Аймақтар • 17 Қыркүйек, 2020

Түстікте шитті мақта жинау басталды

681 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түркістан облысы бойынша биыл 125,8 мың гектар жерге егілген мақта дақылынан 331 мың тонна шитті мақта жинау жоспарланған. Облыста мақта өсірумен 25 мыңнан астам шаруа айналысады және егістік жерлер мақта өсіруге бейімделіп, шаруалар озық тәжірибе қолдану нәтижесінде мол өнімге қол жеткізуде. Қазіргі таңда Жетісай, Мақтаарал аудандары мен Кентау қаласында мақта терім науқаны басталды. Өнімділігі гектарына 25 центнерден болып отыр.

Түстікте шитті мақта жинау басталды

Мақта терімін алғашқылардың бірі болып бастаған Жетісай ауданы Талапты ауылындағы «Алтын» шаруа қожалығы өз иелігіндегі 15 гектар аумақтың 5 гектарынан арнайы терім машинасымен 11 тоннадай мақта жинады. Қожалық төрағасы Қуанышбек Ауашов мақта жинауды ертерек бастау өнімді жерде қалдырмай, толық жинап алуға септігін тигізетінін айтады.

Былтыр Жетісай ауданы бо­йынша 46 655 мың гектарға мақта егіліп, одан 122 мың тонна өнім алынған болатын. Биыл мақта алқабы 48 943, 8 мың гектар бол­ған, ал одан шамамен 125 мың тон­на өнім жинау болжанып отыр.

«Ынтымақ ауылдық округінің жалпы жер көлемі 6 683,5 гектарды құрайды. Оның ішінде 4 664 гектарына мақта егілген. Биылғы меже – өнімді жерде қалдырмай толық жинап алу. Бұйырса, мол өнім аламыз деп отырмыз. Аудан әкімі Жамантай Бейсенбаевтың тапсырмасына сәйкес округте 20 комбайн мақта терімі науқанына дайын», дейді ауыл әкімі Марат Жұрқабаев.

Ауыл шаруашылығы тауарын өн­дірушілерге, соның ішінде мақта шаруашылығын дамытуға мем­лекет тарапынан қомақты қол­дау көрсетіліп жатқанын айта кете­лік. Мысалы, күзгі дала жұмыс­тарын жүргізуге 39,2 мың тонна жанар-жағармай бөлініп, агро­құрылымдарға бір литрі 161-163 теңге көлемінде босатылу­да. Сонымен қатар ауыл шаруашы­лығы басқармасының мәліметінше, қолда бар 457 мақта теретін ком­байнның 92%-ы науқанға дайын.

Ал мақта жинау науқанына зауыттардың дайындығы қалай? Мырзашөл өңіріндегі ең ірі зауыт­тардың бірі саналатын «Мырзакент мақта зауыты»  елімізді мақта тал­шығымен қамтамасыз етіп, өз өнімін шетелге де экспорттауда. Мақтаарал ауданымен қатар көр­шілес Жетісай, Шардара, Келес, Сарыағаш аудандарының да мақ­тасын қабылдап, өңдейтін зауыт жыл сайын бірнеше мыңдаған шаруа қожалығына егіс нау­қаны кезінде техникадан да жәр­дем беріп келеді. Егетін шитті тұқы­мына дейін дайындайды. Алып кәсіп­орынның өндірістік қуат­ты­лығы жоғары, заманауи жаңа қон­дырғылармен жабдықталған. Қазіргі таңда кәсіпорын жұмыс­шы­лары мен қызметкерлері зауыт­тың Мақтаарал ауданындағы – 14, Жетісай ауданындағы – 12 және Шардара ауданындағы 6 мақ­та қабылдау бекеттерінде өнім қа­былдауға дайын отыр. Зауыт жа­нындағы мақта қабылдау беке­тін­­дегі қырманға мақта үйетін 10 транспортер мен мақта жинайтын 11 қондырғы жөндеуден өткізілген. Ал мақта қабылдайтын аймақ әкте­ліп, сырланып тазартылған. Сон­дай-ақ мақта таситын «МТЗ-80» маркалы 29 трактор мен оған ар­нал­ған тіркемелер жөнделген.

Кәсіпорын басшылығы биыл 50 мың тонна «ақ алтын» қабыл­дауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ көктемде Шардара ауданында жобалық қуаты жылына 50 мың тонна болатын, жалпы құны 5 475 млн теңгені құрайтын «International Company of Cotton» ЖШС мақта өңдеу зауыты іске қосылған болатын. Кәсіпорын бір жыл ішінде мақта талшығына 144 мың тонна мақта өңдей алады. 47 мың тонна мақта талшығы өнімдерін Қытайға, Сингапурға және Өзбекстанға экспорттамақ.

 

Түркістан облысы