Аймақтар • 17 Қыркүйек, 2020

Сыр өңірінде спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілуде

573 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңірде дене шынықтыру және спортпен жүйелі шұғылданушылар қатары 30,2 пайызға көтеріліп, 244 478 адамға жетіп отыр, деп хабарлайды Egemen.kz Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сыр өңірінде спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілуде

Жоғарғы білікті спортшылар және спорт резервін әзірлеу бағытында Олимпиада резервін даярлау орталығы, спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернат-колледжі, облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебі және 21 балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері жұмыс жүргізуде. Бұл мектептерде 20 147 оқушы 45 спорт түрімен тегін жаттығады.

Сонымен қатар Қызылорда қаласы және аудандардағы 8 спорттық клубта 13 613 адам дене шынықтыру және спортпен тұрақты шұғылдануға тартылған.

Халықтың спорттық нысандарға қолжетімділігін арттыру мақсатында, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері желісін ұлғайту және шұғылданушылар санын арттыру барысында біршама жұмыстар жүргізілуде.

Бұл ретте "Жұмыспен қамту жол картасы" бағдарламасы аясында спорт саласы бойынша 22 жоба жүзеге асуда.

Қазіргі таңда Қызылорда қаласындағы байдарка және каноэ есу базасының құрылыс монтаж жұмыстары жүргізілуде. Қала және аудандарда 8 жаттығу және стритбол алаңдарының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

Сондай-ақ облыс көлеміндегі балалар-жасөспірімдер мектептерінің ғимараттары, спорт клубына, спорт алаңдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары, Ж. Бахадүр атындағы олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің футбол, волейбол және баскетбол алаңдарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар№6 облыстық олимпиаладық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің теңгеріміндегі Стадионға және Жаңақорған ауданы Жаңақорған кентіндегі Орталық стадионға қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

2018-2019 жылдары облыста 16 спорт кешені пайдалануға берілсе, биыл мемлекеттік - жекешелік әріптестік аясында жоспарланған 12 жобаның бесеуі іске қосылды. Қалған жетеуін және облыстың әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2019-2022 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес 5 жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асыру көзделініп отыр.

"Нұрсәт" теннис орталығының 4 жабық теннис корты жыл соңына дейін іске қосылады.