Әр Жолдаудың өз ерекшелігі, ұстанған бағыты болатыны сөзсіз. Осы тұрғыдан келгенде «бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деп Шәкәрім қажы айтқандай, бұл Жолдау да өзгерек, әдеттегіден гөрі нақты іс-қимылға негізделген, батыл қадамдарға бетбұрыс жасағанын байқатады. Мәселен, мемлекетті басқарудың жаңа үлгісінің ұсынылуы, мемлекеттік қызметкерлердің 25 пайызға дейін қысқаруы, шетелдіктерге жер сатылмайтынының нақты айтылуы назар аудартпай қоймайды.
Жалпы, әр нәрсенің, әсіресе осындай ел өміріндегі аса маңызды құжаттың өз түйіні болады. Мемлекет басшысының қоғамның түрлі саласындағы ахуалға терең талдау жасай келіп, негізінен мемлекет құрушы басты ұлттың осынау іргелі істерді атқарудағы, жүзеге асырудағы жаңа ұлттық болмыс-бітімі қандай деңгейде болуы керектігін атап көрсетеді.
Өз сөзінде Мемлекет басшысының ұлттық деген ұғымға терең мән беруін бағамдаған боларсыз. Бұл тектен тек емес. Демек, қандай іргелі сала болса да ол ең алдымен ұлтқа қызмет етуі тиіс. Ол сонда ғана өзінің ұлттық мәртебесіне лайық бола алады. Демек, барлық сала жаңғыруы, жаңаруы тиіс. Сонда ғана Президенттің атап айтқанындай, «жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныстыра алады».
Демек, ұлт қалай жаңарады, қалай жаңғырады? Оның іске асу механизмдері, тетіктері қандай? Бұл ойымыздың да кілтін Мемлекет басшысының өзі ашып берген. Және бұл бағыттағы міндеттерді де санамалап көрсетеді.
«Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт саясатын арттыру. Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады. Мен халқымыздың әлем үлгі тұтарлық жақсы қасиеттерінің көбірек болғанын қалаймын. Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі керек.
Қай кезде де ұлттық құндылықтарға бет бұрып, әсіресе халқымыздың біртуар тұлғаларының сөзіне зор мән беріп қарайтын Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл жолы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының мына бір танымал сөзін келтіре кетіпті. «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», дейді Ахаң.
Қазақтың тіл білімінде, ағарту саласында, руханиятында төңкеріс жасаған ұлы реформатор Ахмет Байтұрсынұлының сонау ХХ ғасырдың басында айтқан сөзі күні бүгінге дейін маңызын жоймақ емес, дәл осы уақыттың да талабымен терең үндесіп жатыр. Мемлекет басшысының Ахаңды айтқаны – Алашты айтқаны деп білу керек. Демек, Алаш идеясын тірілтіп отыр. Алаш қайраткерлерінің сөзіне жан бітіріп, солардың айтқанын жаңа заман болмысымен бітістіру. Айналып келгенде осы ұлы қағидаттарды жүзеге асыратын да, орындайтын да білімді, білікті, парасат-пайымы мол ұлттық кадрлар. Яғни мемлекеттік қызметкерлер – мемлекеттік қызмет саласында 25 пайыз қысқарту болатынын айтқан Президент, енді жаңа қағидаттармен жұмыс істейтін қызметкерлердің саны емес, сапасы маңызды екенін меңзеп отыр. Кезінде Алаш қайраткерлері шенеуніктерді, яғни мемлекеттік қызметкерлерді елдің сөзін сөйлейтін, елге қызмет ететіндер – мемлекетшілдер және өз қарақан басын күйттейтіндер деп екіге бөліп қараған. Мемлекет басшысының ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруда ХХІ ғасырдың ұрпағы қандай болу керек дегендегі санамалап көрсеткен қағидаттары да осы пікірмен терең үндесіп жатыр.
Әдетте, осы күнге дейін қоғамды ұлттық идея бар ма, ұлттық идеология қай деңгейде деген сауал мазалап келеді. Аталмыш Жолдауда осы сұраққа нақты жауап берілген деп ойлаймын. ХХ ғасырдың басында айтылған Ахаңның ұлы сөзінен туындатып айтқан Мемлекет басшысының ой-пікірі, ұсыныстары біздің басты ұлттық бағдарламамызға айналуы тиіс деп білемін.
Ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру жолындағы біздің бар ізгі ісіміз, ұлттық идеямызды Мемлекет басшысының ұлы Ахаңның даңқты сөзінің аясынан іздеп, өзінің ұстанымдарын осы сөзден тарқатып айтуына баршамыз ден қойып, басты бағдар етіп ұстануымыз керек.
«Әр ұлт өзінің ең асыл қасиетін адамзатқа ортақ қазынаға айналдыра алмаса, ол ұлттың қасіретті қылмысы саналады», депті Рабиндранат Тагор. Демек, ұлтымыз өзінің жаңа заманға сай жаңа болмысын қалыптастыра білгенде ғана Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, «біз сонда ғана бәсекеге қабілетті мемлекет, зияткер ұлт қалыптастыра аламыз», адамзатқа қосатын ортақ қазынамыз да қомақты, ұялмайтындай болары сөзсіз.
Әдетте елдік, ұлттық мүдде сөз болғанда ел зиялылары ауызға алынады. Зиялы, тұлға дегеніміздің өзі ұлтқа бағыт-бағдар беруші, ұстын болатынын айтсақ, оларға жүктелер жауапкершіліктің жеңіл емес екені түсінікті. Шын мәніндегі зиялы адам сол халықтың айнасы. Демек, болашақ ұрпақ сол айнаға қарап бет түзейді. Оның сөзі, ілімі өнеге болуға, жаңа бетбұрыстарға серпін беруі қажет. Мемлекет басшысы айтқандай, «қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру. Сондай-ақ ұлт сапасын арттыру». Демек, зиялының міндеті жаңа қоғамға тез бейімделіп, өткеннің өнегесін бүгіннің болмысымен ұтымды байланыстыру. Айтқандай, бұл істе зиялыларға жүктелер міндет ауқымы орасан зор. Бұл ретте Жолдауда айтылғандай, «боссөзділік пен бөспелік, мақтаншақтық қоғамның дамуын тежейді. Бұл туралы Абай «Өңкей жалған мақтанмен, шынның бетін бояйды», деп ашық айтқан. Бұл мәселе бүгінгі күні де өзекті болып отыр» делінеді.
Шынында мақтау, мақтан бұл таудан құлаған тасқын секілді. Орынсыз мақтау, жалған ақпарат, есеп беру бұл ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруға сызат түсіретін аса қатерлі дерт. Біз бұл биікке, ұстанымға кісі бойындағы көп кемшіліктерді жоятын еңбек арқылы ғана жетеміз.
Әркім өз ісімен айналысып, жауапкершілігін жете сезініп, сол жолға білім-білігін, парасат-пайымын жұмсай білгенде ғана ісіміз нәтижелі болмақ. Құр бос сөз, даңғазаның уақыты өткен. Қазір нақты істер, жаңа идеялар заманы. Ата-бабамыздың ұлы мұратын, осы елді қолымызға аманаттап тапсырған ұлы тұлғалардың қажыр-қайраты, табанды еңбегін, ұлы рухын бойымызға серік еткен жағдайда, жаңа заман талабына ұштастыра білгенде ғана біз ұлттың жаңа болмысын қалыптастыратын мерейлі күнді еншілейміз, Алаш баласының жүз жылдық арманына сөз жоқ қол жеткіземіз. Сонда ғана біз Жолдаудың тоқетер түйін сөзі болған ұлттың жаңа болмысын жасауға, ұлы Абай айтқан «толық адам» ұғымына бір табан жақындай түсеміз.
Қали СӘРСЕНБАЙ,
«Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы, Алматы қалалық мәслихатының депутаты