Аймақтар • 09 Қыркүйек, 2020

Инвесторлармен жұмыс оң нәтижесін беріп отыр

178 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгінде Алматы облысының инвестициялық портфелінде 2029 жылға дейін жүзеге асатын 469 жоба бар. Бұл дегеніңіз 4,9 трлн теңге қаржы жұмсалатын жеке бастаманың сөз жүзінен шындыққа айналуына жол ашылады дегенді білдіреді. Егер осы жобалар сәтімен іске асса, облыста 44 000 адамға тұрақты жұмыс орны ашылады, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Инвесторлармен жұмыс оң нәтижесін беріп отыр

Және мұның бәрі құр қиял емес, нақты іске ұласқан бастамалар екені қуантады. Бұйырса, алдағы 2-3 жыл аралығында жеке инвесторлардың ісі жемісін бере бастамақ. Дерек бойынша, қазір аймақта 279 жоба нақты іске ұласып, аяқталу сатысына жақын қалған. Құйылған қаражаттың жалпы көлемі 3,2 трлн теңге шамасында екен. Бұл негізінен өңдеу өнеркәсібі саласына қатысты жобалар болып отыр. Нәтижесінде 21 000 жұмыс орны ашылады. Қазір өңірде трансұлттық компаниялардың қатысуымен 9 жоба іске асырылып жатыр. Тартылған инвестиция көлемі 140 млрд теңгені құрады. Айтпақшы, Алматы облысындағы аталған 9 жоба жалпы еліміз бойынша трансұлттық компаниялардың қатысуымен іске асқан 19 жобаның маңдайалдысы. Яғни, жоғардағы игі жақсы инвестордың Жетісуға жиі мойын бұратындығының бір дәлелі осы болса керек. Нәтижесінде «Лукойл» компаниясы,«WILO Central Asia» компаниясы, «Eneverse Kunkuat» компаниясы, «Кумсуат Фарм» компаниясы, «Alugal» компаниясы, «Маревен Фуд Тянь-Шань» компнаиясы, «Империя Фуд» компаниясы, «KIF Warehouses» компаниясы сияқты әлем нарығына танымал, өнімдері жоғары сұранысқа ие алпауыттардың өндірісі жұмыс істеп тұр. Олар Алматы облысының экономикасына қаржы құюмен шектеліп қалмай, отандық мұнай-газ өнеркәсібі, фармацевтика, агроөнеркәсіп кешені мен басқа да саладағы өндірістің дамуына серпін бергені анық.

Ал өңірдің дамуына өзіндік үлес қосып отырған мемлекет пен жекеменшік арасындағы әріптестіктің де маңызы зор. Әсіресе, ішкі инвесторлардың иінін жұмсартып, экономиканың дамуы мен әлеуметтік бағыттағы мәселелерді шешуге көндіру иглікті іс екенін анық. Демек, дәл осы бағытта Алматы облысында атқарылған істің сауабы мол. Мәселен, қазір облыстың қоржынында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жалпы сомасы 84 млрд теңге болатын 51 жоба бар екен. Оның ішінде құны 54 млрд теңге болатын 30 жоба бойынша келісімшарт жасалған. Ал тартылған инвестиция көлемі 27 млрд теңгені құрайды.

Дерек бойынша, мемлекет пен жекеменшік арасындағы әріптестік аясында 22 нысан іске қосылған. Оның ішінде 15 жоба білім саласына қатысты екен. Жалпы, жекеменшік тарапынан әлеуметтік нысандардың құрылысына қаржы салу дерегінің көбеюі құптарлық жағдай. Атап айтқанда, өңірдің медициналық мекемелеріне ақпараттық жүйелер кешенін енгізуге ынта білдірге нинвесторлардың қадамы денсаулық сақтау саласын цифрландыру мақсатындағы маңызды жоба болды. Осы жобаның аясында Талдықорған қалалық көп салалы ауруханасының базасында жоғары өнімділікті серверлер арқылы мәліметтерді өңдейтін жағдаяттық орталық құрылды. Сервер өңірдің 13 медицина мекемесінде жасалған барлық рентгендік зерттеулер бір жерге жинақтап, сақтай алады. Бұл өз кезегінде науқастың диагнозын ерте анықтауға мүмкіндік беріп, екінші жағынан радиолог дәрігердің жетіспеушілігі мәселесін шешуге ықпал етеді. Осылайша, денсаулық сақтау саласын цифрландыру  жасанды интеллекті нақты тәжірибеде қолдану мен озық ғылыми жетістіктерді пайдалануға жол ашты. Соның нәтижесінде онкологиялық ауруларды диагностикалауда өкпе және сүт безі рагын ерте бастан анықтау 13 пайыздан  60 пайызға дейін артқан. Яғни, ерте кезеңнен диагностикалау ісінің халықтың өмір сүру ұзақтығын арттырудағы маңызы зор. Сондай-ақ, Қарасай ауданында заманауи технологиямен жабдықталған медициналық зертхана мен Талғар ауданында ашылған 60 орындық оңалту орталығы да екі жақты әріптестіктің нақты дәлелі болып отыр.

Мемлекет пен жекеменшік әріптестінің әлеуеті өңірдегі спорт саласының инфрақұрылымын дамытуға да оң әсерін тигізді. Жоба қолға алынғалы бері облыста спорт бағытында жалпы сомасы 22 млн теңге болатын 5 жоба жүзеге асырылды. Облыстың әр түкпірінде салынған дене шынықтыру-сауықтыру және спорт кешендері әр түрлі жастағы тұрғындардың, әлеуметтік әлжуаз топтардың, ауыл тұрғындарының спорттық инфрақұрылым нысандарына қолжетімділігін арттырды. Сол сияқты спортпен айналысатын, саламатты өмір салтын ұстанатын тұрғындар қатарының артуына жағдай жасады. Солардың қатарындағы ең ірі жобалардың бірі – облыс орталығында салынған олимпиалық типтегі жабық жүзу бассейні. Жобаның құны 13 млрд теңгеден асады, жалпы алаңы 27 мың шаршы метр. Нысан жүзуден, аквааэробикадан, су добынан, суға секіруден оқу-жаттығуларын өткізуге арналған. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жаттығуына да жағдай жасалған.

Ал биыл Алматы облысында жалпы сомасы 30 млрд теңгеден асатын 21 жоба іске асуы тиіс. Соның ішінде білім саласында құны 2,5 млрд теңгені құрайтын 21 жоба болса, денсаулық сақтау мен энергетика салаларында 16,6 млрд теңге көлеміндегі 6 жоба бар. Және құны 2,4 млрд теңге болатын екі жоба спорт саласына қатысты екен. Сол сияқты,туризм, мәдениет, қауіпсіздік саласы бойынша да екі жақты әріптестік орнап, 10 млрд теңгеге жуық қаржы игерілмекші.