01 Қараша, 2013

Ұлттық тәрбиенің ұстаханасы

470 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Талапты жастан білімді ұрпақты қалыптастырып шығу үшін ұстаз өзінің барша саналы ғұмырында тәлім-тәжіри­бе­сіне жүгінері анық. Әр заман, әр буынның тұсында өзіндік тәжірибе, жас ұрпаққа тәлім мен тәрбие берудің белгілі бір нұсқасы болып келген. Бүгінгі талапқа сай ғаламдық ғылым мен білімнің кеңістігінде қазақы санамен жаһандық жаңалықтар жасай алатын ұрпақ қалыптастыру ісі мектеп қабырғасынан жолға қойылуда. Сондай пайдалы да жанашыр тәлім технологиясын өмірге әкелген ұстаздардың бірі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Нұрша Алжамбайқызы Оразахынова. Бүгінгі сұхбатымызда «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының жүйесін тілге тиек етеміз.

– Нұрша Алжанбайқызы, «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының ерекшеліктері туралы сөз бастамас бұрын аталмыш технологияның өмірге келу идеясы қалай пайда болып еді?

Талапты жастан білімді ұрпақты қалыптастырып шығу үшін ұстаз өзінің барша саналы ғұмырында тәлім-тәжіри­бе­сіне жүгінері анық. Әр заман, әр буынның тұсында өзіндік тәжірибе, жас ұрпаққа тәлім мен тәрбие берудің белгілі бір нұсқасы болып келген. Бүгінгі талапқа сай ғаламдық ғылым мен білімнің кеңістігінде қазақы санамен жаһандық жаңалықтар жасай алатын ұрпақ қалыптастыру ісі мектеп қабырғасынан жолға қойылуда. Сондай пайдалы да жанашыр тәлім технологиясын өмірге әкелген ұстаздардың бірі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Нұрша Алжамбайқызы Оразахынова. Бүгінгі сұхбатымызда «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының жүйесін тілге тиек етеміз.

– Нұрша Алжанбайқызы, «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының ерекшеліктері туралы сөз бастамас бұрын аталмыш технологияның өмірге келу идеясы қалай пайда болып еді?

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты 2012 жылғы 27 қаңтардағы Қазақ­­­стан халқына Жолдауында мектеп оқу­шыларының функционалдық сауат­ты­лығын дамыту мақсатында бес жылдық ұлттық жоспарды қабылдау міндеті қойылған-ды. Осы міндетті жүзеге асыру барысында оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған Ұлттық жоспар жасалып, оның мақсаты мен міндеттері айқындалды.

Аталған Ұлттық жоспардың мақсаты – мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамытуға жағдай жасау. Ол үшін бірқатар маңызды міндеттер қойылды. Атап айтқанда, мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамытудың отандық және халықаралық практикасын зерделеу, мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту бойынша шаралар жүйесін іске асырудың тетіктерін анықтау, білім мазмұнын жаңғыртуды қамтамасыз ету: стандарттар, оқу жоспарлары мен бағдарламаларды ұлттық сипатқа сай жасау, білім беру үрдісін оқу-әдістемелік жағынан қамтамасыз етуді әзірлеу, мектеп оқушыларының білім сапасын бағалау және мониторинг жүргізу жүйесін дамыту, мектептің және қосымша білім беру жүйесі ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту.

– Енді, осы функционалдық сауат­­тылық деген ұғымды тарата айты­ңызшы?

– Жалпы, функционалдық сауаттылық деген ұғымды таратып айтар болсақ, жеке тұлғаның әлеуметтік, мәдени, сая­си және экономикалық қызметтерге белсене араласуы және өмір бойы білім алуына ықпал ететін базалық факторы. Яғни, бүгінгі жаһандану дәуіріндегі заман ағымына қарай ілесіп отыруы. Сонымен, функционалдық сауаттылық – адамның мамандығына, жасына қарамастан, үнемі білімін жетілдіріп отыруы. Мұндағы басшылыққа алынатын функционалдық сапалар: белсенділік, шығармашылық тұрғыда ойлау, шешім қабылдай алу, өз кәсібін дұрыс таңдай білуге қабілеттілік, т.б. Яғни, жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене және рухани тұрғысынан дамыған азаматын қалыптастыру, оның физикалық құбылмалы әлемде әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз ететін білім алудағы қажеттіліктерін қанағаттандыру болып табылады.

– Қош делік, енді шәкірт қажеттілігін қамтамасыз ету барысында қажетті білімді сатылы түрде белгілі бір жүйемен сіңіре білу үшін әзірленген кешенді жүйе туралы сөз қозғайық?

– Қазіргі күнде мектеп мұғалімдерінің тәжірибесінде біршама шетелдік отандық технологиялардың қолданылып жүргендігі баршаға аян. Солардың бірі – тікелей мектепте өзіміз үздіксіз тәжірибе жасап, мұғалімдер, оқушылар, ата-аналар тарапынан қолдау тауып келе жатқан «Сатылай кешенді талдау» технологиясы. Сатылай кешенді талдау дегеніміз – оқыту мақсаты, міндеттері, әдіс-тәсілдері, өзіндік ерекшелігі бар және оқушыларға білімді ғылыми негізде сатылай, жүйелі, кешенді меңгертіп, оларға ұлттық құндылықтарды бағалай, қолдана білуге машықтандыратын оқыту. Сатылай кешенді талдау оқушыларға қазақ тілі ғылымының мазмұны мен жүйесін, оның сөздік құрамы мен грамматикалық құрылысын, сөйлеу тілінің байлығын және әдеби тіл нормасын үйретіп, дұрыс сөйлеу, сауатты жазу дағдысын қалыптастырады.

Өзіміз бала тәрбиелеу ісінде өмірлік тәжірибеге енгізіп отырған бұл технология – қазақ ұлтының төл туындысы деп айта аламыз. Себебі, ұлттық төл технология дегеніміз – қазақ тілін оқытудан бастау алып, халқымыздың әдебиетін, тарихын, жағрафиясын, т.б. пәндердің жиынтығын құрап, оқушыларға жан-жақты білім беретін, оларды өз елінде, өз жерінде ұлтының биік тұлғалы азаматы етіп қалыптастыра алатын оқыту. Төл технологияны жасауға өзге елдің озық ой-пікірлерімен қатар, Алаш арыстары мен қазақ халқының көрнекті ғалымдарының оқыту, тәрбие туралы жасаған ғылыми тұжырымдары, әдістемелік кешендері негіз етіп алынады. «Сатылай кешенді талдауды» төл технология деп атауымызға, біріншіден, Алаш арыстарының психология, педагогика, әдістеме ғылымдарындағы ұлттық құндылыққа негізделген пайымдаулары ықпал етсе, екіншіден, ресейлік технолог-ғалым В.М.Монаховтың мына бір пікірі осы технологияны жасауға бас­ты түрткі болды, ол: «Егер сіздер өзге елдің технологиясын білім саласына енгіз­­сеңіздер, онда өздеріңіздің ұлттық құн­ды­­­­лықтарыңыздан айырыласыздар» деген еді.

– Сонымен, бұл технологияның мақсаты – қазақ баласын ұлттық төл тәрбие негізінде білімді азамат етіп шығару ғой?

– Иә, бұл технологияның мақсаты – қазақ тілінде ойын жеткізе алатын, өз ана тілінде дітін орындата алатын, қазақтың тарихы мен мәдениетін меңгерген жан-жақты білімді, мәдени ұлттық тұлға қалыптастыру. Осы мақсаттың орындалуы үшін төмендегідей міндеттер басшылыққа алынады. Олар – қазақ тілінің сөз байлығын терең игерту арқылы, әр сөздің ішкі мағынасы мен қолданыстағы ерекшелігін, сөз сырына бойлату арқылы оқушының танымдық дүниесін қалыптастыру; кез келген шаршы топта өз ойын шешен де шебер жеткізе білуге машықтандыру. Сол арқылы әр оқушының өз ана тілінің құдыретін басқаларға таныта, бағалай білуге баулу; Жазба жұмыстарын сауатты, жоғары деңгейде, шығармашылықпен орындай білуге төселдіру; Қазақ тілі өзге пәндердің негізін түсініп, терең меңгеруге басты құрал екенін саналы түрде түсінуге бағыт-бағдар беру; Түрлі шығармашылық жұмыстар жүргізу арқылы оқушыларды іскерлікке, тапқырлыққа баулу; Ана тілі негізінде екінші, үшінші тілдерді меңгерудің негізін қалау; Пәнаралық байланысты жүзеге асыру; Сатылай кешенді талдау арқылы теориялық материалды тілдік қатынасым теориясы (жазылым, айтылым, тыңдалым, сөйлесім) арқылы практикалық тұрғыдан талдап, тұжырым жасап, оны өмірде қолдана білуге машықтандыру; Әр пәннің табиғатын танытуда оқушының жеке мүмкіндігін ашуға ықпал ету.

Қазіргі таңда бұл технологияның атауын «Сатылай кешенді оқыту» деп атауды жөн көріп отырмыз. Оған себеп, алғаш қазақ тілінен бастау алғанымен бүгінгі таңда мектеп мұғалімдерінің қолдауымен он үш пәнге енгізіліп отыр. Ендігі алға қойылып отырған мақсат – осы пәндер бойынша оқулықтар жазып, білім беру жүйесіне енгізу. Сол арқылы қазақ мектебінің білім беру бағытын жаңа арнаға бұру.

– Бәрекелді, бұл дегеніңіз ұлттық тәрбиенің бастауына қоғам болып қайта оралу десек те болады екен.

– Дұрыс айтасыз, ата-бабамыз мұраға қалдырып кеткен рухани дүниета­нымы­мызды басшылыққа ала отырып, мектептерге ұлттық инновацияны енгізуге барынша күш салуымыз керек. Инновация дегеніміздің өзі – жаһандану заманында ғылымның, жаңалықтың өндіріске енгізілуі ғой. Ең басты айтарымыз, қазақ халқының ұлттық тәрбиесі – әлемде теңдесі жоқ тәрбие. Жалпы «ұлттық» деген сөздің астарында елге-жерге, тілге, ділге деген құрмет жатқандығы баршаға аян. Біздің бүгінгі жас ұрпақтың бойында, өкінішке қарай, осы ұлы қасиеттер жетпей жатқандығы жан ауыртады. Сондықтан да, оқу үдерісінде ұлттық инновацияның маңызы зор. Ізбасар ұрпақ тәрбиелеуде осы ұлттық инновациялық оқыту жүйесі басты құрал болатындығына ешкім дау айтпаса керек.

Өз ойымды Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру туралы ой-тұжырымын көрсететін мына пікірімен қорытындылауды жөн көрдім. «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологиясын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық, ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу...» деген еді Мемлекет басшысы. Бұл барлық құндылықтарды талапты жастың көкейіне сіңіруге үндеген тәлімді сөз.

Әңгімелескен

Қанат ЕСКЕНДІР,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар