Жергілікті тұрғындар оның басын күтіп-тазалап, гүл егіп отыратын көрінеді. Оның асқан ерлікпен қаза тапқанын да көзі көргендер айтып кетіпті. Фашистер шоғырланған ортаға ол жасырынып барып, бірнеше граната лақтырған екен. Өзі де ауыр жараланады. Хутор тұрғындары оны жасырып, бір үйде бағады, бірақ ауыр жарақаттан жауынгер қайтыс болады.
Ал костель қызметкерінің шіркеу кітабындағы жазуына қарағанда ол Солтүстік Қазақстан облысының Октябрь ауданындағы Бағанаты ауылының тумасы. Есімін Кассе Себеро деп көрсеткен. Бұл Қасым Сибирьден (Себеро деген осы Сибирь деген сөзге ұқсайды ғой) немесе Солтүстіктен деп болжауға негіз болып отыр. Режиссер Бағанаты ауылынан соғысқа аттанғандардың арасынан 3-ақ адам хабарсыз кеткенін де анықтап келіпті. «Демек, осылардың біреуі Словенияға жерленген батыр болуы мүмкін», дейді режиссер.
Сергей Әзімовтің айтып берген деректері осындай. Ол мұны Қазақстан елшілігінің қызметкерлерінен естіпті. Қазақ солдатының зираты сондай жақсы күтімде екенін көрген ол қатты тебіреніп, деректі фильм түсіруді қолға алғаны сол екен. Мақсаты – батырдың туған жерін түсіріп, туыстары, таныстары болса – әңгімелерін жазып алғысы келген.
Сөйтсе мұндағы жұртқа Кассе Себероның есімі осыдан екі жыл бұрын белгілі болған екен. Тіпті Жамбыл ауданынан оның туыстары да табылып, хабарсыз кеткен біздің ағамыз болуы керек деген болжамдар айтылған. Олардың айтуына қарағанда, батырдың аты-жөні Қасым Жақыпов. Кассе дегенді олар Қасым деп қабылдағаны хақ.
Алайда Октябрь ауданында туған деген деректі алға тартушылар оның бұл адам екені нақты емес дейді. Соның ішінде облыстық архивтің директоры Сәуле Мәлікованың айтуына қарағанда, құжатты негізде дәлелденбеген соң оны Қасым Жақыпов деп айту қиын. Архив директорының өзі Бағанаты ауылынан хабарсыз кеткендер 3 емес 10 екенін анықтаған. «Біз бұрынғы Октябрь, қазіргі Шал ақын ауданының әскери комиссариатындағы барлық құжаттарды ақтарып шыққанбыз. Сол кездегі Бағанатыда 42 үй болса, сол жерден 48 адам әскерге шақырылыпты. Аты-жөндерін де атап берді. Соның 10-ы хабарсыз кеткен екен», деді ол. Зерделеу барысында соның ішінде партизандар болғаны анықталған. Сәуле Зейноллақызы олардың кім екендерін де атап берді. Солардың ішінде Жианша Есімсейітов деген бір жауынгер Словения маңындағы партизан отрядында болғаны анықталған. Кассе Себеро осы шығар деп жүрсе – ол Италияның Триест қаласының маңында жерленген болып шықты. Словения мен Италияның жері жапсарлас болғанымен бұл жауынгердің зираты табылғаннан кейін Кассе Себероның бұл емес екендігі анықталған.
Сөйтіп Кассе Себероның туыстары табылмай, режиссердің Қызылжар өңіріндегі жолы болыңқырамады.
Солтүстік Қазақстан облысы