Дерек бойынша, аймақтағы жылыту қазандықтары мен жеке үйлер 379,5 мың тонна көмір тұтынады. Оның 142,4 мың тоннасы бюджеттік саланың қажетін өтеуге жұмсалса, қалған бөлігі жеке жылу ошақтарының үлесіне тиетін көрінеді. Облыстағы қысқа қажетті отынмен қамту осы бюджеттік сала үшін күн тәртібінде тұр. Бүгінге дейін мемлекет қаржысы есебінен сатып алынған көмір қоры 11,9 мың тоннаға жетіп, барлық сұраныстың 49 пайызын құрапты. Сондай-ақ мекемелерді жылыту үшін 25,7 млн литр дизель отыны сатып алынған екен. Жалпы, келісімшартқа сәйкес жылыту маусымы басталғанға дейін қажетті өніммен қамту 80 пайызға жеткізілмек.
Жалпы, алдағы жылыту маусымына дайындық жұмысы жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатқа бюджеттен 15,9 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде жылумен жабдықтау нысандарын жөндеу үшін 6 млрд теңге, көмір, мазут, дизель отынын сатып алуға 9,4 млрд теңге, жылу жүйелерін жөндеуге және қажетті құрал-жабдық сатып алуға 538 млн теңге бөлінсе, кәсіпорындардың өз қаражаттары есебінен 2,1 млрд теңге тағы қарастырылған.
– Облыста жылыту маусымының жұмысын үздіксіз жүргізу үшін 35 қазандыққа күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстарының 91 пайызы аяқталды. Атап айтқанда, 64,3 шақырым жылу магистралі, 13,4 мың шақырым электр желісі, 3 016 трансформатор стансасы мен басқа да құрылғы мен жабдықтарды қысқа дайындап, қолданысқа берудеміз. Сондай-ақ бюджет саласы бойынша 2002 нысанның қысқы маусымға дайындығы пысықталуда. Оның ішінде 1 072 білім беру мекемесі, 592 денсаулық сақтау мекемесі және 338 басқа да әлеуметтік нысан алғашқы кезекте іске қосылмақшы, – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бағлан Тәнекенов.
Облыста орталық қазандықтарды кеңейту және ағымдағы жөндеу бойынша да жұмыс қызып тұр екен. Мысалға, Балпық би ауылындағы жылу қазандығын жаңғырту үшін «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 256,5 млн теңге бөлінсе, Қарабұлақ кенті, Үштөбе, Сарқан қалаларының жылу жүйесін жөндеуге «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 223,2 млн теңге қарастырылып отыр. Жалпы, орталық қазандықтарды кеңейту және ағымдағы жөндеу жұмыстарына барлығы 479,7 млн теңге бөлінген. Мұнан бөлек, облыстың Ескелді ауданы мен Қапшағай қаласындағы 8,2 шақырым болатын жылу желісін қайта құрылымдау және салу бойынша 4 жоба іске асырылуда, бұған 1,24 млрд теңге жұмсалмақ. Бұл қаржының 1,06 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, ал 176,4 млн теңгесі жергілікті бюджеттен бөлініп отыр.
Аймақта орталық жылу қазандығын газ жүйесіне көшіру әлі де жалғасуда. Бұл бағытта облыста 4 қазандыққа қаржы бөлінген. Яғни Ескелді ауданындағы 1 орталық, Талдықорған қаласында 2 орталық және Қапшағай қаласындағы 1 орталыққа көгілдір отын тарту үшін 3,3 млрд теңге бөлініпті. Сонымен қатар «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 3 жоба жүзеге асырылуда.
Жалпы, жақын уақытта Алматы облысындағы шағын қалалар мен аудан орталықтарындағы жылу қазандықтарын табиғи газға қосу жұмысын толық аяқтау міндеті тұр. Оған мемлекет тарапынан қомақты қаражат та кедергісіз бөлінуде. Алайда көгілдір отынға қосылу жеке тұрғын үй иелері үшін арманға айналып отыр. Біз жеке сектордағы газ тарту жұмысының құны ауыл адамдарының қалтасына салмақ салып отырғанын бұған дейін де жазған болатынбыз. Ол мақаламызға Іле ауданы аумағындағы ауылдардың жағдайын арқау еткен едік. Өкіншке қарай, осы тектес ахуал облыс орталығының іргесіндегі Көксу ауданында да қалыптасып отыр.
– Талдықорған аймағына табиғи газдың келгеніне біз қатты қуандық. Өйткені бұл өңірде бұрын желі болмаған. Газ магистралы біздің Көксу ауданының аумағына бірінші жетті. Ауылдағы алғашқы үйдің газға қосылғанына да біраз уақыт болды. Бірақ бұл игілікті елдің бәрі көре алмай отыр. Себебі, үйге газ кіргізу өте қымбат. Қазір мұның құны 350 мың теңгеден басталғанымен, толық қосылуға 600 мың теңгеден астам қаржы кетеді. Жұртқа 350 мың теңгенің өзі көп ақша. Аудандағы орташа жалақы 60 мың теңгенің шамасында ғана, – дейді Балпық би аулының тұрғыны Марат Амангелді.
Айтпақшы, Балпық би ауылы Талдықорғанға баратын темір жолдың бойында тұр. Яғни тасымалданған көмірді түсіріп, сатумен айналысатын компаниялардың бірнеше қоймасы осы жерде орналасқан. Бірақ қазір ауылда көмір жоқтың қасы. Жалпы, былтыр осы мерзімде қысқы отын үшін қажетті көмірдің негізгі бөлігі келіп, тұрғындардың қажетті мөлшердегі сұранысы өтелген екен. Ал биылғы жағдай алаңдатарлықтай.
– Өткенде бірнеше вагон көмір келген. Қырғын кезек болып, пышақ үстінен бөлісіп әкетті. Көмірдің тоннасы 14 мың теңге болды. Бұған тиеу мен тасымалдауға кететін 10 мың – 15 мың теңгені тағы қосыңыз. Үлкен үйді жылытуға кемі 10 тонна көмір керек. Үкімет тұрғындардың өз қаржысына сатып алатын көмірдің тапшылығын болдырмаса екен, – дейді тағы ауыл тұрғындары.
Алматы облысы