Пікір • 18 Қыркүйек, 2020

Араға кісі салу

2396 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Осы күні көзі ашық, көкірегі ояу деген адамдардың өзі қайсыбір ісіне есеп беруден қалып бара жатқандай әсер қалдырады. Баласын, немересін бақшаға, мектепке орналастыру үшін тамыр-таныс іздейді, жақыны мен туысы сырқаттанып қалса, ауруханаға жатқызу мақсатымен араға кісі салады. Сыйлыққа, марапатқа, атаққа ұсынылса да өзіне емес, өзге біреуге иек артады.

Араға кісі салу

Тіпті тіс салғызса да, машинасын жөндейтін жерге барса да таныс арқылы істеткенді жаны қалап тұрады. Сол арқылы күнделікті өмірде тұрмыстық деңгейдегі сабақтас қылмыстың етек алуына септесіп, үлес қосып жатқанын аңғара бермейді. Бәрі жөнімен болса, кез келген азамат мұндай көмекті алуға, жұмысқа, қызметке тұруға заңды құқы, мүмкіндігі толық бола тұра, жұрттың көбі жоғарыда айтылған әдетке бүйрегі де, санасы да бұрып тұрады. Өкінішке қарай, бұл жағдай тіршіліктің мың сан саласында қадам басқан сайын қайталанып, түрлене береді.

«Қашқан да Құдай дейді, қуған да Құдай дейді» деген аталы сөз бар. Расын айтсақ, жинаған өнімді, жасаған бұйым-затты базарға, үлкен маркеттерге өткізу де қымбат, бұл сатып алушыға да арзан болып тұрғаны шамалы. Мұнда да «араға кісі салу» жүреді. Сайып келгенде, бар пәле – сол арада жүрген кісілерде, базар тілімен айтсақ, делдалда. Бір қарағанда, заң жүзінде базардың іші, дүкеннің сөресі баршаға бірдей қолжетімді болса да, арада жүрген пысықайлар заңсыз әрекет жасап бағады. Әрине, ақысыз емес. Жалпы, қоғамның шынайы ниеті, қағидаты мұндай қадамға жаппай қарсылық танытып жатпаған соң, оны ауыздықтау да оңай емес. Заңсыз кірісі бардың заңға томпақ шығысы да болары хақ. Шектен асқанды тоспақ ниетте қозғалған істің өзін ауызбастырық беріп, парамен басып тастайды. Мұны ел айтады. Ал Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Саудамен айналысыңдар! Себебі, несібенің оннан тоғызы саудада» деген хадисі сатушының да, сатып алушының да, делдалдың да иманына бағытталып айтылса керек.

Қайсыбір жылдары Қытайға сапарлап барған бауырларымыздың жолын кес-кестеп, «помогайкалар» құрақ ұшатын, сауда-саттық төңірегінде қызмет түрлерін ұсынып әлек болатын. Әрине, тіл білмеген соң ондайлардың көмегіне зәрулік лажсыз көндіреді, ішінде сан соқтыратындары да кездескені жасырын емес. Басында «нарықтың заңы солай шығар» деп түйгенбіз. Кейін келе-келе ондай алаяқтардың басқа түрі бізде де пайда бола бастады. «Қолбалалар» мен «барып кел-шауып келдер» кедендерімізді жағалаған, одан кейін жол полициясы қызметінде қосамжар қызмет атқарып, шенділердің қылмысын өз мойындарына алып, құтқаратын тәсілдерін де қолданатын болды.

Әрине, базардың жөні бір бөлек, өкінішке қарай, кеңселерді, мемлекеттік қызметтер мен қызметкерлерді жағалаған, «ағалаған», паналаған сужұқпастардың пендешілігі әлі күнге дейін тоқтамай келеді. Жанама, лақап аттарынан өзге агентсымақ, қоғамдық көмекші, келісім-шартпен міндет атқарушы деген куәлігі бар «ара ағайын» – араға түсетін арамтамақтар (посредники) тұрмыстық деңгейдегі жемқорлықтың дәнін сеуіп, жауырды жаба тоқитын қабілетімен оны тамырлатып, өршітіп жатқан сияқты. Ал егер қоғам мен мемлекеттік құрылымдар мұндай қызметке шын мұқтаж болса, оны заңдастырып, қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуі шарт. Алайда дәл қазіргі түрінде олар коррупцияны жоюдың орнына, көрігін қыздырып жүргені анық. Ымы-жымы бір, пайдаға дәніккен арада жүргендер өздерін заңнан тыс, еркін сезінеді. Әдетте, олар қо­ғамдық-көпшілік орындарын және мау­сымдық жұмыс түрлерін нысанаға алады.

Ақиқат жайт: елімізде базар нарқы­ның оқтын-оқтын күрт өсіп кететін немесе аума-төкпе кездерін талдау өте нашар жүргізіледі, оның деңгейі сын көтермейді және мұны сабақтас жемқорлық алдын­да­ғы дәрменсіздік таныту деуге болады. Жиын-терін аяғында диқанның ала жаз­дай еңбегін тиын-тебенге бағалап, есе­сіне өзінің үстемесін үнсіз көтеретін, қым­бат­шылық салдарын, яғни жаманын үкіметке аударып, жақсысын жан қалтасына салып жатқандарды, дәл сондай тәсілмен құрылыс материалдарына, қосалқы бөлшектерге қатысты адал саудадан ауытқып, тұтынушы құқығын елеп-ескермейтін, місе тұтпайтын жылпостардың, пысықайлардың сыбайластарын кім тергеп-тексеріпті, айлакер­лердің, кінәлілердің жазасы қандай дәре­жеде сипатталыпты? Осындай ақпаратқа жариялылық керек-ақ.

Мемлекет те, халық та шағын, орта бизнесті қолдайды, керек болса адал кәсіп­керлікті, нағыз кәсіпкерлерді жанын салып, қорғайды. Сонымен бірге сол мемлекеттің, халықтың есебінен баюға құныққан, араға түскіш кісілердің (по­сред­никтердің) жемқорлығын жаза­лауға да қа­білетті екенін ұмытпайық. Сон­дық­тан барлық деңгейдегі, дәрежедегі жем­қор­лыққа қоғамның өзі қарсылық таныт­паса, бұл шырмауық тым өсімтал, мем­ле­кеттің даму мен өркендеу өзегін жегі­­құрт­тай жеп қояды. Оның бір ащы да ақиқат көрінісіне пандемия кезінде дәрі-дәрмек­тің тапшылығынан запа шеккен халқымыз куә. Рас, жұртшылық жекелеген жем­қорлық фактілерінің әшкере болып жатқанынан да құлағдар. Ғаламдық індеттің экономикалық жағдайымызға қатты әсер еткенін білеміз. Экономиканы қалпына келтіру кезеңіндегі күрделі жағ­дайды пайдаланып, байығысы келетіндерге сабақ болсын деп, тағы бір салақиятты тәм­сілден үзінді келтірейік. Ғасырлар тезінен өткен, дәстүрімізбен үйлескен има­ни құндылықтарда: «Кімде-кім азық-түлікті (бағаның өсуін күту мақсатында) қы­рық күн сақтап, одан кейін оның барлы­ғын садақа етіп таратса да, ол әдейі сақта­ған­дағы күнәсіне өтеу болмайды», делінеді. Тарата айтсақ, жұрт қиналып жатқанда ха­лық тұтынатын заттарды сақтап қою не­месе жасыру күнәсі барлық адамды өлтір­генмен тең екен.

Әрине, мұндай тарихи, имани шын­дық­тарды өнім өндіруші де, арадағы араны ашылған делдалдар да, оны халыққа жеткізіп сатушы да ескеруге тиіс. Сабақтас жемқорлықты болдырмаудың басты жолы – әрбір азамат ақылы мен парасатына, білігі мен біліміне сай іс атқаруы болса керек. Дана Абай айтқан қанағат пен рақым (адам қасиеттері) дәл осы жерде қажет. Мұндай ұстаным Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың халыққа Жолдауында белгіленген міндеттерді – жаңа болмыс қалыптастыруға, тұтас ұлт сапасын арт­ты­руға мүмкіндік береді. Ол үшін Президент дәл айтқандай, «жаңғырған қоғам жат әдеттерден біртіндеп арылуы керек».

Түптеп келгенде, ниеттің де, істің де та­за­лығы мен жүйелігі – елдікті дамы­ту­дың ғана емес, адами қасиетті сақ­тап қа­лудың алғышарты. Өмірлік бұл әліп­пені оқуды да, тоқуды да өзімізден, қоғам­ның әр мүшесінен, әсіресе халыққа қызмет ету орындарынан, кез келген кеңселерден, жауапты мекемелерден, оның қызметкерлерінен талап ете білейік.

 

Дархан МЫҢБАЙ,

Парламент Мәжілісінің депутаты, Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі