Қоғам • 18 Қыркүйек, 2020

Ғасыр соңындағы жастар

787 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Сен неткен бақытты едің келер ұрпақ,

Қараймын елесіңе мен таңырқап,

Жаңғыртып жер сарайын

сен келгенде,

Көрпемді мен жатармын қырда қымтап» деп жырлаған еді қазақтың дауылпаз ақыны Қасым Аманжолов.

Ғасыр соңындағы жастар

 

Қасымның қайтыс болғанына биыл 65 жыл болған екен. 65 жылда көп дүние өзгер­ді. Мәңгілік өмір сүретіндей көрінетін алып империя Кеңес Одағының өзі құлады. Елі­міз тәуелсіздігіне ие болды. Үміті мен күдігі араласқан алмағайып заманда алға қарай басып келеміз.

Егер Қасым ақын бір сәтке қазіргі жас­тарымыздың келбетіне қараса, қандай күйде болар еді деген ой келеді кейде. Әри­не, қуанатын болар. Өйткені қазіргі жас­тар көрікті, еркін. Қасымның заманында бол­маған жаңалық – көптеген жас біз кезінде аттарын ғана еститін шетелдердің керемет оқу орындарын бітіріп, ағылшын тілін, басқа да шет тілдерді меңгеруде. Көбінің тақымында қазіргі заманның сәйгүліктері – жүйткіген жеңіл машиналар.

Ал енді бір жетпіс жылдан кейін келешек жастар келбеті қандай болмақ? Біз таңырқайтындай жағдайда бола алар ма екен? Бұған нақты жауап беру қиын десек те, қазіргі футуристік кітаптарды оқи отырып, болашақты ептеп те болсын болжауға болады.

Егер футурологтар сөзіне сүйенсек, қазіргі жастар мен ХХІ ғасыр соңындағы жастар арасында үлкен айырмашылық болады. Оған себеп мол. Ең бастысы, заман өзгерістері барған сайын жеделдей түсуде. Жер бетінде апта сайын, ай сайын озық технологиялар пайда болып, олардың жаңалығы мен жылдамдығына адамзат зорға ілесуде. Соған сәйкес технологиялардың өзі адамдарды барған сайын жетілуге итермелеуде. Мәселен алғашқы смартфондарды жұрттың көбі байланыс пен ойындар құралы ретінде қабылдаған болатын. Енді оны білім алуға, денсаулықты нығайтуға, көліктерге билеттер сатып алуға, онлайн конференцияларға қатысуға, сауда-саттық, коммуналдық қыз­меттер үшін төлем төлеуге пайдаланып жүр. Бір ғана смартфонның ішінде қаншама байланыс түрі бар. Осының бірін пайдаланып, кез келген қашықтықтан кез келген елмен байланыс жасауға болады. Смартфонда шекара жоқ. Осының бәрі қосыла келе адамдарды білдірмей жетілдіруде. Нәтижесінде, уақыт пен күш-жігер көп үнемделуге айналды. Оның сыртында нанотехнология, биотехнология, гендік инженерия секілді жаңа салалар жетіліп, жасанды интеллект пен адамның қатысуынсыз жұмыс істейтін толық автоматтандырылған өндіріс орындары мен қызметтер пайда болуда.

Міне, осындай үдерістердің ықпалымен тұр­мыс көп жеңілдеп, адам жасының ұзаруы, кәрі­ліктің кейіндеп келуі байқалады. Бұл өзге­рістер ақыр аяғында бізді қайда алып келмек? Болашақ ұрпақтың келбеті қандай болмақ?

Футуролог Юваль Ной Харари өзінің «Homa Deus. Болашақтың қысқаша тарихы» атты кітабында былай деп жазады: «ХХІ ғасыр экономикасының басты өнімі – қару-жарақ, автокөлік немесе киім емес, дене, ми және интеллект болады. Өнеркәсіптік революцияның нәтижесінде жұмысшы табының пайда болғаны секілді, енді келесі үлкен революция жұмыс істемеушілер, яғни пайдасыз адамдар табын өмірге әкеледі. Google мен Facebook бізді өз білгенімізден әлдеқайда жақсы таныған кезде демократия мен еркін рынок құлайды; билік, өкілеттік пен құзыреттілік адамдардан жүйелік алгоритмдерге көшеді. Адамдар машиналарға қарсы тұра алмайды, олар түбі бір бірімен тұтасып, өзара кірігіп кетеді».

Әрине бұл болжамның біз үшін ерсілеу көрі­нетіні рас. Дегенмен, қазірдің өзінде өз­геріс­тердің алғашқы нышандары байқалып отыр. Мәселен, адамның ауруға шалдыққан мүшелерін сылып тастап, оның орнына жасанды мүшелер салу етек алып келеді. Заман алға басқан сайын ол жасанды мүшелердің сапасы арта береді. Сөйтіп тірі адамның өзі бұрынғыға қарағанда көп нығая түспек. Енді гендік инженерия мен биотехнология­лық жетістіктер нәтижесінде генге әсер ету арқылы адамның табиғи сипаты да көп жетіліп, ойлау қабілеті де қазіргіден күшейе түспек. Өйткені осы уақытқа дейін өзін жер бетінің қожайыны сезініп келген адамға қауіпті жаңа бәсекелес пайда болды. Адам енді жасанды интеллектімен жарысқа түсуге мәжбүр. Осы жағдайдың өзі, сарапшылардың пікірінше, адамды көп жетілуге алып келеді.

Демек, енді бір жетпіс жылда жас ұрпақ келбетінің көп өзгеретіндігін болжауға болады.