Аймақтар • 15 Қыркүйек, 2020

Оралда арқанды саябақ ашылды

733 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Орал қаласында Төтенше жағдайлар департаментінің бастамасымен арқанды саябақ ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Оралда арқанды саябақ ашылды

Жас ұрпақты, тіпті тәні мен жаны сау барша халықты ептілікке баулитын арқанды саябақ ашу идеясын төтеншеліктер көтергенімен, бұл бастаманы жергілікті әкімдік бірден қолдап әкеткен. Шаған өзенінің Жайыққа қосылар тұсындағы әсем мүйісте орналасқан бұл саябақ қала тұрғындары мен қонақтардың демалыс сәтін әсерлі де пайдалы өткізуіне мүмкіндік береді. Әрі спорт, әрі ойын түрінде белсенді демалыс әсіресе балаларға қатты ұнап жатыр.

Арқанды саябақтың ашылуына Орал қаласы әкімінің орынбасары Асхат Құлбаев қатысып, қала күнінің қарсаңында тұсауын кесіп отырған саябақтың ашылу салтанатымен құттықтады.

"Қазақстанда тұрған жері, табиғаты дәл Орал сияқты тамаша шаһар көп емес. Жасыл желектің арасында, ағын судың жағасында орналасқан бұл саябақта демалу – жанға да, тәнге де шипа береді. Және осы кереметті жасауға бюджет қаржысы жұмсалған жоқ. Осы игілік қарапайым халық үшін жасалып отыр", - деді қала басшысының орынбасары.

Шынында да арқанды саябақтың барлық жабдығын Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің "Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі" өз күшімен жасап шыққан екен. Сондай-ақ саябаққа келіп демалу, аспалы атракциондарды пайдалану да ақысыз болмақ.