Сондай-ақ «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры Алматы облысы медицина мекемелеріне қажетті құрал-жабдық та сыйлады. Бұған дейін облысқа өкпені жасанды желдету аппараттары, пульсоксиметрлер және оттегі концентраторлары бар гуманитарлық жүк келген болатын. Жалпы, қор тарапынан 4 дана өкпені жасанды желдету аппараты, 5 дана оттегі концентраторы, 60 пульсоксиметр сияқты керек-жарақ алынған.
– «Самұрық-Қазына» қоры табыстаған аппараттар ауруханалардың материалдық-техникалық базасын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл коронавирус инфекциясымен және пневмониямен күресте халыққа сапалы медициналық көмек көрсетуге ықпал ететіні сөзсіз. Гуманитарлық көмек ретінде берілген медицина аппараттары облыстың барлық ауруханаларына таратылады, – дейді Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков.
Айтпақшы, жақында облыстық денсаулық сақтау саласының иелігіне тағы 50 оттегі концентраторы берілген болатын. Құрылғыларды демеушілік көрсеткен шетелдік компания мен «ҚазМұнайГаз» компаниясы бірігіп сатып алған екен. Алынған оттегі концентраторлары да аймақтағы медицина мекемелеріне таратылуда.
Жалпы, облыстағы жедел медициналық көмек бригадасы күніне 3 мыңға дейін шақыртуға қызмет көрсетеді. Ал аймақта 165 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді. Былтырғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда шақырулар саны 2 есеге өскен. Яғни жедел жәрдем қызметкерлерінің жүктемесі ауыр болып отыр, сондықтан облыс әкімі бригада санын арттыру туралы шешім қабылдаған еді. Осы мақсатта жыл соңына дейін қосымша 100 жедел жәрдем көлігін алуға қаржы бөлінген. Алынатын көліктің жетпісі лизингімен, отызы жергілікті бюджет қаражатына сатып алынуда. Ал пандемияның болуы мүмкін екінші толқынына дайындық жұмыстарына облыстық бюджеттен қосымша 7,3 млрд теңге бөлінген.
– Бұл қаражат бірінші кезекте ауруханаларды материалдық-техникалық жабдықтауға бағытталатын болады. Атап айтқанда, 10 оттегі стансасы, 150 өкпенің жасанды желдету құрылғысы, 100 оттегі концентраторы, 3 компьютерлік томограф және 3 сандық рентген жүйелері және басқа да қажетті медициналық құрал-жабдықтар сатып алынады. Оның 500 миллионы облыстағы медициналық мекемелерге қажетті дәрі-дәрмек сатып алу үшін қарастырылған, – дейді облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов.
Осылайша, ағымдағы жылы облыстық денсаулық саласына қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету деңгейі 89 пайызға жетпек. Арнайы көліктер паркі де 75 пайызға жаңаратын болады.
Алматы облысы