Спорт • 10 Қыркүйек, 2020

Мәскеуде алтын белбеу бұйырмады

531 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сәрсенбіден бейсенбіге қараған түні Мәскеуде аралас жекпе-жектен әйгілі бапкер Абдулманап Нұрмагомедовты еске түсіруге арналған турнир өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәскеуде алтын белбеу бұйырмады

Дүбірлі додада Қазақстанның жеті бірдей өрені өнер көрсетті. Солардың төртеуі жеңіске жетті. Атап айтсақ, Сұлтан Жолдасбек (62,1) пен Гойти Дазаевтың (77,1 кило) қарсыластары жекпе-жек барысында ауыр жарақаттар алып, жарысты жалғастыра алмады. Сәбит Жүсіпов (61,2 кило) бразилиялық Рильдечи Диасты ұрып жықса, Дархан Бәкенов (+91 кило) украиналық Владимир Брикты жығып алып, ауыр соққылардың астына алды.

Ең өкініштісі, Fight Nights Global ұйымының чемпиондық атағы үшін таласқан қос қандасымыз да жеңілістің кермек дәмін татты. Мұратбек Қасымбай (65,8 кило) Мұхаммед Еминовқа ұпай санымен есе жіберсе, кештің басты бәсекесінде Дәурен Ермеков (83,9 кило) Владимир Минеевтің екпініне шыдай алмады. Осылайша, алтын белбеудің екеуі де Ресейде қалды. Тағы бір кездесуде Азамат Марқабаев Қазақстанда туып-өсіп, кейіннен Омбыға қоныс аударған Никита Балтабаевтан айласын асыра алған жоқ.

Мәскеудегі турнир барысында барлығы 16 жекпе-жек өтті. Сол бәсекелерде Усман Нұрмагомедов, Иван Еременко, Артур Пронин, Хасан Магомедшәріпов, Юсуп Шуаев, Шәміл Ирасханов, Роман Салагадзе, Шалхан Алхасов және Гела Беридзе сынды спортшылар жеңіске жетті.