Өмірдің өзі күрес екен. Ал күрес қашанда қажыр мен қайратты тілейді. Ол болмаса қадам басқан сайын жігерің құм, салың суға кететіні анық. Көмектескісі келген. Жан жылуын бойға дарытатын жылы сөзімен де, материалдық көмегімен де. Зәру дүние қашан таусылған? Дәмелі Қойшина күллі әлемді жалғыз қауызға сыйғызған жаман тұмау қаһарын төгіп келген кезде, ел үйінен шыға алмай ошарылып, қарекетсіз қалған уақытта бір сәт тыным тапқан емес. Бұрынғы бұрынғы ма, жұмысы тоқтап, кәсібі жүрмей аңтарылған қаншама адам көмек сұраған. Кәсіпкерлерге қайта-қайта қолқа салуға тура келді. Құдды бір өзі үшін, өзінің отбасы үшін сұрап тұрғандай қысылатын. Әйтсе де, мынау жарық дүниеде ізгі ниетті адамның адамгершіліктің ақ жолымен қайырымдылық жасау парыз екенін ұқтырған. Бір жақсысы, айтқан сөзі, тілеген тілегі жерде қалған емес. Өзі де елдің осындай мейірімді, қысылған уақытта қолұшын созатын, қос қолтығынан періштедей жебеп, демеп әкететін жанашыр жандардың барлығына, көптігіне іштей разы. Ел болған соң бірін-бірі елемесе, бірін-бірі жебемесе бола ма?
Карантин қос бүйірден қысып, пенденің пейілін тарылтып тұрған уақытта 125 отбасына азық-түлік себетін таратып, көмек көрсетті. Дастарқаны жүдей бастаған жүзге жуық отбасыға 50 мың теңгеден қаржылай жәрдем ұйымдастырды. Кәсіпкер әйелдердің басын қосып, жалғызілікті, көпбалалы әйелдерге мейірім шуағын төккен. Бұл сынақтан да қамқорлыққа мұқтаж қаншама отбасы ел бірлігі арқылы өтті.
«Періште балалар» жобасына да атсалысты. Осы орайда, ауру-сырқау бала бағып отырған аналар өздерінің мынау әлемде жалғыз емес екендіктерін ұққан, қолдаушы мен қорғаушы бар екен, бірге екенбіз, біріміздің иығымызға түскен зілмауыр салмақты екіншіміз иығымызды тосып көтеруге бейіл екенбіз. Зәру жандар омырауын жасқа шылап жүрсе де, іскер әйелдер қауымдастығының көмегі алдарынан бір үмітті сәуле жағып тұрғандай сезінген. Бұл орайдағы ең қиын іс хирургиялық ота жасалуы тиісті балаларды емдеуге атсалысу. Жергілікті жерде мүмкін болмаған ота алыс-жақын шетелде тәп-тәуір жүзеге асып жатыр. Бірақ, қыруар қаражатты тілейді. Дәмелі Қойшина бастаған жомарт жүрек жандар Целиноград, Ерейментау, Ақкөл тәрізді бірнеше ауданның жиырмаға жуық баласына шет елдерде ота жасауға жәрдемдесті. Айтпақшы, бұл орайда нағыз азаматқа тән пейіл мен мейір танытып жүрген атымтай жомарттар аз емес.
– Мәселен, Целиноград ауданындағы Сайра Матайбаева, Ерейментаудағы Торғын Әлиева, Степняктағы Гүлмайра Баймақова, Бурабай ауданындағы Гаухар Хамзиналардың есімдерін айрықша ілтипатпен айта кетуге болады, – дейді Дәмелі Қойшина, – әсіресе, Сайра Әйтенқызының еңбегі алабөтен. Ол Қосшы ауылында жалпы құны 350 млн теңге тұратын 2630 шаршы метрлік, 200 оқушыға арналған су жаңа мектеп салып берді.
Қауымдастық қыруар шаруа тындырған екен. Таяуда «Қызыл отау» мектебін ашыпты. Осы мектепте кәсіп істеймін деген, ешкімге алақан жаймай, өз бетінше тіршілік етемін деген әйелдерді оқытпақ. Қазір жиырмадан астам әйел әртүрлі кәсіпті игеруде. Дәмелі Қуатқызының пікірінше, ең қауіптісі – масылдық. Тегін көмекті айдалада жатқан батпанқұйрық есебінде көретіндер де бар. Көмек сұраған бір әйелге жылға жуық жәрдемдескен. Азық-түлікпен де, азын-аулақ қаржымен де. Сөйтсе, ол әйел күйеуімен бірге тұрып жатса да, заңды түрде ажырастық деп құжат түзген. Тепсе темір үзетін отағасы шыбық басын сындырмай, қарап жатады да, әйел байғұс күнімді көре алмай жатырмын деп әркімге алақан жаяды.
– Қоғамды масылдықтан арылту үшін еңбек етуге тәрбиелеуіміз керек. Сонда ғана кісіге күніміз түспейді, – дейді Дәмелі Қуатқызы, – он екі мүшесі сау адамның өзгеден көмек сұрайтыны түсініксіз.
Бірнеше көпбалалы ананың баспаналы болуына жәрдемі тиіпті. Мәселен, жеті баланың анасы Марина Бехтольд баспанаға зар болып қиналғанда, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің ректоры Мәди Елубаевқа беделін салып баруына тура келген. Мәди Сағынтайұлы өзінің бір кездегі ұстазының тілегін екі етпей, көпбалалы анаға баспана сатып әперіпті.
Қаншама жанды жүрек жылуымен қанаттандырып келе жатқан іскер әйелдер қауымдастығы алдағы уақытта да мейірім шапағатын төге бермек.
Ақмола облысы