Білім • 14 Қыркүйек, 2020

Бірыңғай білім беру платформасы: Қаржы талан-таражға түспесін десек...

930 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда әлі күнге дейін оқу процесін ұйымдастыратын нақты бір онлайн-платформа жоқ екенін айтып, қашықтан оқытудағы олқылықтарды сынға алған-ды. Және толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеуді тапсырды. Алайда Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов: «Сапалы дүниені жақын арада дайындау мүмкін емес», дейді. Неге?

Бірыңғай білім беру платформасы: Қаржы талан-таражға түспесін десек...

 

Түркістан қаласының шетінде тұра­тын 3-сыныптың оқушысымен WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы сөйлестік. Қарақат Құттыбай мектепке барғысы келсе де амалсыз үйде қашықтан оқып жүр. Біз интернеттің жағдайын білу үшін әдейі видео қоңырау шалғанымызда: «Мұғаліміміз бұлай сіз секілді видео қоңы­раумен шығып сабақ түсіндірмейді. Тек анамның WhatsAppына тапсырма жібереді, соны орындап қайтадан жолдаймыз. Мектепке барып оқыған жақсы еді», деген үш сөйлемнің өзін үзік-үзік жеткен даусынан әзер естідік. Мұғалімі онлайн режімде сабақ түсіндіргісі келсе де болмайтын секілді. Себебі байланыс өте нашар. Ал осындай жағдайда платформа білім бере ала ма? Осы мақаланы жазу барысында сөйлескен бірнеше педагог қашықтан білім берудің сапасын арттыруға платформаның жоқтығы емес, байланыстың әлсіздігі қолбайлау болып отырғанын жеткізді. Десе де өткен «төтенше» тоқсандағы тәжірибеден көргеніміздей, кейбір білім беру платформаларын интернет тарифсіз пайдалануға болады. Ал неліктен бірыңғай білім беру платформасын осылай әзірлемеске?

Сөйтсек, оның өзі оңай емес екен. Өйткені платформаны сайт ретінде домен алып аша салу оңай болғанымен, онда сапалы контент жасау қиын. Оған салынатын материалды әуелі електен өткізу керек. Министр А.Аймағамбетов Жолдаудағы жоспарларды іске асыру бойынша өткен Үкіметтің жиынында:

«Білім беру платформалары оқулық­тар секілді педагогикалық сараптамадан өтуі тиіс. Қазір уақыттың өте тығыз екені түсінікті, оған қоса сабақтың саны да көп. Соған қарамастан біз педагогикалық сараптама жүргіземіз», деді.

Министрдің мәлімдеуінше, Қазақ­станда қашықтан оқыту аясында 8 онлайн-платформа жұмыс істейді. Алайда олардың барлығы функционалы мен мүмкіндіктері бойынша ерекшеленеді. Оқу процесін толыққанды іске асыру үшін Білім және ғылым министрлігі бі­лім берудің онлайн-платформаларына бір­ыңғай талаптар әзірлейді.

Иә, платформадағы материалдардың және жалпы кирберқауіпсіздік жағдайы жақсы болуы керек. Мұны неге айтып отырмыз? Оқу жылының бірінші аптасында елордадағы ата-аналар онлайн сабақ кезінде оқушыларға порнографиялық видео көрсетілгенін айтып дабыл қақты. 5-сынып оқушыларына математика са­бағы өткізіліп жатқанда әдепсіз видео шығып кеткен. Қыркүйектің 3-і күні бол­ған оқиғаға қатысты министрлік:

«Білім және ғылым министрлігі он­лайн сабақта көрсетілген порно­гра­фия­лық видеоның кесірінен сабақ туралы деректі Ішкі істер министрлігіне жіберді. Елі­мізде кеше 2 миллионға жуық сабақ өтті, оның ішінде 80 мыңға жуығы стри­минг конференциясын қолдану арқы­лы педагогтер оқушылармен видео бай­­ланыспен сабақ өткізді. Өкінішке қа­рай, сабақтардың бірінде әдепсіз ма­те­риалдар көрсетілді. Оқиға процес­ке қа­тысушылардың кінәсінен болды: әл­де­біреу бөтен адамдарға эфирдің сіл­те­месін жіберіп әзілдегісі келген. Үйде бала­ларға стриминг жүйелерді қолдану мәдениетін түсіндіріп айту керек», деп жауап берді.

Міне, осындай жағымсыз жайт тағы қайталанбас үшін де жіті сараптама, сапалы жұмыс керек. Ал жақсы, қауіпсіз, қолжетімді, бір сөзбен айтқанда, сапалы білім беретін бірыңғай онлайн платформаны әзірлеу үшін не істеу керек?

«Kundelik.kz» ЖШС бас директоры Мұхтар Ілиясов бірыңғай платформа бәріміз күткендей, лайықты нәтижеде әзірленуі үшін оны Үкімет жалғыз жасамауы керегін айтады.

«Біздің Үкіметте Президент айтқан бірыңғай платформаны 2011 жылы әзір­леуге мүмкіндік болды. Бірақ сол күйі іске аспады. Оның үстіне жеке­мен­шік серіктестікпен бірлесе қолға алса, бәсеке болады. Оған қоса аз уақыт­тың ішінде ойдағыдай платформаны жасақ­тап шығу мүмкін емес. Біз, мысалы, қазір­гідей миллиондаған қолданушы­сы бар платформаға 4-5 айда емес, 4-5 жыл­­­да қол жеткіздік. Әрі осы үшін еш­бір үкі­меттік ұйымдардан кейбір плат­фор­­малар секілді ақша алып отырған жоқ­­пыз. Мұғалімдер мен ата-аналар, оқушылар платформаны компьютерде тегін қолданады. Бірақ арасында жарнама беріліп отырады. Жарнаманы міндетті түрде електен өткіземіз. Егер жарнамасыз қолдануды қаласа, бір жылға 2700 теңгеге қосымшаны жүктеп ала алады. Біздікі – жалпы мектептердегі құжат ай­налымы. Екінші бір платформада видео сабақтар, келесісі онлайн сабақтар ұйымдастыратын шығар. Әрқайсысының бағыты, осы жолдағы жемісті жұмысы бар. Сол себепті министрлік қазір қол­да бар, лайықты жұмыс жүргізіп, бі­лім беру кеңістігінде өзінің жемісін беріп үлгерген платформалардың ба­сын бірік­тіруіне болады», деген М.Ілия­совтың ойынша, осындай шешім шы­ғарғанда және платформалардың шы­ғармашылық бағы­ты сақталғанда іс өнім­ді болмақ.

Бір ғана платформаның негізінде әзір­леуге немесе қазір нарықта бар өнімді қайта шығаруға мемлекет қаржысын жұмсаудың қажеті жоқ. Бұл жемқорлыққа жол ашады. Бүгінде жұмысын көрсетіп отырған платформаларға мемлекетпен серіктестікте жұмыс істеуге мүмкіндік бе­ріп, бірдей талап қарастырса, бірігіп алынбайтын қамал қалмайды. Бірыңғай платформа әзірлеуге қарастырылатын қаржыны одан да педагог жалақысын өсіруге, мектептерге жақсы техникалар алуға, мектептерді салуға жұмсаған жөн.

Расында да мемлекеттік білім беру платформасын жасақтау тәжірибесі сәтсіз болған. Әрі сол уақытта сәтсіз жұмысқа бөлінген қомақты қаржының есебін ешкім нақты бермеді. Әйтеуір сұраған адамдар болды. Үш күн бұрын ғана 35 млрд теңгенің есебі берілген болды. Бірақ былтыр мәжілісмен Мұхтар Ерман:

«Есеп комитетінің хабарлауынша, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының бірқатар іс-шаралары толығымен орын­далмаған. Білім және ғылым министрлігі жасаған, құны 35 млрд теңге тұратын e-learning электрондық оқыту жүйесі пайдалануға қабылданбады. Мемлекеттік органдар бағдарламаға 217 млрд теңге бөлетіндігін жариялады, ал іс жүзінде шығындар көлемі республикалық және жергілікті бюджеттерді, сондай-ақ ұйым­дардың жеке қаражатын қосқанда 371 млрд теңгені құрады», деп мәлімдеме жасады. Бірақ 2011 жылдан 2014 жылға дейін әзірленіп, аяғында сараптамадан өтпей, көлеңкесін де көрсетпей кеткен e-learning жүйесін қазір қалай іздесеңіз де таппайсыз. Естеріңізге сала кетейік, жүйесіз жүйеге миллиардтаған ақша бөлінген кезде (2011 жылы) Бақытжан Жұмағұлов, жоба аяқсыз қалып, соңында депутаттардың шу көтеруімен жабылып тынған уақытта (2014 жылы) Аслан Сәрінжіпов (2013-2016жж) Білім және ғылым министрі болды.

Ал «Daryn.online» порталының негі­зін қалаушы Айбек Қуатбай еліміз­дегі білім беру платформаларына қо­йылатын талаптардың астарында ұлт­тық қауіпсіздік және ұрпақ мәселесі тұрғанын жеткізді. «Негізі, Жолдауда айтылған тапсырманы тек мемлекеттік платформа деп қабылдаған жоқпын. Меніңше, Президент бұл жерде бірыңғай талаптарға негізделген, білім алу про­цесіне қатысушы барлық тарапты қана­ғаттандыра алатын платформаның жоқ­тығын және осы мәселені шешуді айтты. Білім берумен, ең басты жұмыспен айналысып отырған кез келген, мейлі ол мемлекеттік немесе жеке платформа болсын, барлығы бірдей жауапкершілік жүгін арқалауы тиіс. Бірыңғай талаптарды орындағанда ғана бірыңғай плат­форма нарықта қалыптасады. ІТ нары­ғындағы тәжірибеме сүйеніп, мәсе­лен, ең негізгі үш талапты айтайын. Бі­рін­шіден, серверлеріміз Қазақстан аума­ғында болуы керек. Себебі бұл – қанша бизнес болғанымен, әлеуметтік жоба. Қазақстандық балалардың қай пәнді қалай меңгергенін, әлеуетінің қай деңгейде екенін, қайсы мамандыққа жақындығын шетелдердің бақылауына болмайды. Әйтпесе өзге елдер ең үздік оқушыларымызды өздеріне тартып әкетуі мүмкін. Түптеп келгенде мұнда ұлттық қауіпсіздік мәселесі тұр», дейді.

Өзі де ІТ мамандығын тәмамдаған А.Қуатбайдың пікірінше, білім беру платформаларына қатысты екінші талап – интернет проблемасын шешу. Біздің таңғалғанымыз – сарапшымыз жауыр болған сөзді айтып, тағы да «тасбақа» интернеттің түйткілін Үкіметтің сылдыр сөз, құр есеппен шешуін емес, платформа иелеріне талап ретінде қойып отырғандығында болды. Себебі интернет проблемасын интернеті нашар, тіпті жоқ жерде де шешуге болады екен.

«Көп адам қазір қаланың картасы­мен жол көрсетіп тұратын 2GIS қо­сымшасын қолданады. Себебі аталған қо­­сымша интернет болмаған кезде де қолжетімді. Міне, біз де өзіміздің платформамызды осындай жағдайға жеткізу жолында жұмыс істеп жатырмыз. Кез келген қолданушы платформамыздағы өзіне керекті дүниені, айталық 1 тоқ­санның барлық материалдарын аудан орталығына немесе интернеті жақсы жерде өзінің смартфонына жүктеп ала­ды. Содан соң интернет болмаған кезде де материал­дарды, жалпы платфор­маны еркін қолдана алады. Мен айтқан бірыңғай платформаның екінші талабы – білім беретін платформалар оқы­ту процесіне қатысушы кез келген қол­да­­нушыға оның түрлі жағдайына қара­мастан контентін қолжетімді ету», дей­ді А.Қуатбай. Ол ұсынған үшінші та­лап – білім беру платформаларының қолай­лылығына байланысты болып отыр. Бұл талап әлбетте қолданушылармен күн­делікті кері байланыста орындалады.

P.S. Мемлекеттік жобалар мемле­кеттің қаражатына жасалатыны белгілі. Ал мемлекеттік қаражат дегеніміз – сіз бен біздің, яғни халықтың салған салы­ғынан жиналған ақша. Демек, мемле­кеттік жобалардың жемісін халық көруі керек. Үкімет білім беру платформасын мемлекеттің қаражатына әзірлей ме, әлде жекеменшік секторға иек арта ма, әлі белгісіз. Дегенмен серіктестіктің артында да мемлекеттің қоржынынан шығын шығарылуы әбден мүмкін. Сондықтан қандай жағдайда да халықтың салығы жұмсалған жұмыстың игілігін көру үшін халық та бақылауда белсенді болғаны абзал. Біздіңше, оқу процесіне ата-ананың да араласуына мәжбүр еткен, қашықтан оқудың проблемаларын қоғам болып талқылауға жеткізген пандемия бәріміз белсенді болмайынша, құндылықтарға деген көзқарастарымызды түзетпейінше тыншымайтын секілді...