Білім • 08 Қыркүйек, 2020

Асхат Аймағамбетов: Балаларға ең алдымен қазақ тіліндегі кітаптар қолжетімді болуы тиіс

692 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов кітапханаларды әдеби кітаптармен толықтыру мәселесіне қатысты тапсырма берді, деп хабарлайды Egemen.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Асхат Аймағамбетов: Балаларға ең алдымен қазақ тіліндегі кітаптар қолжетімді болуы тиіс

"Бұл – өте маңызды тақырып. Мұның алдында да осы тапсырманы берген болатынбыз (мектеп кітапханаларын әдеби кітаптармен толықтыру). Оқу сауаттылығы бойынша халықаралық зерттеулерді қарайтын болсақ, біраз проблема бар. Оны шешу үшін әрине біз көркем әдебиетті балаларға оқыту бойынша үлкен жұмыс атқаруымыз керек. Бірақ қазір кітапханаларымыз қандай жағдайда? Жалпы кітапхана қоры қандай? Кітапханашылардың жағдайы қандай? Осы сұрақтарға жауап берер болсақ, әрине бүгінгі таңда бірқатар мәселе бар. Сондықтан осы сала үлкен өзгерістерді қажет етеді", деді Асхат Аймағамбетов Білім және ғылым министрлігінің аппараттық отырысында.

Министр бұл бағытта жол картасы бекітілетінін жеткізді.

"Бүгінгі күні қазақ тілінде оқушылардың 70 пайызға жуығы білім алуда. Ал оқушылар кітапханаға келгенде біріншіден қазақ әдебиеті бойынша тиісті кітаптар болуы керек. Ол қолжетімді ме? Осы мәселені шешуіміз керек. Екіншіден қазақ әдебиеті бірінші болса, одан кейін дүниежүзілік әдебиет қолжетімжі болуы тиіс. Ең бірінші кезекте қазақ тілінде! Мысалы Айзек Азимов, Рэй Бредбери секілді әлемдік классиктердің қазақ тіліне аударылған кітаптары бар ма? Олар бар болғанымен кітаптарды кітапханалар мен мектептерге алып жатырмыз ба деген сұраққа берер болсақ, бұл шаруа біраз еңбекті қажет етеді. Ол балалардың көкжиегін кеңейтуіміз керек. Балалар бір жағынан қазақ, екінші жағынан дүниежүзілік әдебиеттен сусындап, өздері жетілуі тиіс. Сол арқылы оқу сауаттылығын арттыра аламыз", деді ол.