Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Арман Әбдешов: "Сол маңайдағы жағажай мен жасанды сарқырама жобасы да қолға алынған. Жоспар бойынша ондағы демалушылар үшін қойылатын орындықтар ұлттық нақышта безендіріледі. "Biz birgemiz" монументі де шаһардың мақтанышына айналуы тиіс. Жоба өз құрылымымен елдегі бірлік пен татулықты әспеттейді", дейді ол.
Қуантарлығы, монумент коронавируспен күрескен азаматтарға арнап орнатылып жатыр. Көпфигуралы композицияның қақ ортасында жер шары орналасқан. Түрлі мамандық иелерінің мүсіндері оны қол ұстаса айналдырып тұр. Кешен де, монумент те ұлттық нақышта орындалады.
Жиында облыс әкіміне Өнер үйі, Жастар орталығы, Аса ықшамауданында салынатын аллеялар жобалары да көрсетілді. Жергілікті сәулетшілер жоспарды өзге қалалардағы тәжірибеге сүйене отырып әзірлеген.
Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Абай мен Жамбыл даңғылдары біршама өзгеретінін жеткізді.
"Әр ғимарат бірегей болуы керек. Бірақ өзара үйлесім де ескерілгені жөн. Ең бірінші кезекте сауатсыз жарнама ілінген қалқандар, билбордтарды жою керек. Рұқсат етілмеген жерде нысан салып жатқан кәсіпкерлерді жауапкершілікке тарту керек", деп талап қойды Бердібек Сапарбаев.