Шағын мектептерде үлкен проблемалар бар
Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева бастаған депутаттар Майра Айсина, Мейрам Бегентаев, Гүлмира Исімбаева және Гүлнәр Ықсанова Аршалы ауданындағы шағын комплектілі мектептерде (ШКМ) болып, оқушыларға білім беру жағдайымен танысты.
Қонақтар Бабатай негізгі мектебіндегі 41 баланы қамтитын оқу жоспарымен танысты. Ақмола облысының әкімі Қосман Айтмұхаметов өңірдегі білім беру мекемелеріндегі жалпы жағдайдан мәлімет берді.

"Егемен Қазақстанның"арнаулы беті
*Көшпелі отырыс көкжиегі
Шағын мектептерде үлкен проблемалар бар
Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева бастаған депутаттар Майра Айсина, Мейрам Бегентаев, Гүлмира Исімбаева және Гүлнәр Ықсанова Аршалы ауданындағы шағын комплектілі мектептерде (ШКМ) болып, оқушыларға білім беру жағдайымен танысты.
Қонақтар Бабатай негізгі мектебіндегі 41 баланы қамтитын оқу жоспарымен танысты. Ақмола облысының әкімі Қосман Айтмұхаметов өңірдегі білім беру мекемелеріндегі жалпы жағдайдан мәлімет берді.
Бұл салада көптеген игі шаралар атқарылғанымен, білім ұяларының 82 пайызын құрайтын шағын комплектілі мектептерге қатысты өткір мәселелерге назар аударылды. Мұндай мектептерді ұстау көп шығын әкелетін көрінеді. Мәселен, осындағы бір оқушыға әдеттегі орта мектеппен салыстырғанда, бюджет қаражаты үш есе артық жұмсалады екен. Осы ретте облыстық білім басқармасының басшысы Балым Ізбасарова ШКМ нормативті аппаратының жоқтығынан оның қызметін үйлестіру қиынға түсетінін, материалдық қамтамасыз етудің жұтаңдығын, оқу мекемелеріндегі кадр тапшылығын алға тартты.
Қазіргі таңда ШКМ проблемалары екі бағытта шешілуде. Біріншісі – оларды тасымалдау болса, екіншісі – балаларды тиісті жағдайлар жасалған мектептер жанынан ашылған ресурстық орталықтарда жылына төрт рет бір аптадан оқыту тәсілін қолдану. Сондай-ақ, облыс басшылығы тарапынан тірек мектептерін құру және шағын комплектілі мектеп жүйесін қайта құру қадамдарынан қайтарым күтетіндігі айтылды.
Дариға Назарбаева ресурстық орталықтар жұмысы экономикалық және моральдық-этикалық тұрғыдан аса қолайлы еместігіне назар аударды. Көшпелі оқыту бюджет қаржысына салмақ салғанымен, білім сапасын көтере қоюы неғайбыл.Оның үстіне Ақмоланың қатал ауа райы жағдайында балаларды үнемі әрі кідіріссіз тасымалдау қиын және қауіпті екендігі еске салынды.
Мәжілісмендер мәселенің оңтайлы шешімі мектеп-интернаттар желісін кеңейтуде деген ортақ пікірге тоғысты. «Қандай жағдайда болмасын оқушылар сапалы біліммен қамтамасыз етілуі тиіс, – деді Д.Назарбаева. – Мұндағы бірден-бір дұрыс шешім мектептер жанынан жатын корпустарын салу немесе қосымша жабдықтау екені тәжірибеде дәлелденген. Аталған тірек мектептерін ашу кезінде ата-аналар пікірін де ескерген жөн. Басты мақсат – балалардың білім деңгейін көтеру. Облыста ұлттық бірыңғай тестілеу көрсеткіші соңғы жылдары төмендегені алаңдатады. Сондықтан, шағын комплектілі мектептерде бастауыш сыныптарды қалдырып, ересек балаларды білім берудің жоғары деңгейін қамтамасыз ететін мектептерге орналастыру қажет. Босаған орындарды балабақша, шағын орталықтар, тіпті мәдениет ошағы ретінде пайдалануға болады.
Кездесуге өзге аудандардан келген мектеп директорлары шағын мектептер мұғалімдерінің еңбекақысы туралы мәселе көтерді. Мәжіліс депутаттары мұндай педагогтарды қолдап-көтермелеу қажеттігін, оның үстіне мемлекет тарапынан қосымша ақы механизмдері қарастырылғанын атап өтті. Жиналғандар тарапынан оқу бағдарламаларын дайындау ісіне мұғалімдерді қатыстыру, мектептерде аспаз және асхана жұмысшысының штаттық бірлігін енгізу жөніндегі ұсыныстары қолдау тапты.
Кездесу соңында комитет мүшелері шағын комплектілі мектептерге қатысты проблемалар мен ақмолалық педагогтар көтерген мәселелер комитеттің арнайы мәжілісінде көтерілетіндігін атап өтті.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы,
Аршалы ауданы.
*Сізді не толғандырады?
Бар байлығымызды желге ұшырмайық
Мемлекетіміз үшін маңызды стратегиялық материал болып табылатын металл сынықтарына қатысты мәселені өңірлерге барып, сайлаушылармен өткен кездесуде кәсіпкерлер көтерген болатын.
Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің деректеріне сүйенсек, өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда металл сынықтарын жинау 3,5 миллион тоннаны құрапты. Экспортқа 780 мың тонна металл жіберілген. Еліміз үшін 2,8 миллион тонна металл қажет болса, 2 миллион тонна ғана өңделген. Ал тапшылық 800 мың тоннаны құрайды. Бұл тек ресми дерек бойынша.
Егер де сертификатталған металл сынықтарының 1 тоннасы 38 мың теңге тұратынын ескерсек, 1 тонна болатты қорыту 75 мың теңгеге түседі. Ал сляб сынықтарын қайта қорытуда 1 тоннаға орташа алғанда 20 мыңдай теңге қажет болады екен, сонда біз металл сынықтарын 55 мың теңгеден аз бағамен сатсақ, шығынға ұшыраймыз. Туындаған жағдайда сынықтардың 1 тоннасы 38 мың теңгеден болса, Қазақстан әрбір тонна үшін 17 мың теңгені жоғалтады. 2012 жылғы 780 мың тонна экспортты қоса алғанда, еліміздің 13 260 000 000 (он үш миллиард екі жүз алпыс миллион) теңгесі желге ұшқан.
Көрсетілген өнімді өндіру кезіндегі ілеспелі қалдықтар (газ, қатты және сұйық түрінде) қоршаған ортаға зиян келтіреді. Қайталама шикізатты өңдеу экологиялық жүктемені барынша алып тастайтыны тағы бар. Туындаған жағдайды жақсарту үшін бірқатар кешенді шаралар қабылдау қажет. Біріншіден, Салық кодексінің 248-бабынан түсті және қара металдардың сынықтары мен қалдықтарын өткізу бойынша айналымдар қосылған құн салығынан босатылатындығын қарастыратын 23) тармақшаны алып тастау қажет. Екіншіден, өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында және олардың жобалау қуатына жүктеуге қара металл сынықтарын экспорттауға тыйым салуды енгізу қажет. Еліміздің ішкі рыногына арналған металлургиялық бизнестің отандық өкілдерінің сынықтарды іске асырудың пайдалы тетіктерін құрғаны жөн. Үшіншіден, жоғарыда аталған министрліктің болжауына сәйкес, еліміздегі қалдықтарға қажеттілік 2014 жылдан кейін өсетін болады. Осыған байланысты қара және түсті металдар қалдықтарының стратегиялық қорын қалыптастыруға бастамашылық жасау орынды. Шетелге осындай шикізатты сата отырып, отандық өндіріс одан айырылады, сондай-ақ, аталған секторда әлеуетті жұмыс орындары шығынына әкеліп соқтырады.Төртіншіден, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму кезінде ұлттық компаниялар төңірегінде металл негізіндегі детальдар, босалқы бөлшектер, жөндеу және сервистік инфрақұрылымдар өндірумен айналысатын кіші және орта бизнес кәсіпорындары инфрақұрылымдарының ірі бизнес кәсіпорындарын дамыту қажеттігін негізгі фактор деп санаймыз.
Жоғарыда баяндалғандарды қорытындылай келе, аталған мәселенің мемлекет үшін стратегиялық маңызы зор деп есептейміз. Осыған байланысты Үкімет аталған мәселені қарастыруды және қойылған мәселелердің шешімін табуға ықпал етуі тиіс деп білеміз.
Уәлихан БИШІМБАЕВ,
Мәжіліс депутаты.
*Әріптестік әлеуеті
Моңғолияда болып қайтты
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Шавқат Өтемісов пен Асхат Бекенов Ұлан-Батор қаласында сапармен болды.
Аталған Мәжіліс депутаттары Қазақстан Республикасының Парламенті мен Моңғолияның Ұлы Мемлекеттік Хуралы арасындағы парламентаралық ынтымақтастық бойынша топ мүшелері болып табылады.
Кездесу Қазақстан мен Моңғолия арасындағы ынтымақтастық пен достық қатынастарға байланысты келісімге қол қойылғанына 20 жыл толуына орайластырылды.
Сапар барысында Моңғолияның Ұлы Мемлекеттік Хуралының басшыларымен, парламентаралық ынтымақтастық тобының жетекшілерімен және де Моңғолияның Қазақстандағы бұрынғы елшісімен екіжақты жүздесулер өткізілді, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
*Іскерлік іссапарлары
Мақсаткерлік – рухани діліміздің арқауы
Парламент Сенатының депутаты Анатолий Башмаков Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар институты – Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының «Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының саяси және экономикалық екіжақты қарым-қатынастары» атты VII конференциясына қатысты, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Конференция барысында сенатор «Қазақстан мен Ресей – еуразиялық экономикалық ықпалдастық мақсаткерлігінің ошағы» тақырыбында баяндама жасады. А.Башмаков ұжымдық іс-қимылдың негізгі тиімді алғышарттары ТМД және ЕурАзЭҚ кеңістігі болып табылатынын атап өтті.
«Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік елдері үкіметтері басшыларының 2013 жылғы қыркүйектегі Астанадағы кездесуі ықпалдастықты дамытуға және тереңдетуге Қазақстанның ұмтылысын нақтылап отыр. Сарапшылардың күн сайынғы қарбалас жұмыстарындағы маңызды мәселе Еуразиялық экономикалық одақ келісімін әзірлеу болып табылады. Оған қоса, кедергілерді алып тастау біздің экономикаларымыздың өркендеуі үшін өте маңызды», деді сенатор.
А.Башмаков сондай-ақ еуразиялық экономикалық бірлестікті қалыптастыруда өркениетті-гуманитарлық құрамның маңызды мәселе екенін атап өтті. «Біз әлі экономикадан тыс факторлардың бекемдеуші рөлін толық бағалаған жоқпыз. Дегенмен, Ресей мен Қазақстан халықтары мақсаткер. Бұл біздің үлкен артықшылығымыз. Ол экономикалық ықпалдастықты одан да берік нығайтуды көздейтін біздің рухани діліміздің арқауы», деп атап өтті парламентші.
*Сауал салмағы
Ұлттық қауіпсіздік – басты басымдығымыз
Мәжілісте палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутат Бақытбек Смағұл Премьер-Министр Серік Ахметов пен Бас прокурор Асхат Дауылбаевқа депутаттық сауал жолдады. Онда былай делінеді.
«Соңғы кездері азаматтарымыздың үлкен радикалды бағытпен қаруланған топтардың экспериментті азығы ретінде пайдаланылып кетіп жатқаны қатты ойландырады. Еліміздің «Қазақстан-2030» Даму стратегиясының бірінші басымдығы – ұлттық қауіпсіздік екені белгілі. Ұлан-ғайыр аумағымыздың тұтастығын сақтауда діни радикализм мен терроризмнің алдын алуда Ұлттық қауіпсіздік комитетімен қатар, бақылаушы орган ретінде Бас прокуратураның, елдің біліми-ағартушылық, әлеуметтік салаларының алатын орны ерекше. Қазіргі бір-бірімен тығыз байланысқан әлемде терроризм қаупі шекара деген ұғымды шайып кетіп отыр. Қай континентте болмасын, әлемдік бейбітшілікке терроризмнен төнетін қауіп бірдей.
Осы орайда 15 қазан күні француз баспасөзінде «Қазақстаннан 150 адам Сириядағы қасиетті жиһадқа қосылды» деген мағынадағы мақала көп адамды алаңдатқаны мәлім. Бейбітшілік пен бірлікті ту еткен Қазақстаннан топтың қосылуы – еліміздегі радикалды діни тармақтардың әлі де болса белсенді жұмыс істеп жатқандығын көрсетеді.
Еліміздің құқық қорғау органдары қызметінің бір бағыты лаңкестік пен экстремизмге қарсы іс-қимыл таныту, елдің ішкі тұтастығы мен саяси тұрақтылығына қарсы әрекет ететін элементтердің алдын алу болып табылады. Бұл ретте Отанымыздың жастарын тәрбиелеуге тек бір ғана мекеме – дін істері агенттігі ғана емес, бүкіл мемлекеттік аппарат атсалысуы қажет екенін баса айту керек.
Осы тұста, қояр сауалдарым бар: Сириядағы қанды қақтығыстарға 150-ге жуық қазақстандықтың қатысып жатқандығы шындыққа жанаса ма? Шындық болса, бұл елімізде болашақ соғыс ошақтарына әлі де көптеген жастардың тәрбиеленіп жатқандығын көрсете ме? Елімізде Таяу Шығыс елдерінде білім алған жастарымыздың қай салаларда қызмет атқарып жүргендігі, қандай білімнің иесі екендігі тексерілуде ме? Дін істері агенттігі мешіттердегі жастардың толқыны қандай идеологияда тәрбиеленіп жатқанынан хабардар ма? Жастармен діни тақырыптарға ықпалдастық жолы қалай жүзеге асырылуда?».
*Талқылау тағылымы
Тұрмыстық зорлық-зомбылық– ауыр қылмыстарға соқтыратын кесапат
Тұрмыстағы зорлық-зомбылық бүгінгі күннің бір қасіреті болып тұр. Маскүнем немесе нашақордың ақша тауып бер деп анасын немесе әйелін өлтіріп жатқан бассыз әрекеті бұл күнде сұмдық емес, қатардағы қылмыс секілді болып қалды. Балаларына жәбір көрсетіп, үйден қуып шығу немесе күн көрсетпеу «сәнге» айналғандай. Тіпті, ішпей-жемей-ақ болмашы нәрсеге бола тепсінген жауыз әкелер баласын немесе сұмырай бала әкесін, шешесін өлтіріп жататын жағдайлар да жоқ емес. Әйтеуір, соңғы кездері жаға ұстататын жайлар көбейіп тұр. Осындай қылмыстардың өзі көп нәрсеге төзімділікпен қарап, орынсыз, тіпті шектен тыс көндігудің салдарынан жасалатыны тағы анық.
Тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа төзбей, оған заңды жолмен қарсы тұру қажеттігі де қоғамда жиі айтылады. Осындай қылмысқа қарсы заң жобасы да әзірленіп, жуырда Мәжілістің жалпы отырысында оның жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасын Мәжіліс депутаттары Дариға Назарбаева, Гүлнәр Ықсанова, Ольга Киколенко, Елена Тарасенко, сенатор Людмила Полторабатько және т.б. дайындаған. Қарап тұрсақ, оны Парламенттің тек әйел депутаттары ғана көтеріп, солардың бастамасымен әзірленген. Осының өзінен әйел депутаттардың тұрмыстық проблемаларға ер азаматтарға қарағанда, көбірек көңіл бөлетіні көрініп тұр.
Баяндама жасаған депутат Светлана Бычкова заң жобасы Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясындағы ана мен балаға қатысты қылмыстарды қатаң жазалау туралы талабына сәйкес жасалғанын атап өтті. Оның нормалары тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болып табылатын адамдарға жәрдем көрсету жөніндегі құқықтық шаралар кешенін көздейді, деді ол. Сонымен бірге, 2009 жылдың желтоқсан және 2010 жылдың сәуір айларында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын көздеген заңдардың қабылданғанын айтты. Осы заңдарды қолдану арқылы сот былтыр 32 мың жазбаша өкім берген болса, биылғы жылдың үш тоқсанында бұл сан 35,7 пайызға артқан. Соның арқасында 2013 жылдың 9 айында аталған қылмыс 2012 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, 10,7 пайызға төмендепті. Соның ішінде кісі өлтіру фактілері 211-ден 158-ге азайған.
Алайда, бұл заңдардың ықпалы әлі де төмендеу болып отыр. Сондықтан да аталған заң жобасы дайындалды, деді баяндамашы. Заң жобасы Қылмыстық, Әкімшілік-құқық бұзушылық және Бюджет кодекстеріне, «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс», «Арнаулы әлеуметтік қызметтер» туралы және т.б. бірқатар заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.
Баяндамашыға сұрақ бергендер де негізінен әйел депутаттар болғандығы назар аударды. Алғашқы сұрақ берген Г.Сейітмағанбетова Әкімшілік-құқық бұзушылық туралы кодекстің 59-бабына енгізілетін түзетуде отбасылық-тұрмыстық қатынастардың құқық бұзушылығын жасаған зорлықшының жәбірленушімен бірге бір тұрғын үйде немесе бір пәтерде тұруына сот арқылы тыйым салынатындай норма қарастырылғанын айта келіп, осы норма азаматтардың тұрғын үй құқығын өз қалауынша белгілеу құқына нұқсан келтірмей ме деп сұрады. Бұған сот 30 тәулікке дейінгі мерзімге бөлек тұруды белгілеуі мүмкін екендігі айтылып, адамдардың конституциялық құқы бұзылмайтындығы жеткізілді.
Депутат М.Ахмадиев Қылмыстық және Әкімшілік-құқық бұзушылық кодекстеріне заң бұзушының соттың айрықша бұйрығын орындамауына берілетін жазаның қатайтылатындығы туралы енгізілетін толықтыруға байланысты сұрақ қойды. Осы норманы Мәжіліске енді түсіп жатқан кодекстердің шеңберінде қарастыруға болмай ма, деді ол. Оған аталған заң жобасында тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері кешенді түрде қарастырылғаны айтылып, толықтырудың осы күйінде қалғаны дұрыс деп саналатыны жеткізілді.
Қосымша баяндама жасаған Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Ольга Киколенко негізгі баяндамашының сөзін қостап, ұсынылып отырған заң жобасының қажеттілігін атап өтті. Құжат тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын жетілдіре түсуді, жәбірленушіні қолдау шараларын белгілеуді мақсат етеді, деді ол. Сонымен қатар, заң жобасын әзірлеу барысында барлық әлеуметтік сала министрліктері, құқық қорғау органдары мамандарымен, Президенттің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен және т.б. келісілгені атап айтылды.
Заң жобасын талқылау барысында жалғыз-ақ депутат – Светлана Ферхо сөйледі. Біздің қоғамымыздың алдында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларымен оған қарсы күресті жетілдіру міндеті тұр. Заң жобасы тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсетушіге қарсы қолданылатын жазаны қатайтуды көздейді. Тіпті бұл іс үшін қылмыстық жауапкершілік жүктеу де қарастырылған, деді ол. Сонымен қатар, заң жобасы осындай қылмыстардың индивидуалды түрде алдын алуды емес, оған қарсы кешенді түрдегі күрес жүргізуді көздеп отырғаны қуантады, дей келіп, заң жобасы тіпті соттың шешімімен үйінен қуылған зорлықшының өзін де әлеуметтік қабылдау орталығына орналастырып, оған да психологиялық, тұрмыстық қолдаулар көрсетілуін қарастырғаны айрықша атап өтерлік екенін айтты.
Дауысқа қойылған заң жобасы бір ғана депутаттың қалыс қалуымен толықтай мақұлданды.
Бәрі дұрыс-ақ, бірақ екінші жағынан осы заңды пайдаланып, қит етсе сотқа жүгіретін «жәбірленушілер» көбейіп кетпесе болды деңіз...
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».
*Тұрақты комитеттер тынысы
Азаматтық қорғау саласындағы басқосу
Мәжілістегі Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Александр Милютиннің жетекшілігімен «Азаматтық қорғау саласындағы проблемалы мәселелерді шешу жолдары туралы» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің өкілеттіктерін іске асырудың үшінші сессияға арналған негізгі іс-шаралары жоспарына сәйкес өткен бұл басқосуда Парламент Мәжілісінің депутаттары мен Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылымдық және ведомстволық бөлімдерінің басшылары қатысты.
«Азаматтық қорғау туралы» заң жобасындағы халықты хабардар ету мәселелерін заңнамалық реттеу және келешекте халықты хабардар етуге байланысты заң нормаларын іс жүзіне асыру» тақырыбында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министрі В.Петров баяндама жасады.
«ТЖМ-нің жеке санаттағы қызметкерлерін, ерікті өрт сөндірушілер мен құтқарушыларды әлеуметтік қорғау мәселелерін заңнамалық қамтамасыз ету жөнінде» Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы С.Әубәкіров пен ТЖМ-нің Төтенше жағдайларды жою департаменті директорының орынбасары А. Советов баяндап берді. Бейнеконференция режімінде құрамында метаны бар көмір қабаттарында тау-кен жұмыстарын жүргізгенде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде Қарағанды облысы департаментінің басшысы Т.Нұрмағамбетов баяндады.
Алматы облысы әкімінің орынбасары А. Баталовтың, Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ю.Ильиннің, Астана қаласы ТЖД-нің бастығы М. Ысқақовтың, «Қазақстан Инжиниринг» ҰҚ» АҚ өкілінің қатысуымен баяндамаларды және күн тәртібі аясында басқа да мәселелерді талқылау өтті.
Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы дөңгелек үстелдің нәтижесін қорытындылап, талқыланған мәселелердің маңыздылығын, азаматтық қорғау саласындағы проблемалы мәселелерді шешуде алдағы уақытта конструктивті жұмыстар қажеттігін атап өтті.
*Фотокүнделік


Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.