Руханият • 15 Қыркүйек, 2020

Израильде әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған ескерткіш тақта ашылды

806 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл ұлы философ әрі ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл. Осыған орай, Израильдің Хайфа қаласында ғұламаға ескерткіш тақта орнатылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Израильде әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған ескерткіш тақта ашылды

Ескерткіш тақтаның салтанатты ашылуына Хайфа қаласы муниципалитеті қолдау көрсеткен. Игі шараға Қазақстанның Израильдегі Құрметті консулы Дэвид Люксембург, ғалымдар, ЖОО басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.  Жиын барысында Қазақстанның Израильдегі Елшісі Сатыбалды Бұршақов әл-Фарабидың тағылымы мен мұрасына қатысты пікірін білдіріп, оның адамзат үшін маңыздылығын атап өтті. 

"Биыл шығыстың Аристотелі, екінші ұстаз атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл. Ол тек қазақ халқы үшін емес, әлем елдері үшін де атаулы мейрам. Сондықтан, осынау тарихи қалада ұлы ойшыл атындағы көше бойында ескерткіш тақта орнатылды. Бұл әл-Фараби бабамызға деген құрметіміз", деді елші. 

Салтанатты шараға онлайн режимде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов та қатысты.

"Ұлы бабамыздың философиясы бізге және келер ұрпаққа үлкен мұра. Біз әл-Фарабиді тану арқылы әлемді танимыз. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де ұлы ойшылдың өсиеті арқылы елііздің болашағын, жастарды тәрбиелеп отырмыз", деді ректор. 

Салтанатты рәсімге қатысқан Халықаралық Түркі академиясының президенті, академик  Дархан Қыдырәлі әл-Фарабидің адамзат руханиятындағы орнының ерекше екенін, сондықтан тарихи Хайфа қаласындаға ғұламаға арналған ескерткіш тақта орнатылуы еліміз үшін құрмет екенін атап өтті. 

"Әл-Фарабидің әлеуметтік философ ретіндегі маңызы зор. Оның әйгілі "Ізгі қала туралы" трактаты алдыңғы ұрпақтардың рухани-философиялық тәжірибесін сіңіріп қана қоймай, Батыс Еуропадағы әлеуметтік ойдың, әсіресе утопиялық философтардың дамуына айтарлықтай әсер етті. Аристотельден кейінгі екінші ұстаздың атындағы көше - достықтың көшесі болғай. Баршаңызды ерекше қуанышпен құттықтаймын", деді ол. 

Айта кетейік, Израильдің Хайфа қаласында әл-Фараби атындағы көше 1960 жылы ашылған.