«Ақтау – Бозжыра – Қарынжарық – Булыойық үңгірі» бағыты бойынша туристік сапарға шыққан топтан жасөспірім баласымен бірге бөлініп, басқа жолға түсіп адасып кеткен Ольганы іздеу өзгелерге екі күндік жұмыс болды.
– 4 көлік болып 29 тамызда туристік сапарға шығып, арада бір тәулік өткенде Үстірт қорығына жеттік. Сол жерге түнеп, ертеңінде туристер соңғы нүкте – Бұлойық үңгіріне қарай аттанған едік. Кетіп бара жатқанда Ольга бізге басқа жолмен баратынын ескертті. Өйткені ол бұған дейін де әлгі үңгірге бірнеше рет барған. Көлікте жанармай жеткілікті еді. Біз үңгірде кездесеміз деп келістік. Бірақ діттеген жерге жеткенде Ольганы таппадық. Ол бәріміз жолға аттанған нүктеге қайтып кеткен болар деген оймен келген ізімізбен кері қайттық. Бірақ оны еш жерден таппадық. Шекарашылар мен қорықшылар ешқандай көлік көздеріне түспегенін айтты. Біз өз бетімізше іздеуге кірісіп кеттік. Жолай «Легион тур» бірлестігінің адамдарын кездестірдік, олар өз шаруасын ысырып қойып, бізге көмекке келді. Жарты тәулік іздеп, таппаған соң Жаңаөзенге барып, әйел мен бала жоғалғанын хабарладық. Сосын жоғалғандарды іздеуге құтқарушылар жедел қосылды, дейді құрбысы Ирина Муравьева.
Іздеу жұмыстарының нәтижесінде Ольга мен баласы табылды. Олардың көлігі беймәлім себеппен өртеніп кеткен екен.
– Екеуінің ас-суы аз еді, оның үстіне құла түзде қорықтың жыртқыш жануарлары бар, оларға шынымен үлкен қауіп төніп тұрған болатын. Егер құтқарушылар жедел қимылдамағанда әйел мен баланың жағдайы не болар еді, кім білсін. Біз Ольга мен баласын құтқаруға атсалысқан барша жанға шынайы ризашылығымызды білдіреміз, – дейді Ирина Муравьева.
Туристік сапарда сақтық басым болу шарт, жапан далада жолды білемін деу – сол даланың перзенттеріне ғана жарасады.
Маңғыстау облысы