Қатысушылар ШЫҰ кеңістігіндегі қауіпсіздік саласындағы ахуалды, «үш қастандыққа» (терроризм, экстремизм, сепаратизм), есірткінің заңсыз айналымына, трансшекаралық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрестегі өзара іс-қимылды тереңдету, сондай-ақ халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.
Шара барысында ШЫҰ Бас хатшысы мен ШЫҰ ӨТҚҚ Атқарушы комитеті директорының тұрақты жұмыс істейтін органдарының қызметі туралы баяндамалары тыңдалды.
Әсет Исекешев қатысушыларды COVID-2019 пандемиясына қарсы біздің мемлекет тарапынан атқарылып жатқан іс-қимылдар туралы хабардар етті. Санитарлық-эпидемиологиялық сипаттағы қауіптердің ерекше өзектілігін атап өтіп, серіктестерді осы салада өзара әрекеттесуді іс жүзінде жандандыруға шақырды.
Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы террористік, экстремистік және өзге де қылмыстық мақсаттарда ақпараттық технологияларды кеңінен қолдану қаупінің артқанына назар аударды. Осы сын-тегеуріндерге қарсы күрес аясында Қазақстан тарапы терроризм мен діни экстремизм идеологиясына қарсы іс-қимылға жәрдем көрсету жөніндегі интернет-ресурстар әкімшіліктеріне ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің бірлескен коммюникесін (үндеуін) әзірлеуді ұсынды.
Әсет Исекешев әріптестерін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр Бішкекте өткен ШЫҰ саммитінде ұсынған ШЫҰ ақпараттық қауіпсіздік орталығын құру бастамасын қолдауға шақырды.
Есірткіге қарсы бағыт бойынша өңірлік өзара іс-қимылдың, сондай-ақ ШЫҰ Хатшылығы мен ОАӨАҮО арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюды жылдамдату маңызды екені айтылды.
Шара барысында Қазақстанның ШЫҰ кеңістігінде қауіпсіздікті қамтамасыз етудің барлық өзекті мәселелері бойынша ынтымақтастықты нығайту және құзыретті мемлекеттік органдар желісі бойынша өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға бейілді екені нақтыланды.