Ермахан Ыбырайымовқа Олимпия ойындарының алтын тұғырына көтерілу үшін бақандай 15 жыл тер төгуіне тура келді. Иә, бәрі де балалық шақтағы қызығушылықтан басталған еді. Әлі есінде, Жамбыл қаласындағы шалғайдағы ауылдардағы қойшылардың балаларына арналған мектеп-интернатта білім нәріне сусындап, тәлім-тәрбие алып жүрген шуақты күндердің бірінде Қызай есімді тәрбиелеуші апай кабинетке кіріп келіп, бокспен кімнің шұғылданғысы келетінін сұрады. Осы сөзді естігенде Ермахан «Мен!» деп орнынан атып тұрды. Сөйтіп бес-алты сыныптасы жиылып, спортзалға келді. Табалдырықтан аттаған бетте Бақшар Қарсыбаев есімді бапкер «Спорттық киімдерің бар ма?» деп сұрады. Жоқ екенін білгенде «Қашан спорттық киім сатып аласыңдар, сол кезде бір-ақ келіңдер» деп балаларды кері қайтарды. Ермаханның боксшы болуды армандағаны соншалық, жатақханаға келген бетте ауылға хат жазды. Келешекте мықты боксшы болғысы келетінін, сол мақсатты жүзеге асырайын десе, спорттық киімінің жоқтығын алға тартты. 11 жасар жеткіншек сол хатты еңкілдеп жылап отырып жазған екен. Ата-анасының жүректері елжіресе керек, көп кешікпей ауылдан қажетті қаражат келді. Ермахан сол ақшаға қажетті киім-кешек сатып алып, спорт үйірмесін қайта жағалады.
ЕРМАХАН айтады: Ол кездері Мәскеу Олимпиадасының буы әлі басылмаған. Төрт жылдықтың басты додасында атой салып, күміс медальды мойнында жарқыратқан Серік Қонақбаевтың даңқы дүркіреп тұрды. Біз де сол Серік ағадай болсақ деп армандадық. Сол арман мені Алматыдағы Тимирязев пен Байзақов көшелерінің қиылысында орналасқан спорт мектеп-интернатына жетелеп әкелді. Барлық құжаттарымды қарап шыққан комиссия мүшелерінің бірі «Сен математика, қазақ тілі, физика, әдебиет деп бас қатырмай-ақ қой. Оданша білек түрін де, жекпе-жекке шық. Егер мына баланы жеңсең, оқуға қабылданасың» деп сырықтай бір орысты көрсетті. Екеуміз былғары қолғапты кидік те, жұдырықтаса кеттік. Оңтайлы сәтте қарсыласымды дәл тұмсықтан ұрып, шалқасынан түсірдім. Комиссия мүшелері риза болып, мен оқуға қабылдандым. Ес жиғаннан соң қасыма келген әлгі қарсыласым «Ты что левша?» деп сұрады. Ауыл баласы орыс тілін қайдан білсін. Ол менің атымды сұрап тұр екен деген оймен «Нет, я – Ермахан!» деп жауап бердім.
Біздің білетініміз: Спорт интернатта оқып жүрген кезінде-ақ Ермахан түрлі жарыстарда жүлде алып, қырағы мамандардың назарына ілікті. Жасөспірімдер мен жастар буыны арасындағы бәсекелерде бағы жанды. Республикалық додаларда дараланып, 1990 жылы Иркутскіде өткен жастар арасындағы Одақ біріншілігінде күміс медальды иеленді. Осы елеулі табыстарының арқасында КСРО спорт шеберінің күміс белгісін кеудесіне тақты. Оның шаршы алаңдағы қимыл-қозғалысына тамсанған білікті бапкерлердің біразы «Болашағы зор бала» деп өнерін бас бармақпен бағалады.
Тоқсаныншы жылдардың басында Ермахан Ыбырайымов ересектер дуына түсе бастады. Бірақ кіл мықтылар бас қосқан жарыстарда өзінің мықтылығын бірден мойындату мүмкін болмады. Ол кездері КСРО-ны айтпағанда, Қазақстанның өзінде 67 кило салмақ дәрежесінде бәсекелестік өте күшті болды. Талғат Бердібеков, Әділбек Жаманкөзов, Игорь Ибрагимов, Аркадий Топаев, Бауыржан Ахметов, Нұржан Сманов, Серік Айдарбеков... қай-қайсы да нағыз «сен тұр, мен атайындар». Кейбірі ірі дүрмектерде ысылған сақа спортшылар, кейбірі жалындап өсіп келе жатқан жастар. Солардың арасынан Нұржан Сманов суырылып шықты. Шымкенттің шымыр жігіті қарсылас шақ келтірмей, жартылай орта салмақтың тізгінін мықтап қолға алды. 1991 жылы Алматыда ұйымдастырылған Мемлекеттік телерадио комитетінің жүлдесі үшін халықаралық турнирде біздің бүгінгі кейіпкеріміздің жолы дәл сол Смановпен қиысқан еді.
ЕРМАХАН айтады: Алматыда өткен жарысты тамашалау үшін әкем ауылдан арнайы келген еді. Финалдық сайыстың алдында би кешіне барып, жатақханаға түннің бір уағында оралдым. Таңертең ұйқым қанбай, мең-зең болып тұрдым. Көзім ісіп кеткен. Шешуші сәтте дұрыстап жұдырықтаса алмадым. Соның барлығын көрген әкем «Алматыға біз сені боксшы болсын деп жіберсек, сенің жүрісің мынау. Егер спортпен беріліп айналысқың келмесе, үйге қайтқаның жөн. Қызық, той-томалақ ауылда да табылады» деп өзімен бірге ертіп әкетті. Ауылда біраз уақыт мал бақтым. Алматыға қайтайын десем, әкем жібермеді. Маған ренжігені соншалық, астыма жөні түзу ат бермей, есекке мінгізіп қойды. Солай талай күндер өтті. Бірде біздің ауылға шаруашылық жұмыстарын атқаруға студенттер келді. Солардың біреуі ұрынарға қара таппай жүргенге ұқсайды. Әркімге бір килігіп, киіз үйлердің керегесін соғып, қойшылардың мазасын алыпты. Өзі еңгезердей, ешкім оған қарсы келе алмайтын көрінеді. Содан ауылдастарыма «Сағидің ана қара ұлы боксқа қатысады деуші еді, соны әлгі жігітпен айқастырып көрсек қайтеді. Бәлкім, сабазды сабасына түсіретін шығар» деген ой келеді. Бұл ойларын олар әкеме жеткізді. Ол кісі маған айтты. Мен келістім. Белгіленген уақытта екеуміз қошқар байлайтын қораның ішінде айқасуды жөн көрдік. Өйткені ол жерде шегінетін жер жоқ. Оңтайлы сәттердің бірінде мен оны сұлатып салдым. Әлгі жігіт содан кейін елдің мазасын алмайтын болды. Бұзақыны ұрып жыққаныма риза болған әкемнің содан кейін ғана маған іші жылыды. Содан ақ батасын беріп, өзі Алматыға шығарып салды.
Біздің білетініміз: Алматыға оралғаннан соң Ермахан жаттығуын қайта бастады. Біраз уақытқа созылған үзілістен кейін оның бокс залына кіріп келе жатқанын анадайдан байқаған әйгілі бапкер Станислав Болдырев «Смотрите в наш скромный зал пришел тренироваться будущий Олимпийский чемпион Ермахан Ибраимов!» деп дауыстап айтты. Барлығы есік жаққа жалт қарады. Танитындар миығынан күлді, танымайтындар үнсіз. Ермахан езу тартты да киім ауыстыратын бөлмеге қарай беттеді. Қазір қарап отырсақ ұзақ жылдар бойы отандық боксты өрге сүйреп, талай саңлақтарды тәрбиелеп өсірген ақсақалдың аузы дуалы екен. Расында да уақыт оза Ермахан Ыбырайымов екі бірдей Олимпия ойындарында атой салды.
ЕРМАХАН айтады: 1995 жылы Берлинде өткен әлем чемпионатында 75 кило салмақ дәрежесі бойынша ел намысын қорғадым. Біразға созылған үзіліс кесірін тигізбей қоймады. Неміс жерінде артылған сенімді ақтай алмадым. Тұсаукесер кездесуде кейіннен әлем чемпионы, Олимпия ойындарының қола жүлдегері, кәсіпқой рингтің көкжалына айналған Мажарстанның мықтысы Жолт Эрдейден үш ұпай айырмашылығымен ұтылдым. Міне, сол тұста «Ыбырайымов ұлттық команда сапында өнер көрсетуге лайық емес» деген әңгімелер айтыла бастады. Бірақ бұл сәтсіздік менің сағымды сындыра алған жоқ. Еш нәрсеге мойымай, жаттығуымды жалғастыра бердім. 71 кило салмаққа ауысқаннан кейін өрлеу кезеңі басталды. Күз айларында екі бірдей байрақты бәсекеден олжалы оралдым. Қыркүйекте Римде ұйымдастырылған Дүниежүзілік әскерилер ойындарында бас жүлдені олжаласам, қазанда Ташкентте өткен Азия чемпионатында топ жардым. Осы табыстардың арқасында Атлантада алауы тұтанған Олимпия ойындарында өнер көрсету мүмкіндігіне ие болдым.
Біздің білетініміз: Алыстағы Америкада Қазақ елі боксының даңқы дүркіреді. Василий Жиров бас жүлдемен қатар, Баркер кубогын иеленді. Болат Жұмаділов күміске қол созды. Болат Ниязымбетов пен Ермахан Ыбырайымов қола медальды еншіледі. Атлантада кейіпкеріміз канадалық Ник Фаррелл (15:4), индонезиялық Хенрик Самангунсонг (нокаут) және германиялық Маркус Байерді (19:9) жолынан ығыстырды. Бірақ жартылай финалда әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, Панамерика ойындарының жеңімпазы, кубалық Альфредо Дуверхельге (19:28) әлі жетпеді.
Атланта Олимпиадасында қола медальды еншілеген соң Ыбырайымовтың беделі күрт артып, есімі баспасөз беттерінен түспеді. Барша жұрт Ермаханға ерекше ілтипатпен қарайтын болды. Өйткені ол өзі қатысқан жарыстардың барлығында жасындай жарқырап, Қазақстанның спорттық даңқын арттырды. Бір кереметі, жекпе-жектердің денін мерзіміне жеткізбей, айқын басымдықпен аяқтауды әдетке айналдырды...
Ғасырлар тоғысында алауы тұтанған Сидней Олимпиадасында 28 жастағы қазақтың қайсар ұлы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан Ту алған ол «Міндетті түрде елге бас жүлдемен ораламын» деп серт берді. Айтқандай-ақ Ыбырайымов жасыл құрлықта керемет өнер көрсетті. Бастапқы бәсекелерде сириялық Юсуф Массас пен венесуэлалық Хели Янесті үшінші раундтарда ұрып жықты. Ширек финалда Барселона мен Атланта Олимпиадасының жеңімпазы, әлемнің төрт дүркін чемпионы Хуан Эрнандестің жақсылап тұрып сазайын берді. Бұл тартыс 16:9 есебімен қазақтың өр мінезді өренінің пайдасына шешілді.
Атағынан ат үркетін Хуан Эрнандесті жеңгеннен кейін Ермаханның иығынан ауыр жүк түскендей болды. Жартылай финалда ол 22 жастағы Джермен Тэйлормен жұдырықтасты. АҚШ-тың өкілін төртінші раундта сұлатып салды. Уақыт оза Ыбырайымовтан оңбай таяқ жеген америкалық жігіт кәсіпқой бокстың шоқжұлдызына айналды. Тэйлор белді нұсқалардың алтын белбеулерін иеленумен қатар, орта салмақтағы абсолютті әлем чемпионы атанды.
Финалдық сайыста Ыбырайымовтың жолы Мариан Симионмен қиысты. Жалындап тұрған 25 жастағы Румыния боксшысы ол кездері нағыз бабында еді. 1996 жылы Симион Атланта Олимпиадасында қола медальды иеленсе, 1997 жылғы дүниежүзілік додада да дәл сол межеге жетті. Еуропа біріншілігінде екі рет жүлдегерлер қатарынан көрінді. 1999 жылы Хьюстонда әлем чемпионы атанды. Қос қыранның жекпе-жегінде кімнің ұтып, кімнің ұтылатыны соңғы секундтарға дейін белгісіз болды. «Жан алысып, жан беріскен» айқас 25:23 есебімен Ермаханның пайдасына шешілді. Осылайша қандасымыз Олимпиада чемпионы атанды!
Жасыл құрлықтан оралған бетте еліміздің спорттық делегациясымен бірге Ермахан да Мемлекет басшысының қабылдауында болды. Елбасы сертінде тұрған саңлақты құшағына қысып, І дәрежелі «Барыс» орденін кеудесіне тақты. Кейіпкеріміз көп ұзамай былғары қолғабын шегеге ілді. Десек те ол үлкен спорттан еш алыстаған жоқ. 2002-2004 жылдары Қазақстанның ұлттық құрамасының бас бапкері болған Ермахан Сағиұлы Ыбырайымов бұл күндері Алматы қаласында орналасқан Бокстан республикалық олимпиадалық даярлау орталығының директоры қызметін абыройлы атқаруда.