Біздегі қоғам қайраткерлері, мемлекет қайраткерлері, ғалымдар мен жазушыларға беріліп жатқан шетелдік сыйлықтардың атауынан ат үркеді. Франц Кафка медалі, Виктория патшайым атындағы сыйлық, Альфред Нобель медалі деп кете береді.
Биылғы наурыз айында еліміздің ғалымдары Нобель медалімен марапатталды деген ақпарат тарады. Мұны естігенде қуанғанымыз рас. Енді ше, біздің ғалымдардың еңбегі шетелде күнде мойындала бермейді ғой. Бірақ «бақсам, бақа екен» демекші, Нобель медалін беретін мекеменің беделінен гөрі, күмәні мен күдігі көп.
Мәселен, Нобель медалін Ресейдің жаратылыстану ғылымдары академиясы табыстайды әрі оның атақты Нобель сыйлығына үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Оның үстіне, аталған мекеменің Ресей ғылым академиясына да қатысы жоқ. Ал Ростов мемлекеттік медициналық университеті өздерінің сайтында Ресейдің жаратылыстану ғылымдары академиясын алаяқтар деп атап, олардан абай болуды ескерткен.
Тағы бір күмәнді марапаттың қатарында Сократ сыйлығы бар. Оны табыстайтын Еуропалық бизнес ассамблеясы. Аталған ұйымның сайтында жер жаһанға әйгілі Оксфорд университетімен бірлесіп жұмыс істейтіні жазылған. Әйтсе де, Ұлыбритания бұқаралық ақпарат құралдары Еуропалық бизнес ассамблеясының Оксфорд университетіне ешқандай қатысы жоқ екенін талай мәрте жазды.
The Sun таблоидының хабарлауынша, Оксфорд университетінің атын жамылған ұйым марапаттарын 9300 фунт стерлингке сататын көрінеді. Ал The Times басылымы Еуропалық бизнес ассамблеясы украиналық Иван Саввовқа тиесілі екенін хабарлады. Газетке сұхбат берген ұйымның бұрынғы қызметкері марапатты сатып алуға дайын атаққұмар жандарды Таяу Шығыстан, Ресейден, Орталық Азиядан іздейтінін айтқан.
Еуропалық бизнес ассамблеясы туралы сөз қозғауымыздың себебі мынада. Осы мекеме тарататын Сократ сыйлығы мен Виктория патшайым атындағы сыйлығын алғандар қатарында еліміздегі бірнеше беделді білім ордасы, қоғам қайраткерлері мен депутаттарымыз бар.
Мұндай арзан атақтардың тізімі мұнымен шектелмейді. Еліміздегі бірнеше жазушыға Франц Кафка медалі берілді. Кезінде бұл туралы да жарыса жазғанымыз есімізде. Бірақ аталған марапат Франц Кафка атындағы сыйлықтан мүлдем бөлек. Алғашқысын Прагадағы Кафка атындағы Еуропа қоғамы деген түп-төркіні белгісіз ұйым табыстайды. Бұл қоғам туралы мәлімет жоқтың қасы. Әлемдік деңгейде мойындалмаған марапат.
Ал Франц Кафка ұйымы табыстайтын бірегей сыйлықтың әлем әдебиетшілерінің алдында беделі зор. Біріншіден, оны Чехия президенті мен Парламент Сенаты бақылауына алған. Екіншіден, сыйлық жыл сайын бір-ақ жазушыға ұсынылады. Әрі жеңімпазға 10 мың доллар көлемінде сыйақы беріледі. Ф.Кафка сыйлығын иеленгендер қатарында біздің оқырмандарға жақсы таныс Харуки Мураками, Иван Верниш, Маргарет Этвуд секілді жазушылар бар.
Айтпақшы, әлемді мойындатуды көксегендер, атаққа құмар жандар мұнымен тоқтап қалмақ емес. Мәселен, былтыр Жаңаарқада 10 мың литр қымыз дайындап, Гиннестің рекордтар кітабына кіргені айтылды. Өкінішке қарай, еліміздегі бүкіл бұқаралалық ақпарат құралдары жазған бұл рекордтың Гиннеске қатысы шамалы. Жаңаарқадағы қымыз дайындауды тіркеген – ресейлік «Интер рекорд» ұйымы.
Бір қызығы, елімізде Гиннестің рекордтар кітабына енді деп жүрген рекордтың біразын да тіркеген осы «Интер рекорд» ұйымы. Ресейлік компания рекорд тіркеуде әлемдік стандарттарды сақтайды деп үміттенеміз.
Қорыта айтқанда, арзан атақ пен сылдырлаққа құмарлық тоқтамай тұр. Ал мұндайда аңқауларды қармаққа түсіруді жетік меңгерген шетелдік алаяқтар марапатқа үйреніп қалған отандастарымыздың ақысын алып, беделсіз сылдырмағымен алдап, тақырға отырғызып жүр.