Бизнес • 16 Қыркүйек, 2020

Жас кәсіпкерлер қайтарымсыз гранттар иеленді

588 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлттық нақыштағы тұрмыстық бұйымдар жасау, мал шаруашылығын дамыту, мүмкіндігі шектеулі балаларды сауықтыру,  ішкі туризмді дамыту, қолөнер – сәндік бұйымы,  еліміздің киелі жерлеріне  туристік маршруттар ұйымдастыру жобаларын ұсынған ақтөбелік 16 жас кәсіпкер Ақтөбе облысы әкімінің грантына ие болды, деп хабарлайды Egemen.kz

Жас кәсіпкерлер қайтарымсыз гранттар иеленді

Биылғы көктемде облыстық кәсіпкерлік басқармасы өз ісін ашуға құлшынысы бар  жастарды қолдауға бағытталған жобаны қаржыландыруға конкурс жариялағанда,  жарты жылдың ішінде Ақтөбе қаласы мен аудандарынан 78 жоба келіп түскен.  Түскен жұмыстарды  кәсіпкерлер, депутаттар мен ақпарат құралдары өкілдерінен құралған комиссия соңғы екі аптадан бері тыңғылықты қарап, арасынан 16 жобаны үздік деп таныды. Нәтижесінде,  "Ауылды көркейту", "Мәдениет және бос уақытты дұрыс ұйымдастыру", "Отбасылық құндылықтар және дәстүр", "Білім берудің кіші жобалары", "Салауатты өмір салтын ұстану", "Экология және абаттандыру", "Туризм" бағыттары бойынша Ақтөбе қаласынан -5, аудандардан 11 жоба озық деп танылды. Соның ішінде Байғанин ауданынан – 4, Хромтау ауданынан – 2,  Қобда, Мұғалжар, Әйтеке би, Темір, Мәртөк аудандарынан бір-бір жобадан мақұлданды.  Енді жоба авторларының  әрқайсысы 1 миллион 200 мың теңгеден бастап 2 миллион теңгеге дейінгі аралықта  грантқа ие болды.   

1

Облыста тұңғыш рет ұйымдастырылған конкурс жеңімпаздарын марапаттаған облыс әкімі Оңдасын Оразалин болашақ кәсіпкерлердің бастамаларына сәттілік тілей отырып, биік нәтижелерге тек жаңа білім игеру мен  шеберлікті шыңдау, тынымсыз еңбек арқылы қол жеткізуге болатынын атап өтті.