Аймақтар • 15 Қыркүйек, 2020

Ақмола облысында жылу беру маусымына дайындық басталды

334 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өңірде жылу беру маусымына дайындық барысы қыза түсті. Бұрын арыз-шағым көп айтылатын қос қаланың бірінде қазандық толық жаңартылса, екіншісінде жаңадан салынуда, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақмола облысында жылу беру маусымына дайындық басталды

Сарыарқаның сақылдаған сары аязында жылуға байланысты өкпе-наз көп айтылатын елді мекеннің бірі – Щучинск қаласы. Биыл "Жұмыспен қамту жол картасы" бағдарламасы аясында орталық бу қазандығын күрделі жөндеуден өткізу үшін 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Қазандықтың көнерген жабдықтары жаңартылып, жылу беру маусымына дейін тап-тұйнақтай етіп аяқталмақ.

Елу мыңға жетер-жетпес тұрғыны бар қаладағы орталық бу қазандығы жылумен көп қабатты тұрғын үйлердің, әлеуметтік-тұрмыстық нысандардың 70 проценттен астамын қамтамасыз етеді. Сәл шашыраңқы қоныстанған қаланың өзге мөлтек аудандарында 6 қазандық жұмыс істейді. Бұл қазандықтарға да жаз айларында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

"Мемлекет тарапынан бөлінген қаржыны ұтымды пайдаланып, әр тиынын шашау шығармай, көптен бері күрделі жөндеу көрмеген қазандықты жаңартып алдық. Бірнеше агрегаттары жаңартылды. Жылу жеткілікті көлемде баруы үшін қала шетіндегі мөлтек аудандарға тартылған жылу жүйесінің диаметрі ұлғайтылды. Сонымен бірге қазандық жұмысшылары үшін тұрмыстық бөлмелер салынды. Қалған жұмыс қыркүйек айының соңына дейін толық аяқталады.", – дейді "Бурабай жылу" кәсіпорнының директоры Зейнұр Әлібеков.

Ендігі маңызды мәселе отын қорын уақытында жинақтап алу. Қазіргі күні 4 айға еркін жететін мазут пен көмір қоры жасалыпты. Алдағы уақытта арнайы кесте бойынша қажетті көлем тасымалданатын болады.

Ақкөл қаласында да жылу беру маусымына тыңғылықты дайындалу үстінде. Мұнда "Восточный" шағын ауданында жаңа жылу қазандығы салынып жатыр. Жобаның жалпы құны 816789,407 мың теңге. Жергілікті өнім – Щучинск қазандық зауытының сынақтан өткізілген қазандықтары орнатылып, қаланың жылу жүйесінің жүктемесін едәуір жеңілдететін сыңайлы. Өтпелі кезеңде орталық жылу жүйесінен ағытылып тасталған тұрғын үйлер енді жылумен қамтылады. Бұл жай тұрғындар үшін өте қолайлы болатын түрі бар. Аудан әкімі Алпысбай Қайыржановтың айтуына қарағанда, қазандықтың жұмысы жылу беру маусымына дейін толық аяқталып шықпақ. Қазір қазандыққа қажетті отын мәселесі шешілуде. Бұл жақсылық өңірдегі әлеуметтік бағдарламалардың іске асырылуының арқасында қол жетімді болып отыр.

Қос қаладағы көптен бері қордаланып қалған өткір мәселе – жылу беру болатын. Енді міне мемлекет тарапынан қолдауға ие болғаннан кейін қиын түйін шешілді деп айтуға толық болады.