Аймақтар • 15 Қыркүйек, 2020

Түркістандағы амфитеатр ашық пікірсайыс алаңына айналды

358 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңындағы амфитеатрда өткен пікірсайысқа 6 үміткер қатысып, өз біліктілігі мен сөзге шешендіктерін көрсетті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркістандағы амфитеатр ашық пікірсайыс алаңына айналды

"Nur Otan" партиясының праймериз өткізу кестесіне сәйкес ұйымдастырылған саяси додада "Nur Otan" партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бейсен Тәжібаев құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. "Бір дәуірлерде ашық аспан астындағы амфитеатрлар күш сайысы өтетін орындар болса, қазір көне шаһарда бұл орын ой сайыстыратын орталыққа айналды. Республика бойынша праймеризге қатысушылардың 1144-і Түркістан облысынан қатысып отыр. Соның ішінде Түркістан қаласынан 106 үміткер бақ сынауға бел байлапты. Мұндай дебаттардан тартынбау керек. Ой түкпіріндегі жоспарларыңызды, бағдарламаларыңызды ашық айтып, жұртшылыққа таныстырған жөн. Сіздерді ашық бәсекеде тиісті талап пен мен ережені сақтай отырып, жоғары деңгейде пікір таластырады деп сенемін. Елбасының бастамасын қолдап, Түркістанды дамыту бағытында еңбек сіңіреді деп есептеймін. Қасиетті Түркістан төрінде саяси қадамды бастап, адалдық пен адамдықты ту етіп шығатындарыңызға сенімдімін", – деді Бейсен Дәулетұлы.

Еркін форматтағы дебатқа қатысушылар көкейде жүрген ойларын айтып, бір-бірінің сайлауалды бағдарламалары бойынша сұрақтарын қойды. "Уәде беру – оңай. Оны орындау бар. Келешекте депутат болған тұлғалар да осы амфитеатрда, ел алдында есеп берсе", – дейді праймеризге қатысушылар.

Жалпы Түркістан облысында 30 қыркүйекке дейін 200-дей жария пікірсайыс ұйымдастырылып, оған 1100-ден астам кандидаттар қатысуы керек. Бүгінде 16 аудан, қалада жария пікірсайыстар өткізілуде.