Көзілдірікті ұрпақ өсіп келеді
Үлкендерді айтпағанда, кішкентай баланың өзі гаджетке байланып қалып жатыр. Тіпті жылаған сәбиіне смартфон, планшет беріп уататын аналар бар. Бәлкім, заманына қарай амалы осы шығар. Алайда мамандар гаджетке ерте әуестенген бала көру қабілетінен де ерте айырылатынын айтады. Мұны күнделікті тұрмыста көріп те жүрміз. Бұрын көзілдірікті кәріліктің белгісі деп білген қазақ, енді бесіктен белі шықпаған баласына көзілдірік сатып алып жүр.
Қазір мектеп қабырғасын жаңа аттаған балалардың кем дегенде 10-15%-ы көзілдірік тағады екен. Мысалы, Нұрдәулет Иманбаев Қостанайдағы Назарбаев мектебінің 11-сыныбында оқиды. Айтуынша, бұл мектепте әрбір төртінші-бесінші бала көзілдірік тағады.
– Біздің сыныпта 18 оқушы бар, соның сегізі көзілдірік тағады. Өзім де 3-сыныптан бастап көзілдірік таға бастадым. Кішкентай кезімнен монитор алдында көп отырдым. Қазір пайдалы интернет кітаптар көп, соларды оқимын, – деді Дәулет.
Балалардың көру қабілетінің нашарлап кетуіне басты себеп – компьютер, смартфон, планшет сияқты көз майын тауысатын электронды құрылғылар екенін дәрігерлер де растап отыр.
– Мен осыдан 33 жыл бұрын мединситутты бітіріп, жұмысқа жаңа келгенде 5-6 сыныпқа дейінгі мектеп балаларының бәрінің дерлік көзі сау болатын. Ол кезде бір сыныпта әрі кетсе 1-2 бала көзілдірік тағатын. Қазіргі мектептердің көбінде әр сыныпта 10 шақты көзілдірікті бала оқиды. Технологиядан қалуға болмайды, бірақ бала гаджетке уақыт бөлетін қатаң күн тәртібі болуы керек. Гаджетпен жұмыс кезінде жарты сағат сайын үзіліс жасап, көз жаттығуларын жасаған дұрыс. Қимыл керек. Содан кейін ғана қайта отыру қажет, – дейді Қостанайдағы облыстық офтальмологиялық аурухананың бас дәрігері Сәуле Сейілова.
Бұл ауруханаға жылына 2 мың бала қаралады екен. Соның 1500-і алыстан нашар көреді. Мамандардың айтуынша, қазір мектепке баратын балалардың 10%-ы алыстағыны көрмейді. Көз ауруының бұл түрі неғұрлым ерте басталса, балаға соғұрлым қиынға түсетін көрінеді. Өйткені мектеп тапсырманы үйіп-төгіп береді. Бала үй жұмысын орындау үшін тағы гаджетке үңіледі. Осылайша, көру қабілеті төмендей береді. Қазір 7, 8, 9-шы сыныптарда оқитын балалардың тең жартысы алыстан көрмейді екен. Бұл баланың өмір сүру сапасын ғана төмендетіп қоймайды, сонымен бірге оның болашағына да кері әсер етеді. Алыстан көру қабілетінің төмендігінен көп балалар өзіне ұнаған мамандықты игеру мүмкіндігінен айырылып отыр.
– Сондықтан ата-аналар балалардың гаджетке бөлінетін уақытын ерте кезден-ақ неғұрлым шектеп, бақылауда ұстап отырғаны дұрыс. Егер бала компьютер мен смартфонға байланып қалса, алыстан көру қабілеті жойылып бара жатыр деген сөз. Әрбір ата-ана баланың таза ауада белсенді демалысына көп көңіл бөлуі керек. Көз бұлшық еттері де адамның басқа да дене бұлшық еті сияқты қозғалысты қажет етіп тұрады. Біз үйкүшік балаларға түрлі кешенді жаттығулар жасатқызамыз. Бастыларына ғана тоқтала кетейін, көзді жоғары-төмен, оңға-солға қозғалту керек. Сағат тілімен және керісінше айналдыру. Әр жаттығуды 10-15 рет қайталау қажет. Көзді жұмып, қабақтың астына массаж жасау. Сағат тілімен және керісінше. Сосын терезеге ноқат салып, бала бірінші ноқатқа, содан кейін алысқа көз тігіп жаттығады. Бұл көз бұлшық еттерін дамытады. Балалардың теннис, бадминтон, волейбол, баскетболмен айналысқаны көзге пайдалы. Өйткені доп бірде алыс кетсе, бірде жақындайды да, баланың көз бұлшық еттері белсенді жұмыс істейді. Сондай-ақ балаларға суда жүзу аса пайдалы, гидромассаж. Көз бұлшық еттерінің дұрыс дамуына таза ауадағы белсенді демалыстың орны ерекше. Үйде отырған бала гаджетке жоламағанның өзінде төрт қабырғадан басқа ештеңені көрмейді. Демек көз бұлшық еттері жұмыс істемейді деген сөз. Ал далада мүлде басқаша, көкжиекке, далаға, тауға, ұшқан құсқа қарау. Бұрын баланың көру қабілетін дамыту үшін дене жаттығуы қажет екені ескерілмей келген, қазіргі медицинада бұл көз бұлшық еттерін дамытудың ең белсенді жолдарының бірі, – деді бас дәрігер.
Өкініш
Бірде Алматыдан курстас досым қоңырау шалды. 14-16 жастағы екі қызы бар еді, екеуінің де телефонын үйде қалдыртып, бір айға қала сыртындағы туысының үйіне жіберіпті. Олар 4-5 жасынан бастап ұялы телефон ұстай бастапты. Сол кезден бастап смартфон, айпадтан бас алмаған. Осылайша, екі қыздың да көру қабілеті төмендей бастайды. Бұл сабақ барысына әсер етеді. Үлкен қызы: «Мен тақтадағы жазуды көрмеймін», дегенді жиі айта бастайды. Содан ата-анасы мұғалімге айтып жүріп қыздарын алдыңғы партаға отырғызады. Алайда ол да көмектеспейді.
– Содан дәрігерге тексертіп едік, үлкен қызымыздың көру қабілеті нашарлап кеткен екен, «–2»-ге жетіпті. Көзілдірік әпердік. Сөйтіп мектепте көзілдірікпен жүретін болды. Көзілдірік тағатын оқушылардың көбейе бастағанын сонда байқадым. Оқушылар алдыңғы орынға отыруға таласады екен. Өйткені тақтадағы жазуды анық көре алмайды. Тақтаға көз жетпегеннен кейін оқу үлгерімі де төмендейді. Яғни біздің жас ұрпақтың көру қабілеті төмендеп келе жатыр. Гаджеттің кесірінен екінші қызым да дұрыс көрмейтін болды. Одан соң смартфонды қолға бермеуге тырыстық. Бірақ қазіргі кезде смартфонды пайдаланбаса, сабақ оқи алмайтын дәрежеге жетті. Дәрігер: «Аяғынан айырылған адамның аяғы қайта өсіп шықпайды. Көздің көру қабілеті де сондай, қайтып орнына келмейді», деп, тіпті қатты айтты, – деді досым.
Әңгіме қазіргі қашықтан оқуға дейінгі жағдай туралы болып отыр. Бірте-бірте досымның үлкен қызының көру қабілеті «-3»-ке түсіп, екіншісінікі «-1» болады. Бір жылдан кейін қайта тексертсе, үлкені «–5», кішісі «–3»-ке жетіпті. Одан көзілдірік көмектеспейтін болған соң жақында Офтальмалогия институтына барып тағы да тексертеді. Сөйтсе, үлкенінікі «–7», кішісінікі «–3» жарым болған.
– Осылайша қыздарымның көру мүмкіндігі кеміп барады. Осының бәрі гаджеттің кесірі ме, әлде басқа да себептері бар ма, ол жағына көз жеткізе алмадым. Бірақ қыздарыма кішкентай кезінен смартфон әпергеніме өкінемін. Пайдасы, гаджет тілін терең меңгеріп, өз қатарының алды болды. Біз екі қызымыздың көзін құтқару үшін көптеген ізденіске бардық. Әлеуметтік желіден ресейлік профессор Жданов деген кісінің дәрісін тыңдадық. Бағасы да удай екен – 80 мың теңге. Бір апталық сабақ. Күніне 1-2 сағат сабақ өтеді. Былайша айтқанда, көз жаттығулары бойынша кеңес береді. Екі қызым бір жылдай профессор айтқан жаттығуларды жасап жүрді. Бірақ одан пайда көрмедік. Бұл жерде профессорды білімсіз, өтірікші деуден аулақпын, бірақ бізге пайдасы тимеді. Ол кісі айтқан дене жаттығулары мен көз жаттығуларының бәрін жасадық, бірақ нәтиже жоқ, – деді өкініштен күйінген әке.
Бұл бір отбасының ғана басындағы мәселе емес. Сондықтан баланың денсаулығын нығайту мәселесін ел болып қайта қарап, осы мақсатқа бағытталған кешенді мемлекеттік бағдарлама жасалса игі.
Мұның сыртында, қазіргі балалардың ішінде туабітті глаукома мен катаракта жиі кездеседі. Бұл кемтарлыққа апаратын дерт, дер кезінде емделмесе, бала су қараңғы болып қалуы мүмкін. Мамандардың айтуынша, мұндай ауру әдетте қанмен келеді екен.
– Біз мұндай балаларды бір жасқа дейін анықтап, ота жасаймыз. Қазіргі технология бұған толық мүмкіндік беріп отыр. Отадан кейін баланың көз қысымы қалпына келіп, көру қабілеті сақталады. Туабітті катарактіге де ота жасалады. Көзге жасанды хрусталь қойылады. Бұл балалар да әрі қарай қалыпты дамып, өмірге бейімделеді. Өкінішке қарай, туабітті көз ауруы бар балалардың біразы кейіннен мүгедектер санатына қосылып жатады, – дейді Сәуле Сейілова.
Дәрігердің сөзінше, қазір шала туған балалардың ретинопатиясы кең тараған. Бұл дерт көбіне 26, 28, 30 апта ішінде дүниеге келген шала туған балаларда жиі кездеседі. Олардың көз торы жетілмей туады. Мұның арты суқараңғылыққа әкеп соғуы мүмкін. Көз ауруының бұл түріне де ота жасауға болады екен. Бірақ, Қостанайдағы перинаталдық орталықта мұндай ота жасауға мүмкіндік беретін лазерлі құрылғы жоқ болып шықты. Сондықтан мүмкіндігі бар ата-аналар балаларына Нұр-Сұлтан қаласына апарып ота жасатады екен. Ал мүмкіндігі жоқ балалардың соқырлар санатын толықтырудан басқа амалы жоқ. Алайда қазір бүкіл республика көлемінде ретинопатияға қарсы күрес күшейтілген. Сәбилердің суқараңғылығы мәселесі мемлекетті де алаңдатып отыр. Өңірлерде ретинопатияға қарсы мемлекеттік жол картасы жүзеге асырылып жатыр. Осы бағдарлама аясында биыл Қостанайдағы перинаталдық орталыққа аса қымбат лазерлі қондырғы орнату көзделіп отыр. Бұл заманауи емдеу қондырғысы орнатылса, шала туған балалардың соқырлығы да едәуір азаймақ.
Қостанай облысы