Талабы жеңіл, зардабы зіл
Қоғамда қарызы көптер көбейді. Қаржы жұмсауға әуелден қырсыз қараша халық пандемия кезінде банктер мен микроқаржы ұйымдарын жағалап кетті. Қиналған жұрт ойланбастан несие алады. Қаржы ұйымдары да клиенттің қолын қақпауға тырысады. Алайда мұның әлеуметтік зардабына зер салғандар некен-саяқ. Биылғы Жолдауда Президенттің осы мәселеге назар аударып, тиісті тапсырмалар бергені де тегін емес.
Елордада Елдос есімді жігіт тұрады. Үйлі-баранды. Несиесін уақтылы өтей алмаған Елдосқа банктердің «қара тізімінен» орын бұйырыпты. Банктердің есігі тарс жабылған соң, микроқаржы ұйымдарын маңайлап көрген.
– Талабы жеңіл. Бірақ бірден үлкен соманы қолыңа ұстатпайды. Алдымен азын аласың. Сөйтіп, сенімге кіресің. Кейін ұйымнан алатын соманы арттыруға болады. Бірінші барғанда-ақ байқағаным, несие берер алдында жұмысқа, келісімшартта телефон нөмірі көрсетілген таныстарға бірден хабарласып жатпайды. Шешімді жедел қабылдап, жауабын бірден айтады. Жарнамаларында айтып жүргендей 15 минутта емес, оған жеткізбей-ақ реттеп береді. Осыны білген соң қулыққа бастым. Міндетті түрде сұрайтын екі танысымның орнына жалған есімдерді жазып, телефон нөмірлерін де өтірік көрсеттім. Сөйтіп, ақшамды алып, қаржы ұйымынан айламды асырдым деп еңсемді тіктеп шықтым. Іле телефон нөмірімді, артынша жұмысымды ауыстырдым.
«Несие бергендер жер сипап қалды-ау», деп жүргенде жеке сот орындаушыларынан түрлі хабарламалар келе бастады. Қайда жұмыс істесем де, үстелімде соттың шешімі жазылған хабарлама жатады. Амал жоқ, төлеуге тура келді. Мұны айтып отырған себебім, «қаржы ұйымдарын бүгін алдап соқсам, ертең таппай қалады» деп, мен секілді келте ойлайтындарға сабақ болса деймін. Талабы жеңіл болғанмен, зардабы зіл екенін ұмытпаса екен, – дейді Елдос.
Елдостардың елордада ғана емес, жалпы елде көп екені анық.
Бангладештен басталған
Микронесиенің тұжырымдамасын АҚШ-та оқыған Бангладеш профессоры Мұхаммед Юнус жасаған екен. Ол 1974 жылы Бангладештегі аштыққа қарсы күрес жүргізген. Профессор сол кезде елеусіз ғана несиенің өзі кедейлердің күнкөрісін күрт жақсартып жіберуі мүмкін екеніне көз жеткізді. Сөйтіп, ол алғашқы кредитін бамбук ағашынан жиһаз жасайтын 10 әйелге берген. Банктердің табысы жоқ кәсіпкерлерге несие үлестіруге құлықсыз екенін аңғарған Мұхаммед Юнус 1983 жылы «Грамин» банкінің негізін қалады. Банк Бангладештегі кедейлерге микронесие берумен айналысқан. Қарызды қайтару амалы ретінде қазіргідей кепілдеме беру жүйесін енгізген. Осылайша несие берудің жаңа моделі АҚШ-тан бастап, дамыған және дамушы мемлекеттерді қызықтыра бастады.
Халықаралық қайта құру және даму банкінің дерегінше, қазір әлемде 7 мыңнан астам микроқаржы ұйымы жұмыс істейді. Олар дамушы мемлекеттердегі шамамен 16 млн адамға қызмет көрсетіп отыр. Негізгі мақсат – кедей отбасыларға көмек көрсету. Сондықтан бұған белгілі саясаткерлер мен қаржы институттары қолдау білдіруде. 2005 жылдан бастап Біріккен ұлттар ұйымы микронесие беруді белсенді түрде қолдай бастады.
Микроқаржы ұйымдары тұрмысы төмен отбасыларды қолдауға арналса да, оның қызметіне қатысты сын айтушылар көп. Мәселен, олар микронесиенің пайыздық мөлшерлемесінің шамадан тыс көп екенін алға тартады. Енді бірі – мұндай ұйымдардан несие алғандардың қарызды қайтару мүмкіндігі төмен екенін айтып дабыл қағады. Олар «Өзі кедей болса, қалай қайтармақ?!» деген сауалды ортаға тастайды.
«Бұл – «улы» бизнес!»
Микроқаржы ұйымдарын қоғамда қолдайтындар да, қолдамайтындар да бар. Сарапшылардың да пікірі қақ жарылып тұр. Мәселен, осыдан біраз уақыт бұрын экономист, «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев микроқаржы ұйымдарына қатысты пікірін білдірді.
– Микроқаржы ұйымдарының жарнамасын жиі кездестіремін. Меніңше, бұл – халықтың кедейленуінің бір белгісі. Мыңдаған адам осындай ұйымдардың салдарынан жағдайларын мүлдем төмендетіп алды. Демек, халық арасында наразылыққа бейім топ өсіп келе жатыр. Себебі несие алуға қабілетсіз болу адамды одан әрі кедейлендіре түседі. Сондықтан мен үшін бұл – «улы» бизнес, – деді экономист.
Осы мәселе бойынша қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетовті де сөзге тартып көрдік.
– Мәселе халықтың микроқаржы ұйымдарының қызметін дұрыс пайдалана алмауында емес, бар гәп – халықтың кедейлене түсуінде. Әлемде, елде дағдарыс жүріп жатыр және одан микроқаржы ұйымдары құтқара алмайды. Адамдардың көбі несиені қайтару үшін емес, амалы жоқтықтан алады. Себебі оларда бұдан басқа кіріс көзі жоқ. Ал бала-шағаны қалайда асырауға міндеттісің. Сол себепті халықтың қарыздық жүктемесі көбейіп барады. Мұндай жағдайда «несие алу керек пе, керек емес пе?» деп ойланып барып шешім қабылдаған дұрыс. Бәлкім, қосымша жұмыс іздеу керек шығар. Бірақ таңнан кешке дейін бір жұмыста отырсаң, екіншісін алып жүру де қиынға түседі, – дейді қаржы сарапшысы.
Экономист Талғат Демесіновтің пікірінше, микроқаржы ұйымдары – әлем елдері кеңінен қолданып, тез дамып келе жатқан нарықтың бірі.
– Микроқаржы ұйымдарына қырын қараудың қажеті жоқ. Бұл – әлем елдері қолданып жүрген әдепкі дүние. Мұндай мекемелер біздің қоғамға да қажет. Себебі олар жалпы қаржы нарығындағы бәсекелестікті арттырады. Олар қазір банктерге жақсы бәсекелес болып отыр. Тек реттеу жағы кемшін түсіп тұр, дейді ол.
Нарық пен халық
Сарапшылардың сөзінен ұққанымыз, Қазақстанда микроқаржы ұйымдарының нарығы дұрыс реттелмеген. Үкіметтің соңғы жылдары бұған баса мән беруі де сондықтан. Талғат Демесіновтің пікірінше, микроқаржы ұйымдарының қызметін реттейтін құжаттар әлі толық қабылданып болған жоқ.
– Микроқаржы ұйымдары нарығында мәселе өте көп. Соның біреуіне ғана тоқталып өтейін. Мұндай мекемелер беретін несиелердің пайыздық мөлшерлемесі жоғары. Қазақстан мөлшерлемеге қатысты шектеуді бертінде енгізді. Әйтпесе, бұған дейін алған несиенің мөлшерлемесі 100 пайыздан асып кететін. Қазіргі талап бойынша несиенің мөлшерлемесі 100 пайыздан аспауы керек. Меніңше, Ұлттық банк тарапынан қойылатын талаптарды әлі де қатаңдату қажет. Яғни микроқаржы ұйымдарының пайыздық мөлшерлемесін әлі де төмендеткен дұрыс. Сонда ол баршаға қолжетімді бола түседі, – дейді Т.Демесінов.
Расул Рысмамбетовтің айтуынша, қазір жасырын несие ұйымдарының үлесі көбейіп келеді. Себебі халық онсыз да несиеге белшеден батқан. Ал қарыздайтын басқа жері жоқ.
– Ұлттық банк микроқаржы ұйымдары нарығын нақты реттеуі керек. Бір жағынан, мұндай ұйымдардың қызметіне мейлінше мүмкіндік берген де дұрыс. Екінші жағынан, заңсыз несие беретіндерді қатаң жазалау қажет. Әдетте, заңсыз жұмыс істейтін несие ұйымдары ақшаны есірткі саудасынан, парадан, жасырын казинолардан, қысқасы «көлеңкелі» ортадан алады. Сондықтан мемлекеттің микроқаржы ұйымдарының қызметіне кірісуі аса қажет. Қазір бұл бағытта тиісті қадамдар жасалуда. Тек соның бәрі заңды түрде жұмыс істеп тұрған нарыққа зиянын тигізбеуі керек, – дейді қаржы сарапшысы.
Оның айтуынша, іргемізде орналасқан Өзбекстан мен Қырғызстанда да микроқаржы нарығына қатысты проблемалар бар.
– Мәселен, Өзбекстанда микроқаржы ұйымдарының нарығын реттеу туралы заңнамада кемшіліктер кездеседі. Мұндағы ұйымдар тек жартылай ғана ресми түрде жұмыс істейді. «Көлеңкелі» нарық та жоқ емес. Ал Қырғызстанда аталмыш нарық жақсы дамыған. Банк нарығына пара-пар десе де болады. Бұл жақта да кемшіліктер жетіп артылады, – дейді Р.Рысмамбетов.
Жалақыдан жаналқымға дейін
«Жалақыға дейін қарыз береміз» деп жарнамасын қатырғанымен, төлей алмасаң жаналқымнан алатын микроқаржы ұйымдарының артында лауазымды шенеуніктер тұруы да мүмкін. Мұндай пікірді экономист Талғат Демесінов алға тартты.
– Ломбардтардың, микроқаржы ұйымдарының, несие серіктестіктерінің қызметін реттейтін бірнеше заң керек. Біреуі қабылданды. Бірақ оның кемшілігі өте көп. Аталған нарықты «ұзын арқан, кең тұсауға» салу бизнесті жүргізіп отырған лауазымды шенеуніктерге тиімді болуы мүмкін. Нарықты реттеудегі кедергілердің астарынан осындай мүдденің құлағы қылтиятындай болып тұрады, – дейді экономист.
Айтпақшы, қабылданған заңға сәйкес, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап микронесие беру қызметін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен арнайы лицензия алған ұйымдар ғана жүргізе алады. Агенттіктің ресми мәліметінше, 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша 3,1 мыңнан астам микронесиелеу компаниясы тіркеуден өткен. Атап айтқанда, 650 ломбард, 227 микроқаржы ұйымы және 202 несие серіктестігі тіркелген. Қаржылық реттеуші тарапынан енгізілген талаптың бірі осы.
Талаптың тағы біреуі жарғылық және меншікті капиталға қатысты. 2023 жылға дейін микронесиелеу компанияларының жарғылық және меншікті капиталын кезең-кезеңімен ұлғайту көзделген. Осылайша қызметін жүргізу үшін 2023 жылға қарай компаниялардың ең төменгі капиталы мынадай болуға тиіс: ломбардтар үшін – 70 млн теңге, несие серіктестіктері үшін – 50 млн теңге және микроқаржы ұйымдары үшін – 100 млн теңге. Аталған талаптар орындалған жағдайда ғана нарықта жұмыс істеуге рұқсат етілмек.
Сарапшылар айтқандай, микроқаржы ұйымдарының көбеюі ел экономикасына дағдарыстың дендеп келе жатқанын көрсетеді. Ендеше микро деп мән бермеуге болмайды. Бұған қаржылық реттеушінің де, қарыз алушының да көңіл бөлетін уақыты әлдеқашан жетті. Соны өткізіп алмаған ләзім.