Назаретте өткен бәсекеде қос команда да жеңіске жету үшін барын салды. Қос тарап та аянып қалған жоқ. Десек те ұзаққа дейін олар бір-бірінің қақпасынан саңлау таба алмай, біраз әбігерге түсті. Тек бірінші кезеңнің соңғы секундтарында Елхан Астанов мергендік танытып, жерлестерімізді алға шығарды. Үзілістен кейін де жоғарыдағы жағдай қайталанды. 90+1 минутта Итамар Швиро таразы басын теңестірді. Алайда жергілікті жанкүйерлердің қуанышы ұзаққа созылмады. Арада үш минутке жетер-жетпес уақыт өткенде Оралхан Өміртаев нысананы дәл көздеп, Қазақстан құрамасына жеңіс сыйлады. Есеп – 1:2.
Іріктеу турнирінің алтыншы тобында өнер көрсететін жерлестеріміз осы жеңістен кейін екінші орынға көтерілді. Әзірге қоржынымызда 10 ұпай бар. Ал көш басында – Испания құрамасы. Пиреней түбегінің түлектері 16 ұпайды еншілеп отыр. Келесі кездесуді біз 8 қазанда өз алаңымызда Солтүстік Македонияға қарсы өткіземіз.