Ойылдағы – Көкжар, Ырғыз (Жармола), Темірдегі Қарақамыс жәрмеңкелерінде Орынбор, Ор, Қазан, Самарқанд, Бұхарадан келген саудагерлер жергілікті тұрғындардың мал еті мен майын, жүн-терісін өздері әкелген азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық бұйымдарға айырбастап әкетіп жатты. Жәрмеңкелерде бір жағынан сауда-саттық, тауар айырбасы қызу жүрсе, екінші жағынан әнші, күйші, қобызшылар ел алдына шығып танылды. Орынбор генерал-губернаторының ықпалымен Темір, Ырғыз, Ойылда саудасы жүріп, жәрмеңкелер жүйесін жақсы дамытқан Орынбор саудагерлері осы жерге орныққан соң мешіт салып, медресе ашты.
1900 жылы Орынбор Діни басқармасы ендігі жерде қазақ даласының батыс өлкесінде жаңадан салынатын мешіттер бірыңғай Қазан үлгісімен салынсын деген шешім шығарды. Бұл мешіттер – тастан қаланған, сүйір мұнаралы, терезелері жарық әрі кең, негізінен екі қабатты құрылыстар еді. Осы кезден бастап дала жұрты жиі қоныстанған ауылдарда саздан иленіп, қолдан құйылған қам кірпіштерден мешіт тұрғызуға тыйым салынды. Ақтөбе облысында әлі күнге дейін шатыры мен есік-терезелері тозғанымен, міні құрғамай тұрған Ойыл мен Темір елді мекендеріндегі және Ақтөбе қаласының ескі бөлігіндегі мешіт тастан қаланып, Қазан үлгісімен тұрғызылған.
1905 жылы уезд орталығы –Темір қаласының тұрғындарының саны екі мыңнан асты. Мұнда ішкі Ресейден сауда жайымен тұрақтап қалған орыс, татар, бұхар саудагерлері көп еді. Жәрмеңке жаңа тауар айырбасына жол ашқан соң төңіректегі Жем өзенінің бойындағы ауыл жұрты да біртіндеп Темір қаласының төңірегіне шоғырлана түсті. Бұл мекенге теріден түрлі тұрмыстық бұйымдар, ат әбзелдерін жасап сататын қолөнерші шеберлер де шоғырлана түсті.
Темір мешіті қалай ашылды?
Император Николай ІІ заманында уезд орталығы, одан кейін Кеңес өкіметінде аудан орталығы болса да, қазір оның бәрінен айырылған ескі Темірдің баяғы салтанатын күйдірілген қызыл кірпіштен салынған екі қабатты зәулім мешіт қана айғақтап тұр. Бұл мешіттің алғашқы имамы – Ахмет қалпе Насыров (1885-1939 жж.). Мешітті Қарақамыс жәрмеңкесінен байыған орынборлық татар Мәжит Фаткуллин 1905 жылы өз қаржысына салдырып, бас имамдық қызметке Уфадан жас башқұрт жігіті – Ахмет қалпені шақыртқан.
Башқұрттар арасындағы табын руынан шыққан Ахмет Насырұлы 1885 жылы Уфа губерниясының Мензалы қаласында дүниеге келген. Орынбор облысының Сақмар ауданындағы Қарғалы медресесінде білім алуы да мүмкін. Өйткені, 1749 жылы ашылған Қарғалы медресесі Орынбордағы «Хусаиния» медресесі сияқты 1917 жылға дейін ішкі Ресейдің аса білімді башқұрт, татар, ноғай діни қайраткерлерін дайындаған өте ықпалды оқу орны болатын. Айта кететін бір жайт, Ақтөбе губерниясының бұрынғы уездерінде мешіт ұстап, бала оқытқан жергілікті діни оқығандардың есімдеріне имам, ахун деген діни атақтар қосылып айтылса да, қалпе деген атақ иеленгендер жоқ еді.
1927 жылдан бастап Ақтөбе облысында дін адамдары саяси сенімсіз топ ретінде оқшауландырылып, олардың басқа жерге қоныс аударуына рұқсат етілмеді. Сайлауда дауыс беру құқықтарынан да айырылды. «Саяси сенімсіздер» қатарына ілінген Темір бойындағы ауылдардың Ахмет Насыров бастаған 27 молдасы топ-тобымен сотталды. 1937 жылы 52 жастағы қалпе тұтқындалып, сотталды. Темірде әйелі Раушан үш жас баласымен қалды.
Жазасын Орал қаласындағы түрмеде өтеп жатқан Ахмет қалпе «Орал-Илецк» темір жол құрылысына жіберілген. 1936-1939 жылдары Оралдан Саратовқа дейін салынған темір жолды негізінен саяси сенімсіздіктері үшін сотталғандар салды.
«Раушан әжем де сопылық жолды ұстанды»
Қалпенің немересі, 58 жастағы Бибісара Мақсотқызы Насырова қазір Шұбарқұдықта тұрады. Раушан әжесінің бауырында өскен Бибісара былай дейді: «Менің әжем де атам тәрізді башқұрт қызы. Башқұрттар он екі руға бөлінсе, арасында табын руы жиі кездеседі. Батыс табындарының ұраны – Алаш екен. Мектеп оқушысы кезім. Бір күні әжем қолыма «мынаны сақтап қой» деп бір қағазды берді. Тарқатылған ескі шежіре сияқты. Табын, тама, сосын тағы бір ру аты жазылған екен, қазір есімде жоқ. Атам ұсталғаннан бері ата-баба шежіресін құпия сақтап келген әжем тегін білсін деп немерелерінің естияры менің қолыма ұстатса да, балалықпен ескі шежірені жоғалтып алдым. Өз шалалығым мен жауапсыздығыма әлі күнге дейін өкінемін. Біз жаз бойы кешкі асты ауладағы үлкен сәкіде ішеміз. Шарбағымыздан атамның мешіті көрініп тұрады. Жаздың ұзақ кештерінде әжем мешіт жаққа ұзағырақ қарап отырып әңгімесін бастайды: «Баяғыда біздің үйде үлкен монша болды. Аштық алдында атаң мешітке садақаға жиналған ақшаны азыққа айырбастап, үйге тығып әкелетін. 1932 жылдың ерте көктемінде қатты ашаршылық басталып, ел босып кетті. Осы кезде атаң ауладағы моншаның ортасына қазан құрып, от жақтырып, біз оған сүйек қайнатып, оған бидай, тары салып сорпа пісіреміз. Ауланың мына жағынан аш адамдарды кезекпен кіргізіп сорпа-су құйып береміз. Олар моншаның ішінде әлденіп ес жиып, артқы есіктен шығып кеткен соң келесі кезектегілерге тамақ әзірлеуге кірісеміз» дейді. Сосын үнсіз қалады.
– Әже, неге жылап отырсыз? – дейміз.
– Әй, балаларым-ай, – деп күрсініп бірдеңе айтқысы келіп оқталады да, іркіліп қалады. Бала болсақ та, әжеміздің әлденеден сескенетінін аңғарып қаламыз.
«Атамыз кішкене бойлы, көзі көк, ақшыл сары адам болған. Ақ сұпы матадан көйлек-шалбар, оның сыртынан жеңсіз қара мақпал бешпет, басына қара тақия киіп жүрген. Қолы бос кезінде мешіттің жоғары қабатында көзәйнегін киіп үнемі кітаптар оқыған. Бірақ атамның кітаптары да, қолжазба дәптерлері де ұсталған бойы қолды болған. Атам да, әжем де сопылық жолды ұстанған, қасиет қонған адамдар екенін іштей сеземіз. Әжемнің құрғақшылық жылдары Жем өзенінің жағасында тізерлей отырып, Құран сүрелерін бірнеше сағат жатқа айтқанда, жаңбыр жауған кездеріне куәмін».
Қалпенің жұмбақ өлімі
Саяси сенімсіздігі үшін сотталған Ахмет Насыров айдауда темір жол құрылысында жүріп, 1939 жылы қарашаның қара суығында Ақсай қаласының маңындағы Сұлусай деген жерде бір топ тұтқынмен бірге адасып өлген. Бұл жөнінде Бибісара 1992 жылы Ахмет қалпеге ас берілгенде, ақсайлық ақсақалдардан естіген. Оқиға былай болған.
Орал түрмесінде жазасын өтеушілер Орал-Саратов арасын жалғастыратын «Орал-Илецк» темір жол құрылысына жіберілді. Аш-жалаңаш, жөнді жұмыс киімдері жоқ жазасын өтеушілер ауыр жұмысқа шыдамай, бірінен соң бірі ауырады. Ахмет қалпе ауырғандарды емдеп, кейбірін аяқтан тұрғызып та жіберген. Ол өзі қамалған түрме камерасынан көрші камерада жатқан науқасты емдеп, кері қайтып келеді екен. Сыртынан құлыптаулы камерадан қалай өткені жұмбақ. Дегенмен осы жағдайды күзетшілер байқап қалып, түрме бастығына жеткізеді. Бибісара: «Бір күні түрме бастығы қатты науқастанып, түрменің жертөлесіндегі жасырын бөлмеге атамды шақыртып, ем алған. 1939 жылдың соңында құрылыс аяқталады. Сол кездің куәгерлерінің айтуынша, қара жұмыстан ауруға шалдығып, әбден әлсіреген жандарды кешкілік автокөлікке тиеп алып, елсіз далада қазылған терең шұңқырлардың жанына тұрғызып атып тастайды екен. Артынша топырақпен көміп, осы жерлерді тегістеп жіберген. 1939 жылдың соңында ауыр жұмыстан әбден титықтаған атам да орнынан тұра алмай, қатты науқастанады. Түрме бастығы атамның қасына бірнеше адамды қосып, абақтыдан жасырын шығарып жібереді. Мезгіл қарашаның ортасы. Жаяу шұбырған топ адам рельс бойын жағалап келе жатып, Ақсайдан өте бере Сұлусай деген тұсқа жете бергенде, аяқастынан күн қатты суытқан. Арты қатты аязға ұласып, сол жерде елсізде бұлар үсіп өледі. Денелерін жаңа жауған қар көміп тастайды. Келесі жыл ма екен, көктем шығысымен олардың денесін осы маңдағы жылқышылар тауып алады. Айдап келе жатқан жылқы үйірі жан-жаққа бытырай, үрке қашқанға аң-таң болған жылқышылар осы жерге келіп қараса, адам денелерінің шашылып жатқанын көріп, Ақсайға хабар жеткізеді. Ауыл адамдары мәйіттерді көміп, бастарына таяқ шаншып кеткен.
«1992 жылы Ақсай қаласында атамызға ас беруге барғанда, сол адамдарды көмген ақсақалдардың аманатын балалары жеткізді», – дейді Бибісара Насырова.
...Өңірдегі ескі жұрттың бірі –Темір қаласының мешітінде 33 жылдан астам бас имам болған, сопылық жолды ұстанған үлемдердің қазақ даласының батысында тармағын жайған бір әулетінің өкілі Ахмет қалпенің тағдыры осылай қайғылы аяқталды. Қалай болғанда да, ішкі Ресейдің Орынбор діни басқармасына қарасты кәсіби медресесін бітірген бойы уездің бас мешітіне имамдыққа жіберілген Ахмет қалпе де Мұғалжар бойындағы жергілікті ишан, молдалар сияқты Бекет атаның сопылық жолын ұстанғаны анық.