Экономика • 09 Қыркүйек, 2020

Егіннің жартысынан көбі жиналды

219 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Республикадағы астықтың 66,4 пайызы жиналды. Маусымдық жұмысты бірінші болып Жамбыл облысы аяқтады. Жақын күндері оңтүстіктегі өзге де өңірлер жиын-терін жұмыстарын тәмамдамақ.

Егіннің жартысынан көбі жиналды

Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, биылғы көктемгі егіс жұмыстары қатаң карантин режімінде өтті. Сондай-ақ жаз маусымында былтырғыдай қуаң­шылық болды.

– Соған қарамастан, егіс науқаны уақтылы жүргізілді. Фермерлер сапалы егіс материалдарымен, арзандатылған ты­ңайтқыштармен, өсімдіктерді қорғау құралдарымен, техникамен қамтамасыз етілді. Қазір республиканың барлық өңір­лерінде егін ору жұмыстары жүр­гізіліп жатыр. Жұмыс қарқыны өткен жылмен салыстырғанда жоғары. Оң­түс­тік өңірде дәнді дақылдарды жинау аяқталып қалды, жұмыс 97-98 пайызға орындалды, – деді Айдарбек Сапаров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Маусымдық жұмыстарды бірінші болып тәмамдаған Жамбыл облысындағы өнімділік орташа есеппен гектарына 22 центнерді құрады. Жедел деректерге сүйенсек, республика бойынша жи­нал­ған 66,4 пайыз астықтың орташа өнім­ділігі – гектарына 11,7 центнер. Соны­мен қатар бүгінге дейін 12,2 млн тонна астық бастырылған.

– Егін ору жұмыстарын уақтылы жүр­гізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 395 мың тонна ар­зандатылған жанар-жағармай бө­лін­ді. Орташа бағасы – литріне 167 теңге. Бұл нарықтағы бағадан 10 па­йыз­ға төмен. Астық қабылдайтын лицен­зиялық кәсіпорындар сақадай сай. Республикада астықты сақтаудың жал­пы сыйымдылығы 28,8 млн тоннаны құ­райды. Бұл сыйымдылық өнімді сақтауға жеткілікті. Жедел деректерге сәйкес, бүгінде элеваторларға сақтау үшін 1,3 млн тонна астық түсті. Оның ішінде жұмсақ бидайдың 897 мың тоннасы сапалық көрсеткіштерге сай болып шықты, – деді бірінші вице-министр.

Еске сала кетейік, биыл ауыл шаруа­шылығы дақылдарының жалпы көлемі 22,7 млн гектарды құрады. Оның ішін­де дәнді және дәнді бұршақты дақылдар алаңы – 15,8 млн гектар, майлы да­қылдар – 2,9 млн гектар, азықтық дақыл­дар 3,3 млн гектар.

Бірінші вице-министрдің айтуынша, биыл жиналатын астық ішкі нарықты толықтай қамтамасыз етуге жеткілікті. Сондай-ақ астықтың белгілі бір көлемін әдеттегідей экспортқа шығару жоспарлануда.

– Қазір нарықтағы трейдерлер астық бағасын асыға күтуде. Осыған дейін бел­сенділігі төмен болып келген на­рық­қа қайтадан қан жүгіре бастады. Ми­нистрлік астықты экспорттауға еш­қандай шектеу қоюды қарастырып отыр­ған жоқ. Жиын-терін жұмыстары был­тырғы деңгейді көрсеткенін айттық. Сон­дықтан экспорттық әлеуетті назарда ұстайтын боламыз. Әдеттегідей Өз­бекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түрік­менстан, Ауғанстан, Иран секіл­ді дәс­түрлі экспорттық нарықтар сақ­та­лады. Жалпы, Қазақстанның астығын әлем­нің 40 шақты мемлекеті тұтынып отыр­ғанын атап өткен абзал. Биылғы мар­кетингтік жылда, яғни 2020 жылдың шіл­десі мен 2021 жылдың шілдесі ара­лығында 8 млн тонна астық экспорт­тау­ды жоспарлап отырмыз, – деді А.Сапаров.

«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК басқарма төрағасы Қанат Қарауыловтың дерегінше, қазір корпорацияда 450 мың тонна астық бар. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес көктем-жаз мау­сымында 516 мың тонна астық сатып алынды. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 24,5 млрд теңге бөлінді. Осы орайда республиканың 370 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші кәсіпорны қаржыландырылғанын атап өткен жөн. Корпорация астықты сатып алу бағасын жиын-терін жұмыстары аяқ­талуға таяған кезде, яғни 7-10 күннен кейін жарияламақ. Жалпы, компания
1 млн тоннадан астам астық қорын жасақ­тауды көздеп отыр.

Бірінші вице-министр Ресейден ас­тық­ты рұқсатсыз жеткізушілермен  күрес жалғасатынын айтты. Жыл басы­нан бері аталған жағдай бойынша Қазақ­стан – Ресей шекараларының өткізу пункт­терінде 2 мыңға жуық құқық бұзу­шылық тіркеліп, 730 тонна астық шекарадан кері қайтарылған. Ал заңды түрде жеткізілген астық көлемі – 300 тонна.

 

 

Соңғы жаңалықтар