Қоғам • 08 Қыркүйек, 2020

Петропавлда алаяқ тұрғындардың 5 млн теңгесін қолды қылды

419 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Петропавлдық полицейлер елордалық әріптестеріне ірі көлемде жасалған бірнеше алаяқтықты тергеуде көмектесіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz

Петропавлда алаяқ тұрғындардың 5 млн теңгесін қолды қылды

Қаскөйдің бұл әрекетінен әр өңірдің тұрғындары әжептәуір зардап шеккен екен. Олардың арасында үш петропавлдық та бар. Жымысқы ойын іске асырмақшы болған алаяқ ескі үйлердің иелерімен байланысқа шығып, оларға жаңа салынып жатқан үйлерден пәтер алып беруге көмектеспекші болған.

Ол үшін бастапқы жарна салу және "қолұшын бергеніне" аздаған сома төлеу қажеттігін айтқан. Жалған уәдеге алданғандар алаяққа ақша аударған. Сөйтіп петропавлдық тұрғынға келтірілген шығынның сомасы бес миллион теңгеге жуықтады.

Алаяқты елордалық полицейлер ұстады. Ол Нұр-Сұлтан қаласының 1986 жылы туған тұрғыны болып шықты.

– Қазіргі уақытта алаяқтар заманауи технологияға сүйене отырып, интернеттті және өз құрбандарының шотына қашықтан қолжеткізу мүмкіндігін пайдаланады, – дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы П.Климов.

Сонымен қатар, алаяқтар бертінге дейін келе жатқан алдау тәсілдерін қолдануда. Олардың арасында тұрғын үй аумағын тиімді сату-сатып алу, қажетті құжаттарды жасауға "көмектесуге" немесе ақшаны айналымға жіберуге уәде беру – алаяқтар өз құрбандарының сеніміне кіріп, қызмет алуды тездету үшін ақша талап етеді. Полиция өкілдері адамдарды аса сақ болуға, күмәнді ұсыныстарға сенбеуге, бөгде тұлғалардың оларға ақша аударуы туралы ақпаратты мұқият тексеруге шақырады. СҚО полицейлері жыл басынан бері барлығы 189 алаяқтықты ашты.