Қос бекеттің біреуі – жаңа, екіншісі – өте ескі, Николай ІІ заманының куәсі. 1904 жылы Кіндік Азияны Ресеймен жалғастыратын Орынбор-Ташкент темір жолы рельстері төселе бастағанда, жол бойында шағын бекеттер, пошта кеңселері, су жинайтын мұнаралар да бой көтерді. Бүгінде ескі темір жол бекетінің қабырға тастары көнеріп, қызыл темірден жабылған шатырлары шіріп қоңырқай тартып, «барокко» сәулет үлгісіне еліктеп салынған терезе ағаштары үгітіліп кетердей болып тұр. Сонда да патша инженерлері жобалауымен сапалы салынған құрылыс тозса да, уақыттан жеңілгісі келмей қасқайып тұр. Осы ғимараттардың іргетасы биік, қабырғасы қалың әрі кірпіштері өте дәлдікпен қаланған, арасында саңылау жоқ. Ескі бекеттен 300 қадам жерде, Боқтыбай жотасының бауырында тау тасымен өрілген дуал діңгектері мен өрнекті ескі қоршауы бар шипажай орналасқан. Бұл – украин көпесі Николай Глушенко 1860 жылы салдырған, кезінде ішкі Ресейден туберкулезбен ауырып келгендерді 3-4 ай жылқы еті мен қымызбен, Мұғалжардың саф ауасымен емдеген ескі емдеу мекемесі.
Бүгінде шипажай Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының меншігінде. Бірақ өте күтімсіз жағдайда, қараусыз қалған. Қазір бұл жерге түрмеде туберкулезбен ауырып, емдеу курсынан өткендер сауықтырылады.
Жақында Бершүгір шипажайы жабылады деген хабарды естіген Шалқар ауданының бір топ тұрғыны бізге хабарласып, шипажай жабылса, ескі құрылыстар жойылады дейді. Себебі өз заманында ерекше талғаммен салынған емдеу мекемесі облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекция тізіміне кірмеген. Соңғы 30 жылда мүмкіндігі толық пайдаланылмаған шипажайға жақсы қожайын табылса, қазақтың киіз үй үлгісімен дөңгелете ағаштан салынған үйлерді қайта жаңартып, жақсы демалыс орнына айналдыруға болады дейді ауыл азаматтары. Ондай жағдайда Бершүгір ауылының тұрғындарына да жұмыс табылады. Әлемді жайлаған пандемия азаматтарымыздың табиғат ортасында денсаулығын түзететін шағын шипажайлардың жетпейтінін көрсетті.
1950 жылдары шипажай КСРО Жол-қатынас министрлігіне қарап, одақтық дәрежеде болғанда, өкпесі ауырған темір жолшылар келіп демалатын. Меншік құқығына ие болған Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы 1996 жылдан бастап емделушілерді қабылдаудан бас тартқан соң осы емдеу мекемесі азып-тоза бастады.
Киев көпесі қазақ даласынан не іздеді?
Ақтөбе облыстық мұрағатының деректері бойынша, бұл шипажайды Киев көпесі Николай Глушенко 1860 жылы Украинадағы бүкіл бизнесін сатып салдырған. Темір жолы, дәрісі де, дәрігері де жоқ қазақ даласының бір ауылына бүкіл дәулетін сатып, демалыс орнын салдыруына баласының өкпе дертінен осы жерде сауыққаны себеп болған. Созылмалы дерт жабысқан баласын ешбір дәрігер емдеп жаза алмағанда, француз дәрігерлері оған ауасы құрғақ, қысы қаталдау жерге апару керек деп кеңес береді. Көпес Петербургтегі Орыс географиялық қоғамы кеңсесіне келіп кеңес сұрағанда, бұл жердегілер «Мұғалжар тауының беткейіндегі Бершүгір байдың имениесіне апарыңыз», дейді.
Осы жылдары «Орынбор-Ташкент» темір жолы құрылысы әлі басталмаған. Ал Орыс географиялық қоғамындағы патша шенеунігі, не зерттеушісі бұл жақты өте жақсы білген сияқты. Қияндағы қазақ даласына ат арытып, әзер жеткен Киев көпесін Бершүгір би жақсы қабылдайды. Сенгендігі соншалық, баланы қазақтардың арасына тастап кетеді. Таза ауа, жылқы мен қой еті, қымыз бен шұбат көпес ұлының денсаулығына жақсы әсер етіп, жөтелі жоғалып, өңі жақсарып, екі-үш айда салмақ қосады. Күзде келген Глушенко баласының жақсарғанына қатты қуанып, Францияға дәрігерлік тексеріске алып барғанда, дәрігерлер баланың аз уақыттың ішінде дерттен құлан-таза айығып кеткеніне қатты таңғалған. Бұл жайттың Глушенкоға айрықша әсер еткені соншалық, ол Киевтегі бар мүлкін сатып, Бершүгір биімен келісе отырып, Боқтыбай тауының етегінде шипажай құрылысын бастайды. Құрылыс ағаштарын, басқа да жабдықтарды түйе арбамен Орынбор қаласынан тасиды.
Жотадан төмен түскен сайдағы бұлақтан бастау алатын шағын өзен бойына бақша салып, түрлі жеміс ағаштарын егіп, демалыс орнына келушілер үшін төңіректегі ауылдардан жылқы, қой еті мен қымыз-шұбат алдырады. Сол шаруашылықтың іздері – шипажайға жақын «Жылқы ауыл», «Бақша сай» деген жер атаулары қалған. Бірақ баяғы өзеннің ізі жоқ, құрғап кеткен. Шипажай ауласында жартылай жертөле түрінде салынған үлкен қоймалардың ішкі қабырғалары тұтас бетондалған, төменге түсетін баспалдақтары сол күйінде. Көкөністерді қоймаға толтырып жинаса керек.
1889 жылы қасиетті Владимир атындағы Киев императорлық университетінің медицина факультетінің ғалымдары ішкі Ресейден келіп, Бершүгірде емделген науқастарға бақылау жүргізеді. Бұл жер 1930 жылдары НКВД офицерлері демалатын жабық емдеу мекемесіне айналған.
Кино түсіруге лайық орын
Шипажайда киіз үй үлгісімен дөңгелете, ағаштан қиып тұрғызылған, іргетастары тастан биік етіп қаланған екі адамдық 61 жаздық үй бар. Бөлмелердің іргетастарын жылан не басқа жәндіктер өрмелемесін деп биіктетіп салған сияқты. Бөлме ортасында – контрамарка пеш, емен едендері сол қалпында. Жаздық үйлердің жан-жағын қоршай тал-теректің түр-түрін егіп үлкен тоғай өсірген. Сол заманның куәсі – ауланың бұрышында өскен кәрі шынар.
Шипажайдан 300 метр жерде патша заманындағы реалды училищенің ғимараты орналасқан. Қабырғасы қалың, төбесі биік, үлкен де жарық терезелері күншығысқа қаратылған, күйдірілген қызыл кірпіштен салынған училище ғимараты да қаңырап тұр, мемлекет қорғауына алынбаған. Қазіргі кезде шипажайда екі-үш медбике, қарауыл және аспаз жұмыс істейді. Бас дәрігері Ақтөбеде тұрады. Кіші медицина қызметкері бізге бұл жерде 30 адам демалып жатыр деген ақпарат берді. Бірақ аралап жүріп, көргеніміз – екі әйел мен үш ер адам ғана.Тағы бір байқағанымыз, ескі жазғы үйшіктердің төбесі мен қабырғаларын ақ профлистпен айналдырып орап тастап, сәулетінен айыра бастапты.
Мұғалжар белдеуінің осы тұсында атмосфералық ауа ағыны өте жылдам алмасатын жерде орналасқан емдеу мекемесін қайта ашып, оның жұмысын жандандыру керек. Бершүгір шипажайын өзіндік келбетін сақтап, қайта жөндеп, емдеу мекемесі ретінде жұмысын жандандыруға шын жанашыр мен жақсы ұйымдастырушы-менеджер ғана жетпей тұр.