бай. Тұрақты тіркестен тұратын толып жатқан импровизациялары бар. Мақал-мәтелдері қысқа әрі нақты. Сөздері ойлы, мәнерлі, образды. Өнбейтін істі қумайды. Қоғамды бірліктендіретін әдебі (ұстыны) берік. Үлкендерін сыйлайды. Дәстүрге бағынады...» деген екен («Большая энциклопедия», 1902. Том-10. С-744).
Ал бүгінгі таңда:
«Даланың шыдам-төзімін,
Дарытқан бойға алыппыз,
Асылын әттең өзінің,
Әлі ұқпай жүрген халықпыз» деп ақын Қадыр Мырза Әлі айтқандай, саф алтындай асыл рухани ұстындарымызды бағалай алмай келеміз. Басқасын былай қойғанда атадан балаға жалғасып келе жатқан әулет ұстыны – отбасылық тәрбиенің тетігі бұзылу үстінде.
Отбасылық тәрбие хақында сөз болған тұста, ұлы Абай туған Құнанбай қажы әулетінің өнегесі туралы айтар болсақ, Құнекеңнің шөбересі, Шәкәрім Құдайбердіұлының үлкен баласы Ахат қария 1967 жылы бастап жазып, 1982 жылы аяқтаған әулет тәрбиесі мен өнегесі жайлы естелігі бар. Бұл жазба 1992 жылы «Жұлдыз» журналының 11-ші санына «Менің әкем, халық ұлы – Шәкәрім» деген атпен жарияланды.
Осы естелікте Ахат ақсақал әкесінен естіп жазып алған атасы Құнанбайдың: «Абырой, атақ алу үшін – ең алдымен адалдық керек, ешкімді ала көрмей, адалына болысу, кемтарға жәрдемдесу керек дегенді ертеден ойыма бекіттім... Өзіме елді қаратып, ел басшысы болғаннан кейін, қате кетпесе, біле тұра қиянат жасап, арамды қолдаған, момын, жетім-жесірді жылатқан жерім болған жоқ. Мен адалдыққа, көпке сүйендім. Олар мені қиыннан құтқарды. Мені ел – адал, әділ деген атаққа бөледі. Менің көргенімдей жағдайға ұшырасаң, ақты жақта, жетім-жесірге, жылағанға болыс, жәрдем ет!» деген өсиетін келтіреді. Нақтырақ айтқанда бұл өсиетті Құнекең немересі Шәкәрімге айтқан.
Сол сияқты, жоғарыдағы естелікте Шәкәрімнің Абай ағасынан үйренген өнегесі жайында да айтылыпты. Онда: «Абай өзін қалай тәрбиелесе, бізді де солай тәрбиеледі. Соның негізгілері: адам елге, не біреуге пайдасын тигізуі керек. Пайдасын тигізе алмаса, залалы тимесін. Онан соң, қатты тапсыратын нәрсесі – адалдық! Адал болыңдар, адалдың арқаны ұзын. Біреуді өткелге салып өтуден сақ болыңдар. Адам баласын ұлтқа, руға бөлуден сақтаныңдар, ала көрмеңдер...» дегені жайлы айтылыпты.
Демек, жоғарыда атап өткендей қазақ қоғамы институзиациясының дәнекері – адалдық екен. Неміс ойшылы Фридрих Шиллер айтқандай: «Адалдық – өмірден де қымбат» немесе Абай атамыздың, «алдау қоспай, адал еңбегін сатып, күн көрген адам – қазақтың әулиесі болмақ» деген пайымы қандай керемет еді.