Аймақтар • 14 Қыркүйек, 2020

Індетке қарсы дайындық пысықталды

172 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысында COVID-19-дың күзгі толқы­нына дайындық жұмыстары қолға алынды. Қазір­гі уақытта эпидемиялық ахуал тұрақ­танып, ауруханаларда төсектік орын­дарының жүктемесі 78%-дан 14,8%-ға азайып,­ 3198 тө­сек орын резервке ауыстырылды. Жедел жәрдем бригадасын шақырту үш есеге, науқастарды ауруханаға жатқызу 10 есеге азайды. Облыстық денсаулық сақ­тау басқармасының мәліме­тіне қарағанда, бү­гінде емдеу мекемелеріне қарасты алты зертхана күн сайын 1900 зерттеу жүргізеді, 21 654 ПТР тест бар.

Індетке қарсы дайындық пысықталды

Облыстық жұқпалы аурулар ауру­­ханасының арнайы бөлімдері, Ақтөбе медициналық орталығының №2 жұқ­палы аурулар стационарында жөн­деу жұмыстары аяқталды. Дәл қазіргі жағдайда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасындағы орындар саны 275-тен 567-ге дейін, провизорларда 430-дан 3336-ға дейін көбейтіліп, оған тағы да қосымша орындар әзірленді. 1371 орын оттегімен қамтылды. Стационарларда 395 оттегі концентраторы, 625 оттегі баллоны, 381 оттегі жастық бар. Лизинг арқылы 41 жедел жәрдем көлігі сатып алынатын болды.

Коронавирус инфекциясына қарсы дайындық жұмыстарын пысықтаған облыс әкімі Оңдасын Оразалин аудан әкімдері емдеу мекемелерінің дайындығына жеке жауапкершілік алатындарын ескертті.

«Аудандық аурухана мен ауылдағы медицина бөлімшелеріндегі дәрі-дәрмек қорын, құрал-жабдықтардың жарамдылығын тексеріңіздер. Жуырда өңірде тұмауға қарсы иммундау науқаны басталғанда, егуді иммунитеті әлсіз топтардан бастаңыздар. Сондай-ақ бақылау топтарының да жұмыстарын күшейту керек», деп атап өтті өңір басшысы.

Облыстық денсаулық сақтау бас­қармасы стационарлар мен провизорларда дәрі-дәрмек пен жеке қор­ға­ныс заттарының үш айлық қоры жинақ­талғанын хабарлады. Эпи­демиялық жағ­дай күрт нашар­лайтын болса, қалалық емханалар мен ауруханалардың медицина қызмет­керлерінің қатарына М.Оспанов атын­дағы Батыс Қа­зақстан медицина университетінің профессорлық-оқыту­шылық құрамы да қосылатын болды.

Осы кезге дейін өңірде карантин ережесін қадағалайтын 37 бақылау тобы жұмыс істеді. Мониторингтік топ мүшелері 827 рет карантин тәртібінің бұзылғанын анықтаған.

 

Ақтөбе облысы