Мәселен, қашанда қайырым жасаудан қалыс қалмайтын «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қоры бұл жолы Жетісу балаларына 500 ноутбук сыйлады. «Салиқалы ұрпақ» қоры бұған дейін Алматы қаласының оқушыларына 500 ноутбук тарту еткен еді.
– Бұл ноутбуктер аз қамтылған отбасы балаларына берілетін болады. Біз осындай қиын кезеңде әрбір баланың сапалы және жақсы білім алуын қалаймыз. Өйткені болашақ ұрпақтың дамуына еш кедергі болмауы керек, – дейді қор директоры Қасым Қасабеков.
Жалпы, жаңа оқу жылында аз қамтылған отбасылардың балаларына жағдай жасау мақсатында ұзын саны 55 мыңнан астам компьютер техникасы сатып алынады екен. Өткенде сол компьютерлердің алғашқы легі жеткізілген болатын. Техникалық ерекшелікке сәйкестігі мұқият тексерілгеннен кейін, дербес компьютерлер Ақсу, Қаратал аудандары мен Талдықорған қаласының оқушыларына берілді.
– Жаңа оқу жылында қашықтан оқыту үшін жағдай жасау мақсатында Алматы облысының оқушыларын барлық қажетті техникамен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Жақында балаларға республикалық бюджет қаржысына сатып алынған дербес компьютерлер таратылса, бұл «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қорының демеушілігінің арқасында Талдықорған қаласына 500 ноутбук жеткізілді. Олардың екі жүзі облыс орталығында тұратын оқушыларға арналған, ал қалғандары жақын арада аудандарға бөлінеді, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Майгүл Омарова.
Айтпақшы, Алматы облысында жыл соңына дейін мектептердің 84 пайызы сымсыз интернетке қол жеткізетін болады. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 156 мектепке 454 миллион теңге бөлінді. Нәтижесінде жыл соңына дейін 639 мектеп Wi-Fi технологиясы негізінде ғаламтормен қамтылатын болады. Жалпы, бүгінде облыстағы 760 мектептің барлығы компьютерлік техникамен жабдықталып, 100 пайыз ғаламторға қосылған. Оның 527 мектебі немесе 69,3 пайызы жоғары жылдамдықты интернетке талшықты-оптикалық кабел арқылы жалғанса, 233 мектеп яғни, 30,6 пайызы спутниктік байланыс арқылы ғаламтор тұтынып отыр екен. Ал Wi-Fi технологиясы негізінде сымсыз интернетке қосылған мектеп саны 483 шамасында.
Сондай-ақ облыстың білім ошақтарындағы компьютерлердің жалпы саны 50 мыңнан асады екен. Оның 40 мыңға жуығы ауыл мектептеріне тиесілі көрінеді. Былтыр ақпараттандыру бағдарламасы бойынша жұмыс техникасын сатып алуға 376,9 миллион теңге бөлінсе, биыл мұғалімдерге қажет компьютер үшін 311,8 миллион теңге қаржы қарастырылған. Мұнан бөлек, облыстың білім беру мекемелерінде 69 ІТ-сыныптар құрылған. Биылдың өзінде 50 ІТ-сыныпты жабдықтау үшін 476,8 миллион теңге қаржы бөлініп отыр.
Алматы облысы