Аймақтар • 11 Қыркүйек, 2020

Бас басылым басшысы Қарағанды университетінде болды

678 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін "Egemen Qazaqstan" республикалық газеті" АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі А.Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессор-оқытушы құрамымен және студенттерімен кездесіп, ел Президентінің "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі" атты Жолдауында айтылған міндеттерді жүзеге асыру төңірегіндегі ой-пікірлерімен бөлісті, деп хабарлайды Egemen.kz

Бас басылым басшысы Қарағанды университетінде болды

Бас басылым басшысы Жолдаудағы халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру жөніндегі міндетке баса назар аударып, осы жайындағы өзінің ой-пікірін білдірді.

– Президент Жолдауда "Әділдік – қоғам дамуының маңызды шарты. Әділеттілік – әсіресе, ел-жұрттың тағдырын шешу үшін аса қажет қасиет", деп бұл қастерлі ұғымға ерекше маңыз берді. Одан кейін Мемлекет басшысы бүгінгі ұрпақтың терең білімді болуына баса назар аударды. Сонымен қатар, Жолдауда ысырапшылдық пен даңғазалықтың, жауапсыздық пен немқұрайдылықтың, боссөзділік пен мақтаншақтықтың қоғам мен адамның дамуына барынша кедергі келтіретін жаман әдеттерден арылуға шақырды. Жалпы,   Жолдауда айтылған міндеттер толығымен жүзеге асқанда, Президент айтқандай "Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам" жүйесі берік орнығады деп сенімді түрде айтуға болады, – деді Дархан Қыдырәлі.

1

Сондай-ақ кездесуде Халықаралық Түркі академиясы басып шығарған "Жошы хан. Тарихи жазба, археологиялық, фольклорлық деректер жинағы", "Ұлық Ұлыс (Алтын Орда), Шағатай, Моғолстан мемлекеті", "Золотая Орда: история, государственность, культурное наследие" және  Ресей тарихшысы А.Порсиннің "Берке. Мусульманин на монгольском троне" атты кітаптардың тұсаукесер рәсімі өтті. Академия басшысы Дархан Қыдырәлі  аталған кітаптарды және Рашид ад-Диннің бес томнан тұратын "Жамиғат ат-тауарих" еңбегін университеттің кітапхана қорына сыйға тартты.

Сонымен қатар, кездесу барысында "Egemen Qazaqstan" газеті мен Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Аталған құжат бойынша оқу орнында білім алып жүрген журналистика кафедрасының студенттері бас басылымның редакциясында өндірістік тәжірибеден өтетін болады.

1

Кездесу соңында Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің басшысы Нұрлан Дулатбеков білім ошағындағы оқытушылар құрамы мен студенттер үшін "Egemen Qazaqstan" газетінің 100 данасын жаздырып беретінін жеткізді.

"Мұның өзі бас басылым мен университет арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізеді", деп атап өтті Нұрлан Дулатбеков.