Қоғам • 10 Қыркүйек, 2020

Ерте жастағы некенің зардабы көп

2943 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтанда «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының (ҚҚДИ) ұйымдастыруымен «Ерте жастағы неке» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиын барысында сарапшылар Қазақстанда жүргізілген әлеуметтік зерттеудің қорытындысымен таныстырды.

Ерте жастағы некенің зардабы көп

Дөңгелек үстелге «Рухани жаңғыру» ҚҚДИ сарапшылары, сондай-ақ осы тақырыпта зерттеу жүргізіп жүрген қазақ­стандық және шетелдік мамандар қатысты. «Рухани жаңғыру» ҚҚДИ төрағасының орынба­сары Әсем Қайдарованың айтуын­ша, адам өміріндегі бас­ты құн­дылықтардың бірі отбасы екенін ес­керсек, ерте жастағы неке бү­гінде қоғам үшін өте ауыр әрі өзек­ті проблема болып тұр.

«Ерте жастағы неке бүгінгі қоғам үшін өте үлкен проб­лема. Статистиканың өзі де ер­те жастағы некелердің 90 пайы­­зының болашағы жоқ еке­нін, арты ажырасуға апарып соғатынын көрсетіп отыр. Осы саладағы сарапшылардың пікі­рінше, отбасының бұзылуы да көп жағдайда ерте шаңырақ кө­тергеннен болады. Өйткені от­басылық өмірге психологиялық тұрғыда дайын болмаған бозбалалар мен бойжеткендер арасында алғашқы жартыжылдықта 15-18 жасында аяғы ауыр болған 3398 жағдай тіркеліпті. Оның 552-сі түсік тастауға жүгінген. Зерт­теу барысында ерте жастағы некелердің көбі тұрақсыздыққа әкелетінін және арты ажырасуға апарып соқтыратынын анық­тадық. Өйткені екі жас арасында өзара түсініспеушілік туындап, бір-бірін кеш тани бастайды. Сонымен қатар жас келіннің отбасылық рөлі шектеліп, үй шаруасы мен бала тәрбиесінен әрі аса алмайды. Ерте жастағы некелердің әртүрлі факторларын зерттеп, Қазақстандағы ген­дерлік кемсітушілік пен мар­гиналдықтың деңгейін анықтауға болады», деді Әйгерім Әшімова.

Жалпы, ерте жастағы неке­лер­дің себебін зерттеген сарапшылар көп жағдайда жастық мак­симализмнің әсерінен жастардың отбасын құруға асығатынын ай­тады. Бұдан бөлек, ерте есейіп, отбасылық өмірдің дәмін та­туға асығу да жастардың ерте ша­ңырақ көтеруіне себеп болады екен. Ал қыздар үшін от­басылық жағдайға байланыс­ты әке-шешесінің үйінен кетуге асығуы да ерте тұрмыс құ­руға апарып соқтыратынын жоқ­қа шығармайды. Осы орайда сарапшылар ерте жастағы некенің зиянын да тізіп өтіп, солардың қатарына жыныстық жолмен келетін аурулар жайлы білместіктің кесірінен болатын зардаптарды да жатқызды. Сондай-ақ бала тәрбиесіне дұрыс көңіл бөле алмау, әйелдердің әрі қарай білімдерін жетілдіре алмауы, содан туатын зорлықтар мен кемсітушіліктер де бар. Осының бәрі және алып қашу, аяғы ауыр болып қалу сынды мәселелерден кейінгі мәжбүрлі неке құрудың көбі ажырасуға апарып соқтырады екен.

«Сайып келгенде, әлеумет­тік зерттеуге қатысқан респондент­тердің барлығы дерлігі неке құру үшін ең оңтайлы жас – 25 және одан жоғары дегенді атап өтті. Яғни алдымен білім алып, одан кейін мансап құрып, өмірлік тәжірибе алған соң ғана көтерген шаңырақтың баянды болатынын меңзейді», деді Әсем Қайдарова.

Әлеуметтік зерттеудің қоры­тын­дысымен Отбасы институ­тын зерттеу орталығының же­текшісі Әйгерім Әшімова таныстырды. Сарапшының айтуынша, 2019 жылы 984 қыз кәмелеттік жасқа толмай неке қиған. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, кәмелеттік жасқа толмай үйленген бозба­лалар­дың саны былтыр 70 болған. Сондай-ақ сарапшы ерте аяғы ауыр бол­ған әйелдердің де кестесін ұсынды. Соған сүйенер болсақ, биыл­дың өзінде кәмелеттік жасқа толмағандар арасында жылына орта есеппен 33 мың неке тіркеліп отырады деген сөз.

«Сондықтан мұндай проблема бүкіл әлемде бар. ЮНИСЕФ-тің анықтамасы бойынша ша­ңырақ көтерген екі адамның бірі кәмелеттік жасқа толмаған бол­са, мұны «Балалар некесі» дейді. Яғни бізге де әр нәрсені өз атымен атауымыз керек және мұнымен бірлесе күресіп, алдын алуға міндеттіміз», дейді Нора Сүйінәлиева. 

Дөңгелек үстелдің қорытын­дысы бойынша «Рухани жаңғы­ру» ҚҚДИ сарапшылары бойжеткен қыздардың біліміне, жы­ныс­тық тәрбиесіне, жалпы жан-жақты дамуына отбасы, қо­ғам және мемлекет болып бірге инвес­тиция құю қажет деген тоқтамға келді. Яғни қыздардың білім деңгейін арттырып, ерте жастағы некеден келетін кесапаттар жөнінде, кәмелеттік жасқа жетпей жыныстық қатынасқа түсудің зияны жайында жан-жақты ақпараттандыру мен үгіт-насихатты күшейту қажет.