Көбіне кәсіпкерлер салық төлемес үшін әртүрлі қулықтарға барады. Сондай танымал тәсілдердің бірі – тауарсыз шот-фактураларды алу үшін бір күндік фирмалардың қызметтерін пайдалану. Сонымен қатар жалақыны конвертке салып беру, заңсыз еңбек күшін пайдалану, табыстарды жасыру және шығындарды негізсіз ұлғайту да бар.
– Камералдық бақылау нәтижесінде мемлекеттік сатып алу жеңімпаздарының үштен бірінен алшақтықтар анықталып, оларға 18,5 мың хабарлама жіберілді. Бюджетке барлығы 176,6 млрд теңге көлемінде салықтар қайтарылды, – дейді Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаев.
Оның айтуынша, салық органдары салықтық жүктеме коэффициенті төмен, яғни 3 пайыздан аз салық төлеушілерге ерекше көңіл бөледі. Мәселен, мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың бірі – «Достар С» ЖШС, 2018 жылы Ақмола облысында 1 049 млн теңге сомасына туристік маршрутты абаттандыруды жүзеге асырған. Оған қатысты салықтық тексеру тағайындалып, нәтижесінде 341 млн теңге сомасында бұзушылықтар анықталған.
Ж.Іңкәрбаев салық органдары мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап-арыздар беретінін атап өтті. Бүгінгі таңда 20,9 млрд теңге сомасына сот шешім шығарған.
Электрондық шот-фактуралар базасын пайдалана отырып, комитетте нақты уақыт режімінде мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың операцияларына онлайн-бақылау жүргізетін топ құрылды. Бұл олардың мердігерлері арасындағы «бір күндік фирманы» анықтауға мүмкіндік береді. Ашылған схемалар Экономикалық тергеу қызметіне берілетін болады. Ең көп бұзушылықтары бар мемлекеттік сатып алуға қатысушылар бойынша сыбайлас жемқорлық құраушысы да жоққа шығарылмайды.
Бұдан басқа, барлық анықталған фактілер туралы ақпарат жұмыстардың құнын түзету мәселесін қарау үшін тиісті бағдарламалар әкімшілеріне және әкімдіктерге жіберілетін болады.
– Салықтарды төлеуден жалтаруды болдырмауды бақылаудың тағы бір құралы құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алуды «Қазынашылық сүйемелдеу» болып табылады. Бюджет ақшасын төлеу кезінде «Тәуекелдерді басқару» жүйесі арқылы мердігерлердің мониторингі тиімділікті көрсетті. Мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың жартысының салық жүктемесінің коэффициенті 2,3 есеге өсті. Салық түсімдерінің 54,4 млрд теңгеге өсуі байқалады, – дейді Ж.Іңкәрбаев.
Былтыр қыркүйектен бастап құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алу үшін қаржылық тұрақтылық жөніндегі ережелер қолданысқа енгізілген. Бұл конкурстарға қатысуға рұқсат берудің негізгі көрсеткіштерінің бірі және мемлекеттік сатып алудың әлеуетті қатысушысының тұрақтылығын көрсетеді.
Сондай-ақ кәсіпкерлер жасырылған жалдамалы қызметкерлерді көлеңкеден шығарып, жіберілген салық бұзушылықтарын түзете бастады. Жүргізілген түзетулер нәтижесінде жыл басынан бері 5,6 млрд теңге сомасына қосымша салықтар төленді. Бұл мемлекеттік сатып алуға қатысушылар арасында саламатты бәсекелестікті жақсартуға мүмкіндік берді.
Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Ж.Іңкәрбаев 2020 жылдың 1 шілдесінен бастап қаржылық тұрақтылық көрсеткіштері жұмыстар мен тауарлардың барлық түрлеріне қолданылатынын еске салды. Квазимемлекеттік сектордағы сатып алуға, сондай-ақ Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қаржыландыруға қаржылық тұрақтылықты енгізу мәселесі қарастырылуда.
Комитет салық төлеуден жалтару схемасын қолдану, ақыр соңында, одан да үлкен санкцияларды төлеуге әкелетінін еске сала отырып, салықтарды уақытында төлеуге кеңес береді.