Аймақтар • 17 Қыркүйек, 2020

Маңғыстауда МӘМС аясында емханаларға тіркелу басталды

146 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тұрғындар 15 қыркүйектен 15 қараша аралығында тіркеле алады. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшысы Руслан Бектубаев мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Маңғыстауда МӘМС аясында емханаларға тіркелу басталды

Оның айтуынша, тіркелген азаматтар 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық көмекті ала бастайды. Бұл ретте медициналық ұйым қормен келер жылға арналған тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және МӘМС жүйесінде алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек қызметтерін көрсетуге шарт жасасуы тиіс.

Емханаға тіркелу электрондық үкіметтің www.e.gov.kz веб порталы арқылы электрондық цифрлық қолтаңба болған кезде ғана жүргізіледі. Порталға тіркелгеннен соң денсаулық сақтау бөлімінде орналасқан "Медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін ұйымға тіркелу" қызметін таңдау қажет.

"Емхана пациент туралы ақпаратты мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алады. Операция сәтті болған жағдайда азаматқа медициналық ұйымның "Электрондық цифрлық қолтаңба" қойылған электронды құжат түрінде тіркеу туралы хабарлама беріледі. Тіркелу үшін емханалардың тізімімен қордың www.fms.kz сайтында танысуға болады. Тіркелу науқанының қорытындысы бойынша медициналық ұйымдар бөлінісінде халықтың тіркелген санына байланысты 2021 жылға қаржыландыру жоспарланады. Әрбір тіркелген тұрғын үшін медициналық ұйымдарға ай сайын жан басына шаққандағы қаржыландыру төленеді", деді облыстық міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшысы Руслан Бектубаев.

Халықтың жекелеген санаттары тікелей емханаға тіркеле алады. Ол үшін өтініш пен жеке басын куәландыратын құжат қажет. Бұл санатқа зейнеткерлер, мүгедектер, заң бойынша бала кезінен мүгедекке тағайындалған қамқоршылар, патронат тәрбиешілер, колонияларда жазасын өтеп жатқандар, студенттер, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, шет мемлекетте туылған балалар, сенімхат бойынша тіркеуді ресімдейтін адамдар жатады.

Сақтандыру мәртебесіне қарамастан, барлық азаматтар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға құқылы. Жоспарлы емдеуге жатқызу, бейінді мамандардың қабылдауы, қымбат тұратын тексерулерден өту және жоғары технологиялық ем алу үшін МӘМС жүйесінде сақтандырылған болуы қажет. Сақтандыру мәртебесін Электрондық үкімет порталында, қор сайтында және Telegram-дағы SaqtandyryBot арқылы білуге болады.

 

 

Маңғыстау облысы