Ауыл • 10 Қыркүйек, 2020

Мал – баққандікі емес, барымташынікі болып тұр...

1350 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мал баққан ауыл адамының көрген бейнеті мен тартқан азабын ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жем-шөбін шашпай-төкпей жинап алып, ауру-сырқауының алдын алу, күн сайын қора-қопсысын тазалап, өрісте жүріп өрістеп кеткенін сандалып соңынан іздеу де бір бейнет. Малсақ адамның жыл он екі ай көретіні – осы. Ол ол ма, ит жетектеп төрт аяқты түз тағысынан қору былай тұрсын, екі аяқты барымташының залалы мен зардабы жанға батады. Өткен сегіз айдың өзінде қылмыстың нақ осы түрі 2174-ке жетіп отыр.

Мал – баққандікі емес, барымташынікі болып тұр...

 

Несін жасырайық, өндіріс ошағы өркендеп тұрмаған елді мекендердегі ауыл тұрғындары үшін күнкөрістің бірден-бір көзі – алдындағы малы. Соған сенеді, соған сүйенеді. Борда­қылап соғымға сойсам, той-томалақ, өлім-жітімде бауыздасам дейді. Дү­кен­дегі қарызымды қайтарып, өсіп келе жатқан ұл-қыздың оқу ақысын төлесем, көйлегін көк, қарнын тоқ етсем деп жарғақ құлағы жастыққа тимейді. Соны ойлап жаз болса аптап ыстық, енді бірде жауған жаңбырмен жағаласып жем-шөптің жағдайымен жүргені. Екінің бірінде техника қайдан болсын, сол орған шөбін тасымалдайтын жанар-жағармай шығыны, жеткізіп берушінің қолақтығы тағы бар. Қыс түссе әлгі орған жем-шөбі жер қарайғанша жете ме, жоқ жетпей ме деп тағы сол сары уайымға салы­нады. Сол еңбегі еселеніп қайтса жақ­сы ғой. Алып-сатарлардың алдап-арбауымен мал да қымбатқа бағалана қоймайды.

Сондағы өкініштің ең сорақысы айлап-жылдап баққан малдан бір-ақ сәтте айырылып қалып, сан соғып отыру болса керек-ті. Бәрінен бұрын барымташылардың осы әдеті өзекті өртейді.  Осы мәселені Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі назарда ұстап келеді. Мәселен, өткен жылы сәуірде Президент Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа оты­рысына қатысып, барымтаға барудан бас тартпайтындарға қатысты заң­ды қатайтуды тапсырған еді. Сол жылы маусымда Президент Жамбыл облысының тұрығындарымен кездесу кезінде «Соңғы кезде қорадағы малын таппай қалатын азаматтар көбейіп барады. Өткен жылы елімізде 5,5 мың мал ұрлығы тіркелген. Ұрлық жақсылыққа апармайды! Бұған ты­йым салу керек! Адал еңбек етіп, кү­нін көріп отырған малшыларды қор­ғауымыз қажет! Заңды қатайтып, қылмыскерлерді сыбайластарымен қосып, қатаң жазалау керек», деп айрықша атап өткен болатын.

2019 жылы қазанда Президент өзінің Twitter-дегі жеке парақшасында осы мәселеге қатысты «Заңға өзгер­тулер енгізуді тапсырдым: алкогольді ішімдіктердің кез келген түрін ішкен күйінде көлік жүргізгені, сондай-ақ мал ұрлығы үшін берілетін жазаны қатаңдату қажет» деп жазды. Мемлекет басшысы бір емес, бірнеше мәрте ескерткен соң, қандай да бір қозғалыс болу керек еді. Ақыры, сол қадам өткен жылдың соңында жасалды. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Қылмыстық кодекске «Мал ұрлығы» туралы жеке бап ен­гізілгенін хабарлады. Аталған бапта ауыл тұрғындарын алаңдатып отыр­ған барымташылардың жазасы кү­шейтілді. Яғни, заң бұзушылықтың бұл түрі аса ауыр қылмыстардың қатарына жатқызылды.

Мұндайда еліміздің заң шығару органы неліктен осындай қадамға бар­ды деген заңды сауал туындай­ды. Оны да айтайық. Мәселен, бұ­ған дейін еліміздегі Қылмыстық-процес­суалдық кодекстің 147-бабына сәйкес, заң бұзушыларды қамауға алуды бұлтартпау шарасы ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасаған азаматтарға ғана қолданылып келді. Сонымен қатар Қылмыстық кодекстің 68-бабы­на сүйеніп, аса ауыр емес немесе ауыр­лығы орташа қылмыс жасаған адам жәбірленушімен, арыз берушімен татуласқан (соның ішінде медиация тәртібімен), келтiрген зиянның орнын толтырған жағдайда жазадан әп-сәтте құтылып шығатын еді. Бұл бір жағынан құқық қорғау органдары үшін қолбайлау болды. Олардың еткен еңбегі мен төккен тері зая кетіп, ұрылар сот залынан амалын тауып, жазадан құтылып кетіп жатты. Ендігі күні осы олқылықтың орны толып, қылмыскерлердің жауапкершіліктен «құтылып шығар жолы» жабылды. Өткен жылдың соңында Президент еліміздегі қылмыстық заңнаманы жетілдіру жөніндегі заңға қол қойды. Соның ішінде осы мал ұрлығына қатысты бап та бар. Бұдан былай, қылмыстың осы түрін жасағандар үшін «теріс қылық» пен «орташа ауыр қылмыс» деген анықтама алынып тасталды. Жаза да күшейді.

Ендігі күні бөтен адамның төрт тү­лігіне қол салған адам ең аз де­ген­де 7 млн теңге көлеміндегі айып­пұл­мен ғана құтыла алады. Айыппұл – жа­заның ең жеңіл түрі. Себебі, ба­рым­таға барғаны үшін 5 жыл бас бос­тандығынан айырылуы мүмкін. Ал егер көп адам болып топтасып, ұр­лыққа алдын ала сөз байласып бар­ған болса қылмыскерлердің бас бостандығынан айырылу мерзімі 7 жыл­ға дейін созылады. Осы адам сүй­гісіз әрекетке бірнеше рет барса немесе мал қораға кіріп ұрлық қыл­са жазалау мерзімі 10 жылды құ­райды. Сонымен қатар ұрлық аса ірі көлемде жасалып, мұнымен қоймай барымташылық қылмыстық топ болып жасалса қылмыскерлер 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Заңдағы бұл өзгерістер мен тү­зетулердің бұрынғысынан тағы бір ерекшелігі сол, осы санаттағы қыл­мыстар бойынша татуласуға мүлде рұқсат жоқ. Мал ұрлығына қатысты заң тек бізде ғана қатаңдап отырған жоқ. Мәселен, шекараның арғы жа­ғын­дағы Өзбекстан да қайталап ұр­лық­қа барғандарды 8-ден 15 жылға де­йін бас бостандығынан айырады екен.

Қылмыстың осы түріне бел бу­ғандарды құрықтау да оңай болмай тұр. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, оған ең алдымен өрістегі төрт түліктің қараусыз қалуы себеп болып отыр. Сонымен қатар малды жалған ветеринарлық төлқұжатпен алып жү­ру деректері көптеп кездеседі. Кей кез­дері мал иесі де ұрлық фактісі туралы тиісті органдарға кешеуілдеп хабарласатын көрінеді. Бұған қоса малды сәйкестендіру мен есепке алу кезінде де бірқатар шешілмеген мәселелер бар. Тергеу, іздестіру амалдарын қиындататын тағы бір жағдай өрісте қараусыз жүрген малды іздеуге құқық қорғау органдары тарапынан көп күш пен ресурс жұмсалады. Полиция қызметкері апталап мал іздеп, тіпті кей кездері бұл жұмысқа тікұшақ жалдауға да мәжбүр болады. Бір өкініштісі сол, осы мәселелерді оңтайландырып, жұмысты жеделдетудің амалдары әлі де жүйелі жолға қойылмай келеді.

Бүгінде елімізде ресми мәлімет бо­йынша бас-аяғы 80 мыңнан астам тәртіп сақшысы бар. Солай екен деп қылмыс саны азайып кетсе, кәне? Жыл сайын Қазақстанда жасалатын қылмыстың 70%-ға жуығы осы ұр­лық мәселесіне қатысты болып отыр. Соның ішінде осы мал ұрлығы тыйылар емес. Өткен жылдың өзінде осы сипаттағы 4700 қылмыстық іс тір­келіпті. Кейінгі бес жылда елімізде бас-аяғы 91 мыңнан астам мал ұрлан­ған көрінеді. Соның 42,5 мыңы иесіне қайтарылды.

«Қайтқан малда  береке бар» дей­ді халқымыз. Малмен қатар, заң қатаң­дағалы ырыс пен берекеміз де қайтып келіп жатқан секілді. Мәселен, өткен сегіз айда еліміздегі ұрлық саны – 52%-ға (былтыр – 98 мың, биыл – 47,5 мың), тонау – 50%-ға (былтыр – 4576, биыл – 2288), бұзақылық 46%-ға (былтыр – 4524, биыл – 2454) кеміді. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов айтып отыр. «Ауыр қылмыстың бірі – мал ұрлығы. Президент осы мәселеге ерекше көңіл бөлуде. Бүгінде мал ха­лықтың байлығы емес, ол қашан да тіршіліктің көзі. Қазақ амандасқанда алдымен «мал-жан аман ба?» деп сұ­райды. Оның мағынасы зор. Себебі, қарапайым қазақ аздаған малмен жан бағып отыр. Соңғы жылдары мал ұрлығы кәсіпке айналып, ұйымдасқан қылмыс түрі болып кетті. Сондықтан Қылмыстық кодекске «Мал ұрлау» деген жеке бап қостық. Ол өз нәтижесін беруде. Қазіргі күні мал ұрлығы 24%-ға азайып отыр», дейді М.Ахметжанов.

Оның айтуынша, барымташылар­ға қол­данылатын жазаның ауырлап, татуласуға тыйым салынуы – ұр­лық­­қа мықты тосқауыл болып отыр. Мә­селен, биылғы сегіз айда мал ұрлау фак­тісі 2174 болса, былтыр дәл осы мер­зімде 2868-ге жеткен еді. Бұл мал ұр­лығы азайып келеді деген сөз. Бұл да Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде қабылданған заңның жемісі. Мысал ретінде мына оқиғаны айтуға болады. Биыл мамыр айында Түркістан облысында мал ұрлығымен айналысқан 5 адам (қылмыстық топ) ұс­талған еді. Олар 200-ге жуық ірі-қа­раны ұрлап, ауыл адамдарын мил­лиондаған теңгеге шығынға батырды. Биыл 1 қыркүйекте сот мал ұрлығы туралы жаңа бап бойынша сол 5 бес адамның әрбіреуін 8 жылдан бас бостандығынан айырды.

 

P.S. «Қазақтың бір міні – мал ұр­лығы». Өкінішке қарай, Абай айт­қан осы бір міннен әлі де арыла алмай келеміз. Заман өзгерді дегенімізбен, адамзат баласының өзгере қоймағанына хакімнің осы бір сөзі дәлел болса керек-ті. «Көш – жүре түзеледі» ғой. Сол ұлы көшіміздің тізгінін ұстаған Мемлекет басшысы жыл санап олқылықтардың орнын толтырып келеді. Сөз жүзінде емес, іс жүзінде. Ой жүзінде емес, заң жүзінде!