Аймақтар • 14 Қыркүйек, 2020

Төрт отбасына баспана сыйлады

86 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Халқымызда «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген нақыл сөз бар. Қамшының сабындай қысқа өмірде шама-шарқы келгенше аялы алақан мен жан жылуын аңсайтын жандарға қолұшын беруге асығатындардың көбейе түскені қуантады. Қайырымдылық деген әдемі қасиеттің бір үлгісі жуырда Қазығұрт ауданы Қарақозы Әбдалиев ауылында көрініс тапты.

Төрт отбасына баспана сыйлады

Ауылдағы әлеуметтік аз қамтылған 4 отбасы баспаналы болды. Тұрғындарға Нәлібаевтар әулеті үй салып берген. Төрт үйдің құрылысына жалпы соммасы 30 млн теңге жұмсалыпты. Қоныс тойларын тойлап, қуаныштары қойындарына сыймаған отбасылардың қайырымды әулетке айтар алғысы шексіз. Баспаналы болғандардың бірі – 4 баланың анасы Нұрбақыт Дәрменова. Осы уақытқа дейін пәтер жағалап, әр үйдің шаңырағында күнелтіп келген көпбалалы ананың бар тапқан таянғаны балаларының тамағынан артылмайды. Отағасынан ертеректе айырылып, азапты күндерді бастан кешірген бұл отбасы баспанамыз болса деген армандарының орындалғанына қуанышты. Қайырымды әулеттің отанасы Шекер Бекболатова бүгінге дейін ауылдағы 11 аз қамтамасыз етілген отбасыға және жалғызілікті жандарға көмек қолын созып келеді. Бұл отбасылардың мектепке баратын балаларының оқу құралдары мен киім кешектерін түгендеуді де өзіне міндеттеп алғандай. Жомарт жүрек азық-түлікке де жәрдемін аяған емес.

«Халі мүшкіл жандарға қолдан келгенше қайырымдылық жасап, барыңмен бөлісу – имандылықтың белгісі. Қандастарға қарымтасыз қайырымдылықты ұдайы жасаған қазақтың біріміз», дейді Шекер ана. Көпке үлгі болатын қайырымды іске ауыл тұрғындары да үнемі қолдау көрсетіп келеді. Ал қайырымды әулеттің игі істері мұнымен шектелмек емес.

Ауданда алдыңғы жылдары коммуналдық тұрғын үй ретінде 64 азаматқа үй берілді. Оның ішінде 13 жетiм, яғни ата-анасының қам­қорлығынсыз қалған балалар бар. Сондай-ақ 9 көпбалалы отбасы бас­паналы болған-ды. Биыл 3 отбасыға коммуналдық тұрғын үй беру көзделуде. Сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында сатып алу құқығынсыз 7 отбасына тұрғын үй сатып алу көзделуде. Келесі жылы бюджет қаражаты есебінен 8 отбасыға коммуналдық тұрғын үйдің құрылысы басталады.

Бүгінде облыста аз қамтылған отбасылар саны өткен жылмен салыстырғанда 4 есеге азайған. Мамандар көмекке мұқтаждардың азаюын көпбалалы отбасылардың бөлек санатқа шығып, арнайы әлеуметтік жәрдемақы алуымен байланыстырып отыр. Атап айтқанда, облыста биылдың 1 тамызына дейін аз қамтылған 27,5 мың отбасыға 7706,9 млн теңге жәрдемақы, сондай-ақ кепілдендірілген әлеуметтік топтама 1-6 жастағы 35 877 балаға 1104,3 млн теңге тағайындалған. Ал атаулы әлеуметтік көмек алушы­лардың ішінде еңбекке қабілетті 9944-і жұмыспен қамтылып отыр. Одан бөлек, төтенше жағдай кезінде сәуір-мамыр айларында 160,6 мың адам 2,2 млрд теңгеге азық-түлікпен, тұрмыстық заттармен қамтамасыз етілді. «Қамқорлық» бағдарламасы аясында 1643 өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасы анықталып, оның ішінде 35 отбасы тұрғын үймен қамтылған. Сонымен қатар 1643 отбасыға 341,7 млн теңгеге демеушілер есебінен көмектер көрсетілген.

 

Түркістан облысы