Журналистермен онлайн кездесу барысында «Алматы» телеарнасының бас директоры Нұржан Мұхамеджанова: «Жеңістің 75 жылдығына арналып түсірілген «Алматы жүрегімде» телехикаясы сұрапыл соғыс кезеңіндегі зиялы қауымның өмірінен сыр шертетін, шынайы оқиғаға негізделген фильм. Ел басына қиын-қыстау күн туған кезеңде соғыс аймақтарынан эвакуацияланған азаматтарға пана болып, интеллигенция өкілдерінің басын қосқан Алматы дамылсыз жұмыс істеген өндіріс орындарының арқасында майдан даласына дем беріп отырды», деп атап өтті.
Алматы тарихына қатысты осындай сюжеттерді арқау еткен фильм 12 серияға негізделген.Түсіру идеясы «Алматы» телеарнасына тиесілі десек, фильмнің бас продюсері – Әлия Увальжанова, сценарийін жазған – Лейла Ақынжан, қоюшы-режиссері – Елдар Қапаров, қоюшы-операторы – Самат Шәріпов. Басты рөлдерде Роза Мұқатаева, Алдияр Байракимов, Данил Попов және Гүлмира Дайрабаева ойнайды.
Фильм желісі бойынша 1942 жылы қыс айында Ресейдің танымал жазушысы П.Корчевский қызы Алламен бірге еліміздің астанасына қоныс аударады. Алла Корчевская – дарынды әрі жас опера әншісі. Зұлмат соғыс басталардан бұрын анасынан айырылған Алла үшін алдағы өмір оңайға соқпайды. Жанарына жас тола, жаны мұңға толы қызының жабырқаулы күйі әкеге де оңай соқпағаны белгілі. Эвакуацияланған мәдениет қайраткерлерінің басым бөлігі «Лауреатникте» өмір сүрсе, П.Корчевскийді қазақтың танымал жазушысы І.Қасымов өз үйіне шақырады. Осы кезеңдерде І.Қасымовтың ұлы Әмір Аллаға ғашық болады. Әмір – сымбатты әрі дарынды музыкант. Ол бойжеткенді Кеңес Одағының әйгілі әртісінің қатысуымен өтетін «Бақшасарай фонтаны» балетіне шақырады. Содан бері Опера театры Алланың өмірінің бір бөлшегіне айналады.
«Алматы жүрегімде» телехикаясында кейіпкерлер соғыстың ауыртпалығына қарамастан, жарқын болашақтан күдер үзбей, кедергілерге мойымайды. Актриса Роза Мұқатаева бас кейіпкерді сомдаудың өте қиынға түскенін айтып, «Алланың қиын тағдыры мені жылатты да, жабырқатты», – дейді. Дегенмен де тағдыр тартуы оңай болмаған Алла бар қиындықты еңсеріп, өз махаббаты үшін күресе білді.
Фильмге түсу барысындағы әсерлерімен бөліскен Данил Попов, Айбек Серікханов махабатты арқау еткен телехикаяда соғыстың ауыр аурасына ену, сол кезеңнің кейіпкеріне айналудың оңай болмағанын айтады. Ал оқиға желісін көрермен жүрегіне жеткізе білу актер үшін ең басты шеберлік. Фильм қаншалықты ауыр кезеңдегі адамдар өмірін суреттегенімен, махаббатқа адал бола білген екі жастың табысуымен аяқталады. Еліміздің мәдени орталығы оңтүстік астананың ІІ дүниежүзілік соғыс жылдарындағы рөліне деген ықыластан туған фильм 14 қыркүйектен бастап көрерменге жол тартады. «Алматы» телеарнасы жыл соңына дейін мұнымен қоса үш телехикая мен бірқатар тың жобаларды ұсынғалы отыр.
АЛМАТЫ