Таным • 08 Қыркүйек, 2020

Мәңгіліктің сыр шертер мұнарасы

796 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бұл мұзарт шыңдарды шығыс шайыры Фирдоуси өзінің «Шахнама» поэма-эпосына өзек еткен. Оны айтамыз-ау, XI ғасырда атақты араб саяхатшысы Әл-Идриси қат-қат қолжазбаларына бейнелеп, таңғала толғанады. Ол аз десеңіз, Александр Македонский мен Юлий Цезарь да осы тауға құмартқан. Сол асқақ құмарлықтың алып-ұшпа сезімі атқа мінгізгенімен, сыр бойында екеуіне де жеңіліс дәмін татқызыпты. Ал Геродот ақсақал алтын, мыс, күміс сынды бағалы металдар өңделіп, өнімдері Азия мен Еуропаны шарлағанын дәйектейді.

Мәңгіліктің сыр шертер мұнарасы

Суретті түсірген Ерлан Омар, EQ

Біз алыстан орағытып отырған қай жер дейсіз ғой, ол – қасиетті Ұлытау. Өзі­­міздің Ұлытау. Ұлы тау болғанда да ежелгі бәдіздік пен бүгінгі һәм ертең­гі та­рихтың мәңгілікке сыр шертер мұ­н­ара­сы, қазақ халқының құндағында құн­­дылығы тынымсыз тыпырлап, сәби рәуіш­тегі рухизаты бұлқынған бесігі, «көш­пелі халық мәдениетінің, дала өрке­ниетінің алтын кіндігі». Бір-ақ ауыз сөз­бен айтқанда, жер мен көктің арасында тарихы қобырап, қопсып, бұрқырап жатқан ашық мұражайы іспетті.

Аңызға сүйенсек, Шыңғыс хан заманында өмір сүрген қазақтың төбе биі Төбейұлы Майқының Алаш баласының енші­сін осы жерде бөліп бергені айтыла­ды. Осындайда мұндай аңызға бергісіз деректі ақиқаттан дегіңіз-ақ келеді. Неге өйтпессіз: дәл осыдан шамамен бес-алты ғасырға жуық уақыт өткенде қазақтың атақты үш биі – Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің баба биігіне бас игендей, сол биіктен береке тілегендей бо­лып бас қосып, жоңғарға қарсы соғыс ұйым­дастыруды ойласқаны әсте тегін­нен болмаса керек. Оның үстіне осы соғыс қазақтың ел болып қалуы мен қал­мауы­ның тарихи шешімі сияқты еді. Нәти­жесінде Бұланты-Білеуті өзендері ара­лы­ғында болған ұрыста қазақтар басым түсіп, бұл шайқас тарихта «Қалмақ қырыл­ған» немесе «Бұланты шайқасы» деген атпен қалған болатын.

Шыңғыс хан демекші, осы Ұлытаудың бойында сол Шыңғыстың ержүрек, абадан ұлы Жошы өз ұлысын орнықтырды. Алтын Орданың керегесін керді. Тарихтан әділ, тарихтан турашыл шежіреші болса қане. Сол тарих бүгін Жошының күмбезі болып күмбірлеп: «Аяғыңның астында Жошы ұлысы жатыр», – деп тұр.

Сірә, мұндайда айызың қана айтсаң ала таңға таусылмайтын Ұлытауда ізі қал­ған алып тұлғалар тарихының ала­қан­дай бетке сыймасы да – екібастан. Соны ескеріп, алдыңғы ұлы перзенттер секіл­ді осы тауға тағдыры ыстық баһадүр баба­лар есімін қысқаша атап өткенді жөн көрдік. Жошы ханның ұлы Батудың, Ақ Орда билеушісі Орыс ханның, Алтын Орда билеушілері Едіге мен Тоқта­мыс­тың, Әмір Темірдің, Керей мен Жәні­бек, Қасым мен Абылай хандардың, Нұралы ханның, Кетбұға, Барақ, Көшім, Әбіл­қайыр, Ақжол, Бөгенбай, Қабанбай, Шақ­шақ Жәнібек, Кенесары ханның, тағы басқа ұлы бабаларымыздың Ұлытауда болғандығы тарихи оқиға деуге болады.

Ал жиырма жеті мем­ле­кетті жаулап алып, «Азияның арыс­таны» атанған Әмір Темір де осы өңірге арнайы ат шалдырыпты. Бұл туралы ұлы қолбасшының тарихшысы Шара­фа­дин Әли Иезди өзінің еңбегінде: «Темір Ұлытауға келгенде алдымен сол тау­­дың басына шығып, төңірегіндегі көк жасыл дала мен көксеңгір тауларға ұзақ­­ты күнге телміре қараумен болды. Со­дан соң әскерін жинап, сол жерден үл­кен құл­пытас орнатуға бұйрық берді. Бар­мағы майысқан шеберлер осынау сәтті оқи­ғаның болған күнін тасқа қашап жазып, ұзақ жылдарға жететін мәңгілік ескерткіш қалдырды», деп жазады. Тарихи жазбада меңзелген бұл үлкен тасты Кеңес заманында ұлтымыздың ардақты перзенті Қаныш Сәтбаев тапқан болатын. Мұнан соң мұндай құнды жәдігерді сөйлеткендердің қатарында қазақтың атақты тарихшысы Әлкей Марғұлан болыпты. Сол тастағы жазу ғалымдар зердесімен «Тарихтың жеті жүз тоқсан екінші қой жылы. Жаздың ара айы. Тұранның сұлтаны Темір бек жүз мың әскерімен Тоқтамыс ханға соғыспаққа жүреді. Бұл жерден өтіп бара жатып, белгі болсын деп осы жазуды қалдырды. Тәңірі нәсіп берсін. Иншалла, Тәңірі бұл кісіге рақым қылып, барша адам есіне алып жүрсін», деп оқылыпты. Міне, бұл жер Ұлытаудың тас үйілген атақты Алтыншоқысы еді.

Осыдан соң бұл таудың қазақ көкірегі­нен алған орнының қаншалық биік екені жайлы сөз айтудың өзі тым артық. Егер де бір жердің тарихи мән-маңызы сол жер атауына байланысты түрлі аңыз деректермен қоса тарихи төл мұраларының байлығына да тіке тәуелді десек, онда да Ұлытаудың шын мәніндегі ұлы тау екені ақиқат. Өйткені бұл өңірде қазірдің өзінде 800-ге тарта тарихи мұра бар екені анықталған. Ал атақты ғалым Әлкей Марғұланның зерттеулерінде (сол тұста) Ұлытау өңірінде 2000-нан аса балбал тас бар делінсе, қазір содан қалғаны отыз-қырық шақты көрінеді. Қаншама жоғалту десеңізші?! Мұнан соң қазірдің өзінде 800-ге тарта тарихи мұра болған жердің әуелгі қойнауы қалай сыңсып тұрғанын ойлай беріңіз...

Мұның бәрі қойнауынан Менделеев кестесі элементтерінің көбі табылған, «кең құшағына Еуропаның Швейцария, Голландия, Дания тәрізді елдерін сыйдыра алатын», төсінен ғарышқа кеме зау­лаған осы бір даланың әруақытта да ұл­ты­мыз үшін қасиетті мекен екенін аңғарта­тындай. Ендеше, қазақтың ұлы ғалымы Қаныш Сәтбаев: «Орыстарға Кремль қандай қадірменді болса, меніңше, Қазақ елі үшін Ұлытау да соншалықты қастерлі», деп бекер айтпаған.

Сол себепті де, Ұлытау ұлтымыз үшін қашанда киелі жерден саналды. Тіптен оның айқын дәлелі – осы жерде бағ­зыдан «Хан ордасы» атанған тари­хи орын сақталып келді. Сол арқы­лы ертеден қазақтың хандарына осы жерде құрмет көрсетілді. Әрі қалың қауым тек сонда ғана болашақ ел басқару­шыны ақ киізге көтеріп, хан тағына отыр­ғы­зыпты. Естеріңізде болса, бұл дәс­түр 1993 жылы қайта жаңғырған бола­тын. Елбасы арнайы Ұлытауға барып, «Хан ордасына» соққанда бабалар дәст­үрі ырым етілді. Әрі осы жылы бұл жерді Қазақ­стан халқының бірлігі мону­мен­тін орнататын жер ретінде таңдап алған болатын. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаевтың 2014 жылы Ұлытаудың төрінде елдің бүгіні мен ертеңі жайлы ой-толғамын жария етті. Әрі осы сұхбатында: «Қазақтың ен даласының қай шетіне барсаң да осындай қасиетті жерлер табылады. Шығысқа барсаң – Берел қорғаны бар, Орталыққа келсең – қалмақтармен соғысқан Аңырақай шайқасы өткен жер бар. Батысқа барсаң – Алтын Орданың хандары тұрған Сарайшық сияқты қасиетті мекен бар, Оңтүстікке барсаң – Түркістан тұр. Қазақстанда осын­дай қасиетті жерлер көп. Деген­мен, Ұлытаудың орны бір басқа. Біздің жастарымыз оны біле бер­мейді», – деуінің өзі Прези­дент­­тің Ұлытау жерінің киелілі­гіне шексіз, шүбәсіз сенетінінен еді.

Егер сіз классик жазушы Ілияс Есенберлиннің «Алтын орда» трилогия­сын оқыған болсаңыз, сонда Едігенің соңғы шайқаста отыз жерінен жараланып, атының жалын құшып тұрып, қасындағы жалғыз немересі Оқасқа: «Жақсы ит өлімтігін көрсетпей өлуші еді, ең бол­маса өлімтігімді көрсетпей өле­йін, бір-екі жігіт тауып алып, мені Ұлытаудың басына апарып тас­таңдар. Ең болмаса Алтын Орда­ның асқар тауының басында жан берейін...», – дейтіні бар емес пе?

Айтыңызшы, ендігі ұрпақ бұл тауды Едігедей сүйе ала ма?!