Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Екінші толқын қашан болады?
Дәл осы сұрақ бәрімізді алаңдатады. Бұдан бұрын көпшілік коронавирустың бірінші толқынындағы ең қауіпті кезеңнен өткен-өтпегенімізді білгісі келеді. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы директорының бірінші орынбасары, Колумбия университетінің Орталық Азия бойынша Ғаламдық денсаулықты зерттеу орталығында еңбек еткен эпидемиолог-ғалым Бауыржан Сәбитұлы қауіпті кезеңнің артта қалғанын айтады. «Біз маусым-шілде айларында коронавирустың қауіпті кезеңінен өттік. Ашық дереккөздердегі пандемияның статистикасы тек Қазақстанда ғана емес, әлемде анық дәлдікті көрсете алмайды. Кей науқастардың ақиқатында неден қайтыс болғаны анықталмай да кетеді. Оның үстіне коронавирустық пневмонияның да ресми статистикаға енгізілуі және бұл тізімнің сол уақытта күрт артуы да қауіпті кезеңнен өткенімізді білдіреді. Бұл – әлбетте менің жеке пікірім», дейді Б.Сәбитұлы.
Эпидемиолог-ғалымның айтуынша, жоғарыдағы пікірі, яғни маман ретіндегі болжамы келесі көзқарастың қалыптасуына ықпал етеді. Айталық пандемияның бірінші толқынында коронавируспен емделіп шыққандарда осы инфекцияға қарсы антидене қалыптасқан. Ағзадағы иммунитет те аталған вируспен қалай күресуге болатынын «біліп» қалды. Бірақ бұл коронавируспен ауырған адамдар қайта жұқтырмайды деген сөз емес. Тек екінші толқын бастала қалса, ағзада және адамда жағдайға белгілі бір деңгейде дайындық пен тәжірибенің болатыны анық. Ал алдағы кезең туралы ғалым Б.Сәбитұлы: «Меніңше, пандемияның екінші толқыны қарашаның соңы мен желтоқсанның басында болады. Бұл толқынның қаншалықты ұзаққа созылуы дәл қазіргі дайындығымызға байланысты. Оған әзірлену үшін бізде 2 ай уақытымыз бар», дейді.
Вакцина туралы не білеміз?
Көбіміз вакцинаның вирустан қорғану мақсатында салынатынынан ғана хабардармыз. Ал ғалымдар вакцинаның өзін бірнеше түрге бөледі. Соның ішінде коронавирусқа қарсы әлемде әзірленіп жатқан 5 вакцинаның түрі бар. Бұл туралы биолог, Францияның Страсбург университетінің вирусологы, PhD Әсел Мұсабекова вакцина әзірлеуші топтардың негізгі бағыттары мен ұстанымдарын түсіну үшін вакцинаның түрлерін ажырату керегін айтады.
«Бірінші, тірі аттенуацияланған (attenuated vaccine) немесе әлсіреген вакцина вирусты зертханадағы жасушаларда бірнеше ұрпақ арқылы түр-өңін өзгерте өсіріп, әбден әлсірету нәтижесінде жасалады. COVID-19-ға қарсы дәл осындай бірнеше вакцина әзірленіп жатыр, бірақ одан үміт аз. Себебі вакцинаның мұндай түрін әзірлеуге ұзақ уақыт кетеді және оны өте көп мөлшерде шығаруға болмайды. Соған қарамастан вакцинаның осы түрі егілген адамда вирус жұқтыру қаупі жоғарырақ болады. Екінші бір түрі – инактивтелген (inactivated vaccine) немесе өлтірілген вакцина. Вирусты формальдегид секілді химиялық, болмаса термиялық агентпен «өлтіріп», яғни уытып әзірлейді. Үшінші, суббірлікті (оның ішінде рекомбинантты) – вирустың бір бөлігінен тұратын вакциналар, көп жағдайда вирус бетінде ақуыз болады. Вирустың тазартылған компонентінен алынған рекомбинантты вакциналар жанама әсерлері бойынша ең қауіпсіз болып саналады. COVID-19 вакцинасына үміткердің бір мысалы ретінде аустралиялық Vaxine компаниясының өнімін атауға болады. Айтпақшы, бұл компания қазақстандық ғалымдармен ынтымақтастық орнатқан. Төртінші – векторлық вакцина. Вектор негізіндегі вакцина (мысалы, аденовирус – суықтың қоздырғышы) клеткаға ене алатындай етіп өзгертілген, бірақ көбейе алмайтын вирустан гендік инженерияның әдісімен әзірленеді. Бұл вектор – өзімізді қорғағымыз келетін вирустың ақуызын шығару үшін генетикалық код (рецептура) салынған тіректің бір түрі. Ал соңғысы – толығымен жаңа вакцинаның түрі. РНК-вакцина бұған дейін ешқашан болмаған, бірақ коронавирус оның пайда болуына және дамуына үлкен ықпал етіп отыр», дейді биолог-ғалым.
Отандық вакцина қаншалықты қауіпсіз?
Енді отандық вакциналар жоғарыдағы біз анықтап алған түрлердің қайсысына жататынын білейік. Жалпы елімізде COVID-19-бен күреске екі ірі ғылыми мекеменің ғалымдары жұмылдырылған. Соның біріншісі – Ұлттық биотехнология орталығы коронавирусты анықтайтын тест-жүйе әзірледі. Қазір де осы жұмыспен айналысып жатыр. Ал Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты (БҚПҒЗИ) бес түрлі вакцина жасап шықты. Әзірге оның екі түрі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ресми сайтында арнайы тіркеуден өткен өнімдер тізіміне енгізілді. Институт ғалымдары дайындаған екі кандидаттық вакцинаға тоқталсақ: 1) Инактивтелген вакцина, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осы өнімнің әзірлеу хаттамасын тексерді және 2020 жылғы 15 мамырда өз тізіміне енгізді; 2) Рекомбинантты суббірлікті вакцина: коронавирустың тазартылған ақуызы бар. Ал мұндағы ақуыз вирусты пайдаланбай ГМО жасушаларында өндіріледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вакцинаның бұл түрін 2020 жылғы 31 шілдеде өз тізіміне енгізді. Айта кетейік, бірінші кандидаттық вакцина клиникаға дейінгі сынақтан сәтті өтті. Жоғарыда биолог, вирусолог Әсел Мұсабекованың суббірлікті вакцинаға қатысты ойынан кейін отандық вакцинаның екінші түрі қауіпсіз екенін білуге болады. Ал клиникаға дейінгі сынақтан сәтті өткен бірінші, инактивтелген вакцина небәрі 1 айдан аса уақытта әзірленді. Қазақстандағы коронавирус анықталған алғашқы пациенттен 2020 жылдың 23 наурызында потологиялық материал алынып, 1 апталық жұмыстан соң ғалымдар одан SARS-CoV-2 вирусын бөліп шығарды. Мамырдың 9 күні COVlD-19-ға қарсы инактивтелген кандидаттық вакцинаны әзірлеу жұмысы тәмамдалып, оның хаттамасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына жолданды. Осыдан соң жануарларға клиникаға дейінгі сынақ басталды.
БҚПҒЗИ директорының ғылым жөніндегі орынбасары Ерғали Әбдрайымов: «Біз инактивтелген вакцинаны тышқаннан бастап егеуқұйрық, теңіз шошқасы, макака маймылына дейін тексердік. Нәтижесінде оның зиянсыз және тиімді екеніне көз жеткіздік. Сонымен қатар институт директоры Күнсұлу Зәкәрия бастаған отандық вакцинаны әзірлеу тобындағы жетекші 7 ғалым 27 шілдеде ерікті түрде екпе салдырды. Негізі вакцинаны клиникалық сынақтан өткізудің талабы бойынша өнімнің қауіпсіздігі екпе салдырғаннан кейінгі 21 күн ішінде оны қабылдаған адамның жағдайынан көрінеді. Мінекей, белгіленген күннен асып кетті, біз отандық өнімнің зиянсыздығын дәлелдедік», деді. Маманның мәлімдеуінше, дәл осы инактивтелген вакцинаның барлық нәтижесі туралы хаттамаларын денсаулық сақтау ұйымдарына жіберген. Осы айда ерікті азаматтарға вакцинаны клиникалық сынақтан өткізу басталады.
Вакциналау тәртібі
Отандық вакцинаны клиникалық сынақтан өткізу қыркүйекте басталса, кімге, қай санаттағы азаматтарға егіледі? Мамандардың айтуынша, COVID-19-ға қарсы вакцинаны клиникалық сынақтан өткізуге қатысатын еріктілер коронавируспен ауырмаған болуы керек. Сондай-ақ олар қауіпті, созылмалы аурулармен тізімде тіркелмеуі тиіс. Бір сөзбен айтқанда, вакцинаны сынайтын еріктінің ең алдымен денсаулығы мықты болуы шарт. Негізі вакцинаны клиникалық сынақтан өткізудің өзі 3 кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңінде ондаған ересек еріктілерге екпе егіледі. Бұл кезеңде вакцинаның ағзаға, иммундық жүйеге қауіпсіздігі тексеріледі. Екінші кезеңде жүздеген адамға вакцина салдырып, мақсатты топ арқылы екпенің дозасы анықталады. Ал үшінші кезеңде мыңдаған ерікті азаматтарға вакцина егіп өнімнің эпидемиялық тиімділігі тексеріледі.
Міне, осы кезеңнің бәрінен сәтті өтсе, клиникалық сынақ толығымен аяқталады. Содан кейін ғана, дәлірек айтқанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ресми рұқсат берген соң вакциналау басталады. Вакциналау тәртібі бойынша кемінде 10 мыңнан аса адамға екпе егу керек. Ал екпе мыңдаған, тіпті миллиондаған адамды вакциналауға дайын делік. Бұл үшін ғалымдар күні-түні жұмыс істеп жатыр. Оған журналистік сұрағымызға жауап беруге мүмкіндік таба алмай сабылып жүрген ғалымдардан көз жеткізіп отырмыз. Иә, Қазақстанда отандық вакцинаны әзірлей алатын ғалымдар болғанымен, өнімді миллиондап шығаратын зауыт жоқ. Сондықтан еліміз қай елдің толық тексерілген, қауіпсіз вакцинасы дайын болса, сол екпемен халықтың 20 пайызын қамтамасыз етуге кепілдік беретін халықаралық консорциумға кірді.
Вакцинаға қол жеткізгенімізбен, вакциналау қалай жүргізіледі? Сарапшылардың бір тобы әуелі иммунитеті төмен, қарт адамдар мен созылмалы ауруы бар жандарға екпе егу керегін айтады. Ендігі бір сарапшылар ең бірінші белсенді адамдарды, яғни дәрігерлер мен қоғамдық қызмет мамандарына екпе егу қажет, сонда олар көп адамға жұқтыру қаупінен сақтайды деп түйеді. Осының қайсысы дұрыс? Бұл сұраққа Денсаулық сақтау министрлігі жауап береді. Бірақ жауапты қазір алу мүмкін емес, себебі пандемияның екінші толқынындағы нақты картинаны көру керек...